Медицина • 04 Қараша, 2023

Белгілі ақын қайтыс боларының алдында медицинадағы олқылықтар туралы жазған

31899 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін ғана көз жұмған белгілі ақын, дін жанашыры, "Шапағат-Нұр" журналының бас редакторы, "Тел Арна" баспасының директоры Нұртай Ерназар екі күн бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында еліміздегі медицина проблемаларын қозғап, жазба қалдырған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Белгілі ақын қайтыс боларының алдында медицинадағы олқылықтар туралы жазған

Ол аяғыа жасалған отадан кейін қатты әлсіреп кеткенін, арада бір апта өтпей қос өкпесі ауырсына бастағанын жеткізген.

"Дүркін-дүркін көтерілген қызу мен жөтел шаршатып-ақ тастады. Тағы сол емханаға телефон шалып, терапевттің қабылдауын сұрадым. Олар бұл аптаға орын жоқ деді. "Қалқам, жағдай осындай болып тұр". "Мен көмектесе алмаймын". Амал жоқ бөлім меңгерушісіне бардым, ол бір дәрігерге жібереді. Ол тыңдап көріп, "Сізде пневмония жоқ" деп, бірер дәрі жазып берді. Олардан көмек болмады, тыныс алу қиындап барады", деген автор.

Содан соң дерті шыдатпай бара жатқан соң, жедел жәрдем шақырған, олар екінші қалалық ауруханаға апарып тастаған.

"Жердің түбі екен. Кезегім келгенде рентгенге түсіріп, олар да "Сізде пневмония жоқ, сондықтан сізді жатқыза алмаймыз. Төртінші ауруханаға барып көріңіз, өз ауданыңыз, солар емдеуге міндетті" деді. Сүйретіліп сонда келдім, олар "Бізде өкпе емдейтін бөлім жоқ, Қалқаманға барыңыз" деді. Ауырып әлің кетіп тұрғанда жүру қандай ауыр, үйге жеттім де құладым. Әйел жұмыста, балалар жан-жаққа хабарласып, кеңес сұрай бастады", деп жазған Нұртай Ерназар.

Оған таныстарының бірі шұғыл түрде КТ түсіруге кеңес береді.

"Жаппарқұлда жан бар ма, оған да бардық. Ондағы жігіт "Аға, оң жақ өкпенің бір бөлігі ғана сау, қалғанын түгел алып қойған, шұғыл ем алмасаңыз кеш болады" деді. Тағы жедел жәрдем шақырдық. Олар Қалқамандағы пульмонология орталығына жеткізді. Жол мұндай ұзақ болар ма, кешкі кептеліс жедел жәрдемді де тұтқындап тастайды екен. Ауруханаға жете алмай талай адам көз жұмған шығар-ау деп те ойлап қоям. Бақсақ, бұл да бір шешуін таппай келе жатқан проблема екен ғой. Ауруханаға жеткенде жүруден қалдым, ары қарай арбамен алып кетті. Мұрынға кислород шлангасын тығып жіберіп, тамырдан тамшылатып суара бастады. Қойшы, не керек, содан он бес күн дегенде қызу басылды, қыбырлап жүре бастадым", дейді автор.

Оның ойынша, егер әу баста анда-мында әуре қылмай бірден осында жіберсе, анағұрлым жеңіл болғандай екен.

"КТ түскенге дейінгі аппараттар жаман ба, әлде дәрігерлер рентгенді дұрыс оқи алмай ма, сізде ештеңе жоқ деп сендірді ғой, бірақ нәтиже керісінше болып шықты", - деп таңданады ақын.

Ол коронавирус кезінде мықты спортшы жігіттердің бір-екі күнде дерттен қайтыс болып кеткенін есіне алады.

"Осы жолы өз басымнан өткізіп барып көзім жеткендей болды. Өкпе дұрыс жұмыс істемеген соң ағзаға оттегі жетпей қозғалуға шама келмей қалады екен.

Нақты емдейтін жерге жеткенше кедергі неге көп? Бірақ өткенде министр ханым осы жүйе дұрыс дегендей қылды ғой. Айтайын дегенім өз жағдайым емес, осы жағдайды бастан кешіп жатқан көптің бірімін ғой, мына жүйенің осылай жалғаса бергені дұрыс па, әлде жаңа ұтымды тәсілдер қажет пе? Озық елдерден тиімді бір жүйені ұрлап алсақ та мына жағдайды өзгерту керек шығар? Ақылды халық артта қалған жүйемен жұмыс істей ме?", деп күйінген көз жұмарының алдында Нұртай Ерназар.

Дегенмен ол аурухана дәрігерлеріне алғысын айтып үлгерген. Оларға табыс тілеген.

"Бүгін үйіме кеп рахаттанып қалдым, қара домбырамды да сағыныппын. Бірақ бір айға дейін үйден шығуға, қонақ қабылдауға тыйым салынды. Бұл күн де өтер. Ауырмаңыздар", деп аяқталады ақынның соңғы жазбаларының бірі.