Айтуар Кенжебайұлы – тоғыз баланың кенжесі. Ауылдағы қара домалақ ұлдың үлкен бір арманы – Отан тыныштығын күзету, жасақ қатарына өтіп, үздік жауынгер атану. Осы ой бала Айтуардың жігерін жаниды. Ол кезде қазіргідей ауылда дене жаттықтыратын жағдай жоқ еді. Бірақ ойға да, қырға да, тауға да жүгіреді. Үйінің ауласындағы турникке түрлі тәсілмен тартылады. Басқа да жаттығу түрлерін меңгереді.
Біраз шыныққан соң алға қойған мақсатын жүзеге асыруды діттеп, қаланы бетке алады.
«Бүркіт» арнайы жасағына өтпек болғанымен, екі рет сыннан сүрінеді. Сүрінгенімен сына қоймады. Керісінше, жігерін жанып жасақ қатарына ілігеді. Жасақтағы лақап аты – «Қазбат».
Енді оны «күрең берет» жолындағы күрес күтеді. 2014 жылы Айтуар ел бойынша «Осы күрең беретті аламын» деп алдына мақсат қойған 180 сарбаздың бірі еді. Бұл жолда оны 75 шақырымдық «ауыр өткел» күтіп тұрды. Онымен қоса, 25 килолық қару-жарағы, су-тамағы салынған дорбасы бар. Әлгі шақырымды жүгіріп өту керек.
Алғашқы кезеңде 100 метрлік қашықтыққа белгілі бір уақыт аралығында жедел жетеді. Одан соң беліндегі қанжарды немесе сапер күрегін лақтырып нысанаға қадап және арнайы радиобайланыс құрылғысын (приемная рация) жинап іске қосады. Жедел танкідегі сарбазға байланысқа шығады. Сынақтың осы бір кезеңінде 180 сарбаз 100-150-ге азаяды.
Жоқ, біздің ойлағанымыздай, тек қару-жарақ асынып, 75 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өту емес екен. Осы аралықтағы 5, 20 шақырымдық бөгеттер мен тапсырмалар үлкен күшті қажет етеді. Бұл сынақтан соң сарбаздар қамысты, батпақты өзенді кешіп өтуі керек. Қара күздің кезіндегі су да тастай салқын емес пе? Осы кезде аяқтары тартылған көп сарбаздың сабыры сарқылады.
Батпақты өзеннен өткен соң «Алдыңғы шептен шабуылға тойтарыс беру» сынағы беріледі. Бұдан соң 10 шақырым жүгіріп өтіп, бекініс шұңқырын қазасыз.
– Шұңқырды тұрып емес, бір қырымызбен жатып және өз бойымызға шақтап қазамыз. Себебі тұрған сарбаз оққа ұшуы мүмкін. Келіп жеткен сарбаздар арасы 5 метрден бір сызыққа жата қаламыз да, күрекпен жер қаза бастаймыз. Шұңқырдың ұзындығы бойымызбен бірдей, ені 60 сантиметр, тереңдігі 30 сантиметр болуы шарт. Сенің қандай жерге жатарың беймәлім. Тастаққа немесе сазды аймаққа түсіп қалуың бек мүмкін. Мұндайда саған жаны ашып, басыңнан сипар ешкім жоқ. Тасқа кезіксең, тесу – міндет. Тексеру комиссиясының талабы бойынша, шұңқыр қырлы, әрі топырақ түспестей түзу қазылуы керек. Сонда ғана бұл сын өткерілді деп саналады, – дейді «күрең берет» иесі.
Осыдан кейін сарбаздар тағы 10 шақырым жүгіріп өтіп, «Жасырын түрде қозғалу» тапсырмасын алады. Етбетінен жатып, шынтақпен еңбектеу арқылы 50 метрді өту керек. Үзіліссіз. Дәл осы сәтте қалған 50-60 сарбаздың біршамасы әлсірейді.
– Сарбаздар өздеріне «Кетанов», «Кеторол» сынды дәрілер салып жатады. Өйткені мақсат – біреу. Ол – «күрең берет». Жолда уақыт үнемдеп межелі жерге алдымен жеткен сарбаздар жүрек жалғамаққа қоржынындағы шай қасықты қолға алғанда салмағын сезінеді. Өйткені сапар алыс, күш сарқылып келеді. Айдаладағы меңіреу даланың әр дыбысына, тіпті нан шайнағандағы жағыңның дауысына ызаң келетіндей болады. Керек ыдыстарды, су құйғыш (фляжка) қасық пен күрешкені арнайы маталарға орап сылдырламастай етіп саламыз қоржынға. Себебі командирлер орта жолда титтей дыбыс жүйкеге тиерін әу бастан үйретеді. Қатты шаршағаннан сарбаздардың көзіне түрлі елес (галлюцинация) елестейді. Тән қанша төзсе де, ми шаршап, абдырап қалады. Мұндайда тек бір мезетті ойлау керек. Ол – ел алдындағы борыш, отбасыңның сенімі, алға қойған мақсатыңнан танбау. Бұл – үміттің жетегі, – дейді Айтуар Асқар.
Ендігі тапсырма – «Жаралы жауынгерді қауіпсіз аймаққа сүйреу». Одан әрі «Газ түтікшесімен жүгіру» 400 метр жүгіру. Әлсіреп әрең келе жатқан сарбаз газ түтікшесін кигенде, тынысы тіпті тарылады. Осы тұста сарбаздар біріне-бірі қарайласады.
«Осы кезде қатарымыз 20 сарбазға кеміді. Келесі тапсырмаға дейін 1-2 минут уақытымыз бар. Шөлдегеніміз сонша, суды бөтелкесімен бірге жұтудың аз-ақ алдындамыз. Бірақ суды шөлдедім деп сіміре беруге де болмайды. Суалған дене бір демнен суды көп қабылдаса, аяқ-қол тартылып қалады», дейді Айтуар Кенжебайұлы.
Бұдан кейін – «Картамен бағдарлау немесе әскери топография». Мұнда қолындағы компосымен діттеген жерін дұрыс бағдарлап, жедел жету қажет. «Оқ дәрі тасымалдау», «кедергілер жолағы», «өз қаруын тексеру» және соңғысы – «жекпе-жек».
Соңғы сын – аса ауыр кезең. Тың отырған үш «күрең берет» иегерімен жекпе-жекке шығу қажет. Күш әбден сарқылғанда қайдағы қоян-қолтық ұрыс? Бірақ соңғы сынақ Айтуардың намысын оятады. Алғашқы жекпе-жекте ауыр соққы бір көзін ашқызбай тастайды.
«Көзімнің біреуі ашылмайды. Бір көзім бұлдырап барады. Дереу есімді жиып, қарсы ұмтылып, қолымды мен де сермедім. Сол уақытта «уақыт» деген пәрменнен селт етіп, келесі алаңға өттім. Онда да келесі «күрең берет» иегері күтіп алып, соққылады. Бет-ауызымнан аққан қан көзімді жауып қала береді. Қан мен тер қоса аққан сәтте отбасым, маған сенген елім мен туған жерім есіме түсті. Бұл соңғы серпіліс, шешуші сын еді. Мен «күрең берет» иеленген 15 сарбаздың қатарындамын. Менің міндетім – еліміздің тыныштығын сақтау, бейбіт күндердің себепкері болу», деп түйді сөзін «Қазбат».
Қарағанды облысы