Өнер • 06 Қараша, 2023

Керекуді ән кернеді

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ербол Айтбаевтың шығар­машылығына арналған «Жайқоңыр» атты концерт-фестиваль дәстүрлі ән өнерінің серкелерін Керекуге жинады.

Керекуді ән кернеді

Ақкөл-Жайылма әншілік мектебінің өкілі, Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосыновтың шәкірті, әншілікке өз өрнегімен, әйгілі ақын-композитор Естайдың әнімен тербеліп келген, қайталанбас қолтаңбасы бар кең тынысты әнші, республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың бас жүлдегері Ербол Айтбаев биыл ердің жасына жетіп отыр. Ерекең Алматы консерваториясын тәмамдап келген соң, жергілікті музыка колледжінде жас таланттарды шыңдады. Біраз жыл Астана мемлекеттік филармониясында жеке орындаушы болып қызмет етіп, 2002 жылы сол кездегі С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Ерлан Арынның арнайы шақыртуымен Павлодарға қайта оралды. Оқу орны әншіге университет профессоры деген мәртебелі атақ беріп,  «Алқаракөк» атты аудио дискі шығарды.  Шәкірттері бүгінде өнерде өз орындарын тауып, ұстазының жолын лайықты жалғастырып келеді.

Концертте дәстүрлі ән-жыр мен күй өнерінің дүлдүлдері Рамазан Стамғазиев, Ерлан Рысқали, Толғанбай Сембаев, Қайрат Кәкімов, Күнсұлу Түрікпен, Қайрат Айтбаев, Дәуренбек Әркенов, Дәуренбек Сләмғали, Салтанат Қисатова, Жайдар Шунан және «Шернияз» би тобы өнер көрсетті. Арқада Ербол Айтбаевтай «Иманжүсіп» пен «Жиырма бес» әндерін нақышына келтіре айтатын әншілер сирек. Көрермен қошеметімен бұл сүйікті әндерді мерейтой иесі құлақ құрышын қандыра шырқады. Кеште көпшілік сұрауымен Рамазан Стамғазиев, Ерлан Рысқали сахнаға қайта-қайта шақырылып, олар «Дариға дәурен»,  «Мол­дабайдың әні» туындыларын орындап берді.

 

ПАВЛОДАР