Саясат • 07 Қараша, 2023

Аумақтық қорғаныс мәселелері талқыланды

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысқан жиында аумақтық қорғаныс және әскери инфрақұрылым жүйесіндегі жергілікті атқарушы органдар қызметінің өзекті мәселелері талқыланды.

Аумақтық қорғаныс мәселелері талқыланды

Көшпелі отырыс жұмысына Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары, Қорғаныс министрлігінің басшылары мен коман­далық құрамы, Қауіпсіздік Кеңесі, Қаржы, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Әділет, Төтенше жағдай­лар министрліктерінің, Ұлттық ұланның және облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Мәжіліс комитетінің хатшысы Айдос Сарым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында аумақтық қорға­нысты нығайту шараларын қабылдау міндетін айқындағанын атап өтті.

Қорғаныс министрі аумақтық қорғаныс әскерлерінің мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқталды. Әлемнің көптеген елінің аумақтық қорға­нысына қарулы күштерді жұмыл­дыру, стратегиялық объектілер мен әскери және азаматтық инфрақұрылым элементтерін қорғау міндеттері жүк­телген. Руслан Жақсылықов атап өткендей, Қорғаныс министрлігі жұмылдыру кезінде, әскери жағдайда немесе соғыс уақытында аумақтық қорғаныс қызметін заң жүзінде бекіту мәселесін пысықтады.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов депутаттарды облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық қорғанысының ағымдағы жай-күйін, шешілуге тиіс мәселелер мен оларды шешу жолдарын егжей-тегжейлі хабардар етті. Бас штаб бастығы аумақтық қорғаныс әскерлері мен бригадаларының негізгі міндеттерін айтып берді. Олар бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталып, ал төтенше немесе әскери жағдай режімдерін енгізу кезінде жергілікті халық арасынан әскери міндеттілерді шақыру жолымен жинақталады.

Отырыс барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкенов пен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің баяндамалары тыңдалды.

Бұл ретте аумақтық әскерлердің кейбір облыстардағы жабдықталу деңгейінің жеткілік­сіздігі, қаржыландыру проблемалары, осы салада мемлекеттік бақылаудың болмауы және басқалары назарға алынды.

Бюджеттік қаржыландыру, аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіру және инфрақұ­рылым құрылысы сынды өзекті мәселелер жинақталып, көшпелі отырыс барысында айтылған сындарлы ұсыныстар бейінді комитеттің заң шығару жұмысында ескері­летіні атап өтілді.