Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірдегі сайлаушылар тізіміне енген 28 897 азаматтың 17 033-і дауыс беруге қатысқан. Үш аудандағы кандидаттардың жалпы саны – 9. Яғни әр ауданда әкім лауазымына үш үміткер арасында саяси тартыс болды.
Сонымен, Бөкейордасы ауданы бойынша әуелгі үміткер Мейрамбек Ғилманов сайлаушылардың 782 дауысын жинады. Екінші кандидат Нұрлыбек Даумовқа 4 660 сайлаушы дауыс берген. Ал Нарынбек Кереш алған дауыс саны – 426. Сондай-ақ ауданда 178 сайлаушы «Барлығына қарсымын» деп дауыс берген.
Қаратөбе ауданында өткен сайлауда Қанат Мұқанов сайлаушылардың 557 дауысын алды. Ермек Сайынов үшін 448 адам дауыс берді. Қадыржан Сүйеуғалиевке басым көпшілік, яғни 4 329 тұрғын дауыс берген. «Барлығына қарсы» белгісі бар бюллетеньдер саны – 115.
Ал Тасқала ауданында Мэлс Нәріков – 1032, Бекжан Тоқжанов – 381, ал Талғат Шакиров 3 138 дауыс жинады. Бұл ауданда 317 адам үш үміткерге де қарсы дауыс берген.
Осылайша, сайлаудың қорытынды нәтижесімен Бөкейордасына – Нұрлыбек Даумов, Қаратөбеге – Қадыржан Сүйеуғалиев, Тасқала ауданына Талғат Шакиров әкім болып сайланды.
Жаңа әкімдердің алғашқы екеуі бұрыннан осы лауазымда болса, Талғат Шакиров бұған дейін Тасқала ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Батыс Қазақстан облысы