Білім • 06 Қараша, 2023

Мектеп қауіпсіздігі қандай деңгейде?

295 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, жыл басынан бері елімізде террористік акт туралы 230 жалған хабарлама тіркелген. Қоңырау шалу арқылы немесе электронды поштамен жіберілген бұл хабарламаларда 630-дан астам нысанға бомба қойылғаны туралы айтылған. Оның ішінде 400-ден астамы – білім беру мекемесі.

Мектеп қауіпсіздігі қандай деңгейде?

Құқық қорғау органдары әрбір хабарламадан кейін әдеттегідей жедел шаралар қабылдап, көрсетілген нысанды тексерген кезде ақпарат расталмай, берілген хабар­ламаның бәрі жалған болып шықты. Деген­м­ен бұдан арқаны кеңге салуға бол­майды. «Құмыра мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» демекші, әлемнің көп­теген елінде мектептерде болып жат­қан террористік актілер бізден де бұл бағыттағы қауіпсіздікті барынша күшей­тіп, кез келген келеңсіздіктің алдын алуға сақадай сай болуымызды талап етеді.

Еліміздегі орта білім беретін мектептер тер­рористік шабуылдардан қаншалықты қор­ғалған? Балаларымыздың қауіпсіздігі қан­дай деңгейде? Бұл – бүгінде Оқу-ағар­ту министрлігі мен Ішкі істер министр­лігінің алдында тұрған ең өзекті сұрақ­тар­дың бірі. Осыған орай, Үкіметтің тап­сырмасымен, Ішкі істер министрлігі білім беру ұйымдарының терроризмнен қор­ғалу талаптарына сәйкестігін тексеру үстінде.

ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті 1-басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, еліміздегі террористік тұрғыдан осал нысандар 4 топқа жіктеледі. Оның 3-і білім беру мекемелеріне тікелей қатысты. «Бірінші топтағы нысандар (300-ге дейін оқушысы мен персоналы бар) құлақтандыру жүйесімен және бейнебақылау жүйесімен жарақтандырылады. Екінші топтағылар (300-ден 700-ге дейінгі оқушысы мен персоналы бар) бейнежазбаны ІІМ Жедел басқару орталығына бере отырып, құлақтандыру жүйесімен, бейнебақылау жүйесімен, дабыл беру құралдарымен (дабыл пернесі) жарақтандырылады. Ал 3-топтағы нысандар (700-ден аса оқушысы мен персоналы бар) бейнежазбаны ІІМ Жедел басқару орталығына бере отырып, құлақтандыру жүйесімен, бейнебақылау жүйесімен, дабыл беру құралдарымен (дабыл пернесі), кіруді бақылау және басқару жүйелерімен (турникеттер) қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, үшінші топтағы нысандар күзет мекемелерімен қызмет көрсету бойынша шарт жасасады», дейді ІІМ өкілі.

Дегенмен Үкіметтің тапсырмасы бойын­ша Оқу-ағарту министрлігіне бар­лық мектепті оқушы санына қарамастан тер­рористік тұрғыдан осал нысандар сана­тына жатқызу туралы ұсыныстар енгізілген. Біз мұны шын мәніндегі құптарлық ұсыныс деп есептейміз. Өйткені білім беру мекемелеріне кірген-шыққан адамның бәрі бақылауға алынып, қойны-қонышын тексеретін арнайы құралдар болмаса, ол жерге бөтен адамдардың қандай оймен келетінін кім біліпті?! 2021 жылы Татарстан астанасы Қазан қаласындағы және биыл мамыр айында Сербия астанасы Белград қаласындағы мектепте болған атыс пен көп оқушының қаза табуы бәрімізге де сабақ болса керек.

Ішкі істер органдары биыл еліміздегі 6 280 мектепті тексеріп, 2 797 мекемеде терроризмнен қорғау талаптарының бұзылғандығын анықтаған. Осы тексеруден кейін 27 басшы жауапқа тартылып, қалғандарына кемшіліктерді жою бо­йынша ескертулер жасалған. Осы бағытта жүргізілген жұмыстардың арқасында қазіргі таңда орта мектептерді қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарқын алып келеді. Сонымен қатар мамыр айында мүдделі мемлекеттік органдармен (ІІМ, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, күзет ұйымдары) бірлесіп, еліміздегі барлық мектепте төтенше жағдайлар туындаған кезде іс-қимыл жасау және «Білім беру нысандарында терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық» шеңберінде жалған терроризмнің алдын алу бойынша жаттығулар өткізілді.

«Ішкі істер министрлігі өз тарапы­нан білім беру ұйымдарында балалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бо­йынша шаралар қабылдап жатыр. Мәсе­лен, мектептердегі бейнебақылау жүйе­лерін министрліктің Жедел бас­қару орталықтарына қосу бойынша­ техникалық көмек көрсету біздің мін­детіміз. Сонымен бірге күзет ұйым­да­рымен келісімшарт жасауды тездету үшін Оқу-ағарту министрлігіне қойыл­ған талаптарға сәйкес келетін күзет мекемелерінің тізімін бердік. Өрт, жер сілкінісі, техногендік апаттар, террористік шабуылдар кезінде қалай әрекет ету бойынша үнемі жаттығу іс-шараларын өткізіп келеміз», дейді А.Талқанбаев.

Жалпы, еліміздің мектептерінде террористік акт секілді төтенше жағдайдар болуы мүмкін бе? Құдай бетін әрі қылсын, дегенмен әлемде болып жатқан оқиғаларға қарасаң, пиғылы бұзық адамдардан бәрін күтуге болады. Ондай жандар мектеп оқушыларының ішінен де шығуы ғажап емес. Сөзіміздің басында айтқандай, елімізде түрлі мекемелерге, соның ішінде мектептерге «жарылғыш зат қойылғаны» туралы жалған хабарлама беріп, кейін қолға түсіп жатқандардың ішінде оқушылардың да болуы көңілге күдік ұялатады. Бүгін «бомба бар» деп ойнап жүрсе, ертең соны іс жүзінде жасамасына кім кепіл?!

Ішкі істер министрлігінің мәлі­ме­тінше, кейінгі 3 жылдың ішінде кәмелет жасына толмаған 15 жасөспірім жалған хабарлама жасағаны үшін ұсталған. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе қаласында 9-сынып оқушысы интернет арқылы қаладағы бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама тарат­қан. Кейін құқық қорғау органдары ойнап жүріп от басатынын ойламаған баланы тез арада құрықтап, 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесті және ата-анасынан мемлекетке келтірілген шығынды өндіріп алды. Дәл осындай оқиға былтыр Атырау, Алматы және Павлодар облыстарында да тіркелген еді.

Биыл тамыз айында Алматы қала­сын­­дағы бір мектептің электронды поштасына «Форум» сауда ойын-сауық орта­лы­ғына жарылғыш зат қойылғаны туралы хат келіп түскен. Арнайы қызметтер тез арада оқиға орнына жетіп, ғимараттан 3,5 мың адамды сыртқа шығарады. Дегенмен кейін ақпарат расталған жоқ. Осы оқиғаның салдарынан мемлекетке 160 мың, ал сауда ойын-сауық орталығына 100 млн теңге залал келді. Ал бұл хабарламаны жіберген 2007 жылы туған жасөспірім болып шықты. Мұндай оқиғалар мектеп оқушыларының арасында «терроризммен» ойнау әдеті қалыптасқанын көрсетсе керек. Бұл еліміздің ертеңіне тұтқа болар балаларымыз білім алып жатқан мектептеріміздің қорғалуын барынша күшейтіп, сақтықтың бар амалын жасауды талап етеді.