Баға • 02 Қараша, 2023

Қызылорда облысы: Әлеуметтік газ сыртқа сатылмайды

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен газ тапшы­лығына байланысты мәжіліс өтті. Аймақ басшысы төмен бағамен берілетін газды кәсіпкерлерге қымбаттатып сатқан операторларды қатаң сынға алды.

Қызылорда облысы: Әлеуметтік газ сыртқа сатылмайды

– Үкімет халық үшін арзан бағамен газ береді. Ал сіздер соны сыртқа сатып, пайда табасыздар. Арзандатылған газды халықтың аузынан жырып, қымбатқа сатуға жол бермейміз, – деді аймақ басшысы.

Қазір облыс орталығы мен аудандарда комиссия құрылып, әлеуметтік газдың тұрғындарға ашық және әділ таратылуын қадағалап отыр. Мұнан бөлек, облыстың Түркістан, Ақтөбе, Жезқазғанмен шекарасына арнайы бекеттер қойылып, әлеуметтік газды тасымалдау қатаң бақылауға алынды. Бұл топ газды тиеп-жөнелтуден бастап, тұтынушыға сатуға дейін бақылау жасайды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 5 шіл­дедегі №16 бұйрығымен Қызылорда облы­сы­ның аумағындағы автогаз құю станса­ларында сұйытылған мұнай газын бөл­шек саудада өткізудің шекті бағалары бекітіл­ген.

Бүгінгі күні облыста сұйытылған мұнай газы қоры – 221 тонна. Қазанның жиырма жетісінде қосымша тағы 224 тонна бөлінді. Осы қараша айына 7 458 тонна сұйық газ қарастырылған. Оның 4 740 тоннасы «Қазгермұнай» компаниясынан бөлініп, бірінші онкүндікте 1 840 тоннасы жоспарға сәйкес жеткізіледі.

Мәжіліс қорытындысында барлық опе­ра­торға газды сатуға қатысты шек­теу­лерді алып тастау қатаң тапсырылды.