«Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық.
Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау.
Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет», деді ел Президенті.