Сондай-ақ Қазақстан және Өзбекстанмен бизнесті, қарым-қатынасты дамыту да – басым бағыттың бірі. Дегенмен Макрон сапарының мәнін түсіну үшін былтырғы шілдеге оралған жөн.
Нигердегі әскери төңкеріс Францияның ядролық өнеркәсібіне қажет уранды жеткізуге қауіп төндіруі мүмкін деген алаңдаушылық болған. Шын мәнінде, текке үрейленбеген екен. Былтыр Нигер Францияға уран жеткізу жөнінен екінші орынды иеленді. Басты экспортер – Қазақстан.
Президент Макрон сәрсенбі күні әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел – Қазақстанға ат басын бұрды. Бейсенбіде көршісі секілді негізгі өндіруші саналатын Өзбекстанға барады.
Сәрсенбіде баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияны «негізгі және сенімді серіктес» ретінде жоғары бағалады. Бұған жауап ретінде Макрон Тоқаевқа Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын орындағаны үшін алғыс айтты.
Украинаға басып кіргеннен соң Ресейдің Еуропалық одаққа мұнай экспорты күрт қысқарғандықтан, Қазақстан Еуропаға «қара алтын» жеткізу жөнінен Норвегия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орынды иеленді.
Бірақ Орталық Азия ураны Францияның ерекше қызығушылығын туғызады. Аталған ел электр қуатының 60 пайыздан астамын атом энергиясынан өндіреді. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Қазақстан өз инженерлерін даярлау және отандық атом энергетикасын дамыту аясында француздық ноу-хауды пайдалануды көздейді.
«Қазақтарды біздің атом энергетикасы саласындағы тәжірибеміз қатты қызықтырады», деді француз делегациясы мүшелерінің бірі. Оның айтуынша, Францияның мемлекеттік «EDF» компаниясы Қазақстанның тұңғыш атом электр стансасын салуға қатысуға ниет білдіріп отыр. Ал Париж үкіметі француз университеттерінің Қазақстанда филиалдарын ашуды қалайды.
Ел егемендігіне басымдық береді
Франция президенті кеңес одағының құрамында болған Қазақстан мен Өзбекстанға ресми сапармен барды. Эмманюэль Макрон экономикалық мәні бар үкіметаралық шарттар мен келісімдерді талқылады.
Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның егемендігі туралы сөз қозғамақ. Оның мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінде Батыстың ұстанымы пікірталас туғызып жатқанда аталған екі мемлекетпен әріптестікті нығайту, Ресей мен Қытайдың ықпалын шектеу.
Осыған және Украинадағы соғысқа байланысты G7 елдері Қазақстанға ерекше назар аударып отыр.
Макрон Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеёвпен негізгі саяси мәселелерді, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды талқыламақ. Соның ішінде олардың экономикалық және мәдени аспектілерін тереңдету қарастырылған.
Қазақстанға сапардың мақсаты – 2008 жылы қол қойылған «стратегиялық серіктестікті» жүзеге асыру. Оған «Қашаған» алып теңіз мұнай кенішінің 16,81 пайыз үлесін иеленетін «Total» және уран кеніштерінен 37 пайыз өнім шығаратын Орано компанияларының қызметі кіреді.