Биылғы 9 айда 294 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бюджет есебінен 66 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 59 үйді халық игілігіне беру жоспарланып отыр. Ал жеке инвестициялар есебінен 46 үйдің құрылысы басталған. Одан бөлек, жаңадан салынатын 800 пәтерлі 20 тұрғын үй халық игілігіне шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге берілетін болады. Кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 187 пәтерді сатып алуға 1,8 млрд теңге қарастырылып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректер келтірген Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков 3 679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ 535 жас түлек – «Жастар практикасымен», 102 жас – алғашқы жұмыс орнымен, 175 азамат «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылған. Ал 1 242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар 150 тұрғынның бастапқы бизнес-жоспарларына қайтарымсыз грант қаражаты берілген. Түркістан қаласына биыл 348,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланса, 9 айдың қорытындысымен 245,8 млрд теңгеге жеткен. «Қалада 2023 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 222,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артып отыр. Сондай-ақ биыл өнеркәсіп саласында 9 айда 18,8 млрд теңгенiң өнімі өндіріліп, өсім 4,3%-ды құрады. Ал өнеркәсіптің басым саласы өңдеу өнеркәсібінде 12 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 5,5 млрд теңгеге жетті», деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Облыс орталығының өзіндік кіріс көлемі 2023 жылға 19,4 млрд теңге болып нақтыланып, былтырғы көрсеткіштен 28,5 пайызға артқан. Сондай-ақ қала әкімі облыс орталығына келетін туристердің қатары артқанын айтты. Мысалы, 9 айда Түркістан қаласына 678,5 мың зияратшылар мен туристер келген. Яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға артқан. 6,7 мың шетелдік турист келіп, көрсеткіш 24,1%-ға өскен. Облыс орталығында қонақүйлер саны бүгінде 57-ге жетті. Зиярат демекші, көктемде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «қабырғалары құзданып, тұзы шығып, бұзылып жатыр» деген ақпарат қызу талқыға түскен болатын. Ол бойынша, яғни кесененің жағдайы биліктің, тиісті мекемелердің назарында екенін «Egemen Qazaqstan» газетінде «Кесене іргесінің беріктігі маңызды» атты мақаламызда жазған да болатынбыз. Бұл орайда қала әкімі бүгінде кесене аумағында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты. «Кесененің негізгі жағында реконструкция жүріп жатыр. Ол бойынша комиссия құрылған. Қазір ылғалдану әр маусымда қай деңгейде болатыны зерттелуде. Мәселен, кесененің жағдайы жаз, күз, қысқы маусымда және көктемде қалай болады? Содан кейін барып қорытынды шығады. Сол кезде ғана нақты жауап айтылады», деді қала әкімі.
Өзекті мәселелер де жоқ емес, олардың басым бөлігі қала әкімінің халықпен кездесулерінде көтеріліп, біртіндеп шешімін тауып келеді. Мысалы, облыс орталығы Түркістан қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесіне 13 601 абонент қана қосылған. Бұл – жалпы қаланың 32,2 пайызы. Сарқынды су тазалау ғимаратында биотазалау жүйесі толық жұмыс атқару үшін тәулігіне кемінде 10 мың текше кәріз суы келуі керек. Қала аумағы орамішілік абоненттік желімен қамтамасыз етілмегендіктен, бұл әзірше мүмкін болмай отыр. Себебі жүргізілген сарқынды су желілерінің басым бөлігі – магистралды құбырлар. Осы орайда қала әкімі Түркістанды сарқынды су жүйесімен және абоненттік қосылымдармен қамтамасыз ету мақсатында 14 жобаны жүзеге асыру қажеттігін айтты. Қазіргі таңда 7 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Үш нысан биыл пайдалануға берілмек. Төртеуінің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін сарқынды су желісімен қамтамасыз ету көрсеткішін 36,3 пайызға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 3 нысан республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылыпты. Қала әкімінің айтуынша, аталған жобалар толықтай іске қосылған жағдайда 2025 жылға қарай қала аумағын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 95 пайызға жетеді. Сондай-ақ жыл басынан бері қала әкімі 6 секторда тұрғындармен 96 рет кездесіп, өтініштерін тыңдаған. Ол кездесулерде 925 мәселе көтеріліп, оның 873-і орындалды. Өзге мәселелер қаржы талап етуіне байланысты қаланың даму жоспарына енгізіліп, бақылауға алынған.
ТҮРКІСТАН