Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші анасына немесе әкесіне бала үш жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты демалыс беруге міндетті. Демалыс кезінде жалақы сақталмайды, бірақ декреттік демалысқа шыққан ата-анаға бірнеше жеңілдік беріледі, соның ішінде:
- бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы;
- республикалық бюджеттен 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы (жұмыс істемейтіндерге);
- мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем.
Бірінші, екінші және үшінші балаға республикалық бюджеттен төленетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 38 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе ағымдағы жылы 131 100 теңгені, төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК (217 350 теңге) құрайды.
Республикалық бюджеттен бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақының мөлшері бірінші балаға – 5,76 АЕК (19 872 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (23 495 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (27 083 теңге) құрайды. Төртінші және одан да көп балаға 8,90 АЕК (30 705 теңге) төленеді.
Екі немесе одан да көп бала туған кезде көрсетілген төлемдер әр балаға тағайындалады.
Баланың күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы олар үшін әлеуметтік аударымдар алынған жағдайда анасына немесе әкесіне тағайындалады. Ай сайынғы төлем бала туғанға дейін соңғы 24 ай ішінде әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Бұл жәрдемақы бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл ретте, әлеуметтiк төлемнiң ең төменгi мөлшерi бюджеттен төленетiн ұқсас ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақының мөлшерiнен кем болмауы, ал ең жоғары мөлшерi ең төменгi жалақының жетi еселенген мөлшерiнiң 40 процентiнен аспауы керек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың тоғыз айында жарты миллионға жуық адам 198,6 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды. Алушылардың басым бөлігі (99,7 пайызы) әйелдер болса, 0,3 пайызы немесе 1551 адам ер адамдар. Сонымен қатар, 457 ер адам биыл алғаш рет бұл төлемді алды.
«Ағымдағы жылдың тоғыз айында әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері 19 872 теңгені (оның ішінде ерлер үшін - 22 080 теңге), ең жоғарысы - 196 000 теңгені құрады. Дегенмен, әлеуметтік төлемнің мөлшері бала туылғанға дейінгі соңғы 24 айдағы табысқа байланысты екенін ескереміз», - делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.