Қоғам • 04 Қараша, 2023

Спорт үйірмесіне кеткен балам мүгедек болып қайтты - астаналық ана

724 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сап-сау жүрген балам бір күнде сал болып қалды. "Астана" телеарнасына хабарласқан жалғызбасты ана осылай деген. Спорт үйірмесіне кеткен 14 жастағы жеткіншек үйіне ауыр жарақатпен қайтқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Спорт үйірмесіне кеткен балам мүгедек болып қайтты - астаналық ана

Жаттығу кезінде бір жасөспірімнің аяғы екіншісінің басына тиіп, баланың оң жақ беті істемей қалған. 

Айжан Сейітбекова – екінші топтағы мүгедек. Жалғызбасты ана. Ағжан - оның жалғыз ұлы. Жасөспірім спортты жақсы көреді. Бұған дейін қалалық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлде иеленген. Айжан жаттығудан қалмай баратын баласының бір күнде мүгедекке айналғанын айтып қынжылады.

"Бас сүйегін компьютерден көрсетті. Оң жақ беті майдаланып кеткен. Сол сүйегін алып тастап, полный пластика қоямыз дейді. Көзді тіреп тұру үшін. Басқалай мүмкін емес. Балаға солай ғана көмектесе аламыз, - дейді. Ал, спорт ше десем, одан шеттеу болады, 1-2 жыл қатыспайды. Ал пластик өмір бақиға қалады", дейді Ағжаның анасы Айжан Сейітбекова.

«Палуан» ережесіз жекпе-жек кешенінде 100-ден аса бала спорт үйірмесіне қатысады. Балалар сенбі күні жаттығуға жиналған. Жаттықтырушы оларды жұп-жұпқа бөліп, әдіс-тәсілдерді көрсетеді. Ол кезде Ағжан мен жанындағы досының басында «шлем» болмаған. Тренер ережелердің сақталмағанын көріп екеуіне ескерту жасап, «тебуге болмайды» деп шарт қояды.

"Бірақ олар менің сөзімді тыңдамады.

Бұл кезде мен басқа балалармен жұмыс істеп жатқанмын. Жаттығу кезінде болсын, жарыста болсын, бізде жарақат болады. Спорт болғаннан кейін онсыз болмайды. Бірақ мен әр жарақатқа, дененің көгеруіне жедел жәрдем шақырмаймын ғой. Тек бір жері сынса, шығып кетсе жүгінемін. Сосын үйіне демалуға жібердім. Мен сабақ басталар алдында балаларға ескерттім. Олар тыңдамады", дейді жаттықтырушы Самат Рахметов.

Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Жасөспірімнің оң жақ бетіне зақым келген. Жақында операция жасалады. Оқиғадан кейін жеткіншектің анасы полицияға арызданған.

"Жаттығу кезінде жаттығушылардың бірі қарсыласының көз аймағынан тепкені анықталды. Аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындысы бойынша ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешім қабылданады", деді Астана қалалық ПД баспасөз қызметінен.