Мәдениет • 03 Қараша, 2023

«Қыз сынынан» жолықтырдым». Димаштың ата-анасы отасқалы - 30 жыл

8666 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Димаш Құдайбергеннің ата-анасы - жұлдызды жұп Қанат пен Света Айтбаевтар «Жақсы адамдарым» бағдарламасына қатысып, жастық шақтарының естеліктерін айтып берді, деп хабарлайды  Egemen.kz.

«Қыз сынынан» жолықтырдым». Димаштың ата-анасы отасқалы - 30 жыл

Биыл өнерлі отбасының шаңырақ көтергеніне 30 жыл болады. Жұлдызды жұптың отбасы құрған күнін Қанат Айтбаевтың жан досы, сазгер Орал Байсеңгіров көпшіліктің есіне салды.

«Қанат пен Светаның алғаш танысқан сәтіне куәмін. Тоқсаныншы жылдардың басында студент арулар арасында «Қыз сыны» байқауын жүргіздім. Қыздарды рет-ретімен сахнаға шығуға дайындап жатсам, көрермен арасынан Қанатқа көзім түсті. Мойыны үзіліп кететіндей Светаға қарап отыр екен», деп әзілдеді.

Досының сөзін растап, танысу хикаясын Қанат мырза өзі айтып берді.

«Институтта оқып жүргенде белсенді студент болдым. Бір күні педагогикалық колледжде «Қыз сыны» байқауына әділқазы болуға шақырды. Үлкен оқытушы-педагогтермен сол жерде қазылық еттім. Иненің көзінен өтетін аруларымыз өнерлерін көрсетті. Сол байқауда қазылар алқасының шешімімен Светаға екінші орын бердік», деді Димаштың әкесі.

Арада екі аптадай уақыт өтеді. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ. Елдің көретіні – теледидар.

«Облыстық арнаны қосып қойып, төрт жігіт жалдамалы пәтерімізде тамақ ішіп отырсақ, теледидардан: «Бас жүлде иегері – Светлана Төлемісова» деп хабарлап жатыр. Сол жерде: «Осы қызға үйленемін» деп өзіме серт бердім. Студент күнімде жергілікті телеарнада жұмыс істейтінмін. Светаны бағдарламаға шақырып жүріп, танысып алдым», деді Қанат Айтбаев.