Қоғам • 06 Қараша, 2023

Батыс Қазақстан: Үш ауданда сайлау өтті

128 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

5 қараша күні Батыс Қазақстан облысының үш ауданында пилоттық режімдегі аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Жаңа әкім сайланған Бөкей ордасы, Қаратөбе және Тасқала аудандарында барлығы 28 884 сайлаушы тіркелген.

Батыс Қазақстан: Үш ауданда сайлау өтті

ашық дереккөз

- Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған әкімдердің сайлау үдерісі. Ауа райы керемет болды. Сайлау өткен үш ауданда барлығы 63 сайлау участогы бар. Сол участоктің бәрінде халық таңдауы уақтылы басталып, ойдағыдай өтті. Әрине, барлық сайлау учаскелері алдын ала қажетті дайындықтан өтті. Сондықтан сайлаушылардың дауыс беруіне барлық мүмкіндік жасалды деп толық сеніммен айта аламыз. Осы жолы додаға әр ауданнан үш адам қатысты. Соның ішінде Аmanat партиясы мен Қазақстан халық партиясынан ұсынылған кандидаттар бар. Қалғаны өзін өзі ұсынған үміткерлер. Олар осы күнге дейін сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихатын жүргізіп, бағдарламаларын таныстырып, көп жұмыс атқарды, -  деді Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.

Айта кетейік, саяси науқанға құрамында 378 мүшесі бар 1 облыстық аумақтық, 3 аудандық аумақтық, 63 учаскелік сайлау комиссиясы қызмет етті.

Бөкей ордасы ауданында 9 141 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскелерінің барлығы керекті құрал-жабдық, интернет желісі қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі 366 сайлаушыға арнайы жасақталған кабиналарда дауыс беру үшін жағдай жасалды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы берген мәліметке қарағанда, Бөкей ордасындағы сайлаушылардың ең үлкені 97 жаста болса, 107 сайлаушы алғаш рет дауыс беру жасына жеткен.

Тасқала ауданында да сайлау қалыпты жағдайда өтті. Аудандағы 22 сайлау учаскесінің бесеуі аудан орталығы Тасқала кентінде орналасқан. Мұнда 11 мыңға жуық сайлаушы өз таңдауын жасауы тиіс болған. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы таратқан мәліметке қарағанда, мұндағы сайлау барысын Аmanat  партиясынан – 22, республикалық «Дауыс» қоғамдық бірлестігінен – 22, «Намыс» қоғамдық ұйымынан – 20, «Ақжол» партиясынан 8 өкіл бақылады.

Қаратөбе аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Жүсіпқалиевтің мәліметінше, ауданда 5565 сайлаушы дауыс берген. Бұл өңірде тіркелген барлық сайлаушының 63,3 пайызы. 

Қаратөбе ауданындағы барлық учаскеде сайлау барысын «Жария» қоғамдық бірлестігі өкілдері толық бақылаған болатын. Қаратөбе ауылындағы №277 сайлау учаскесінде болған Клара Байбулова өзі бақылаған учаскеде заң бұзушылық болмағанын айтады.

Бұл сайлауға қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан да қызығушылық зор болды. Ғайса Қапақовтың айтуынша, сайлау барысын қадағалау үшін үш аудандағы сайлау учаскелерінде 310 байқаушы тіркелген көрінеді.

- Түрлі саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардың атынан келіп, таңнан кешке дейін бүгінгі сайлауды бақылаған азаматтар аз болған жоқ. Бұл байқаушылар – біздің көмекшілеріміз. Сайлаудың ашық, заңға сәйкес өтуіне үлес қосқаны үшін біз олардың бәріне ризашылық білдіреміз, - деді Ғайса Хамидоллаұлы.

Комиссия төрағасының айтуынша, аудан әкімдерін тікелей таңдау өткен бұл саяси үрдіс елімізді үлкен демократиялық өзгерістерге бастайтын алғашқы қадам. «Біздің 12 ауданымыз бар. Бірте-бірте олардың бәрінде де халықтың өзі таңдаған басшылар келеді. Болашақта болатын үлкен сайлауларға тамаша тәжірибе болды. Әсіресе бұл саяси науқанға ауыл азаматтарының ерекше көзқарасы, белсенділігі бізді қуантып отыр. Бүгін тұңғыш халықтық сайлауға түсіп, мәреге алдымен жеткен жеңімпаздарымыз өмірге басқаша стиль, өзгеріс алып келсе екен, халықтың тікелей таңдауымен келген қызметінде жемісті еңбек етіп, ауданның көрсеткішін жақсы жаққа өзгертсе екен деп тілейміз. Дәл осылай болса, бүгінгі сайлаудың басты жеңісі сол болмақ», дейді Ғайса Қапақов.

 

Батыс Қазақстан облысы