Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиеваның айтуынша, әлем елдерінде қызылшаның таралу қаупі артып келеді. Өйткені бұған COVID-19 пандемиясынан кейін қызылшаға қарсы вакциналау, осы инфекцияға эпидемиялық бақылау жасаудың төмендегені себеп болып отыр.
«Бұл өңірде қызылша ауруы соңғы рет 2019 жылы тіркелген еді. Төрт жылдан кейін биылғы наурыз айында аталған аурудың 4 жағдайы тіркелді. Алғашқы жағдай бізге шетелден келген жасөспірімнен анықталды. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирусты сол жақтан жұқтырып келген», деп хабарлады А.Сәрсенғалиева.
Оның дерегіне сүйенсек, биыл 1-15 қазан аралығында жіті респираторлық вирустық инфекцияларды (ЖРВИ) жұқтырудың 9 119 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларда 5 967 (65,4%), ересектерде 3 152, оның ішінде жүкті әйелдер арасында 44 (0,7%) дерек бар.
«Қызылша инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз әрі тиімді шарасы – вакцина салдыру. Балаларды вакциналау қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина егу арқылы жүзеге асырылады. Бұл вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған. Вакцинаны Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 12-15 айлық кезде, әрі қарай ревакциналау 6 жаста жүргізіледі», деді А.Сәрсенғалиева.
Атырау облыстық №2 аурухананың директоры Надя Ерғалиеваның мәліметінше, қызылшаны жұқтыру көрсеткіші артқан. Тез жұғатын аурудың өршуіне вакцинадан бас тартушылардың көптігі себеп болған.
«Биыл тамыз айында қызылшаны 45 адам жұқтырды. Қыркүйектегі көрсеткіш – 201 дерек. Қызылша диагнозымен былтыр – 2 адам, биыл 9 айда 444 жұқтырушы тіркелді. Қызылша ауруын жұқтырғандар ауруханаға өздері келіп жүр. Бұл – өрескел қателік. Жұқпалы ауруды жұқтырған адамдар өз үйінде оқшаулануға немесе ауруханаға жедел жәрдем бригадасының көлігімен жеткізілуге тиіс», деп мәлімдеді Н.Ерғалиева.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, қызылша ауруына қарсы күрес төмен деңгейде қалып отыр. Сол себептен сала қызметкерлерінің ұйымдастырушылық жұмысын «шикі» деуге болады.
«Аудандардағы көрсеткіштер көңіл қуантпайды. Тұрғындарды ақпараттандыру деңгейі төмен. Бұқара бұл дерттің қауіпті екенін әлі сезінбейді. Сол себептен қызылша ауруына қарсы күресті жандандыру үшін арнайы комиссия құрып, жағдайды толық бақылауға алуымыз керек», деді Ж.Бисембиев.
Жұқпалы дерттің көбеюіне кадр тапшылығының әсері болуы мүмкін. Өйткені «КазМедПроект» ЖШС-ның маманы Ерік Шонбаевтың айтуынша, бұл денсаулық сақтау саласында көп жылдан шешімін таппаған өзекті мәселенің біріне айналып отыр.
«Медицина саласындағы басты мәселенің бірі – кадр жетіспеушілігі. Осыған байланысты кадрмен қамтуды жетілдіруді ұсынамын. Екінші өзекті мәселе, жол-көлік апатынан тіркелетін өлім-жітімнің көбеюіне байланысты болып отыр. Осындай оқиғалардан болатын өлімнің 70 пайызы жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін тіркеледі. Сол себептен жеделділікті арттыруымыз керек», деген ойымен бөлісті Е.Шонбаев.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың дерегіне сүйенсек, өлім көрсеткіші төмендеген. Табиғи өсім артқан.
«Мәселен, былтыр облыста өлім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 3,9 пайыз болса, биыл 3,5 пайызға төмендеді. Нәресте өлімі 9 пайыздан 7,4 пайызға азайды. Аймақта тұрақты табиғи өсім бар. Жүкті әйелдерге амбулаториялық қызмет деңгейі мен скрингті тексеру көрсеткіші Құрманғазы, Исатай аудандық ауруханаларында төмен», деп хабарлады А.Әбілова.
Оның дерегіне қарағанда, былтыр медициналық көмектің көрсетілмеуіне байланысты 123 шағым түскен. Ал биыл 9 айда осындай шағым айтушылар саны көбейіп, 153-ті құраған. Бірақ жедел жәрдем бригадасы кешігуіне байланысты арызданушылар қатары азайған. Мәселен, бұл қызметті көрсетушілердің жайбасарлығына ренішін білдірушілерден 64 шағым тіркелген. Биыл колл-орталықта осындай 8 қоңырау соғылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтың айтуынша, тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасының 65 мың дозасы сатып алынған. Өңірдегі жедел жәрдем қызметінің 50 бригадасы қызмет көрсетеді. Атырау қаласында – 26, ал аудандарға 24 бригада бөлінген.
«Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысына орай мобильді топтар қайта жандандырылып, сүзгі кабинеттерінің жұмысы күшейтілді. Балаларға, жүкті әйелдерге үйден қарау, микроаймақтар бойынша үй аралау, үйдегі стационарларды ұйымдастыру, көмек көрсетудің барлық кезеңінде науқастардың жағдайын бағалау көмегі ұйымдастырылып отыр. Балаларға сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында педиатриялық мультидисциплинарлы мамандар тобы құрылды», дейді Қ.Абдалиев.
Атырау облысы