Қоғам • 07 Қараша, 2023

Түркі ақпарат агенттіктерінің альянсы құрылды

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркі ақпарат агенттіктерінің альянсы (Alliance of Turkic News Agencies-ATNA) құрылды. Оның құрамына QAZCONTENT АҚ (Қазақстан), Anadolu Ajansı (Түркия), AZERTAC (Әзербайжан), KABAR (Қырғызстан), UZA (Өзбекстан) Халықаралық ақпарат агенттіктері кірді. Ыстанбұлдағы тиісті декларацияға осы медиа компаниялардың басшылары қол қойды.

Түркі ақпарат агенттіктерінің альянсы құрылды

Фото: Ашық дереккөз

Бұған дейін Астанада Түркі мемлекеттерінің 10-саммиті барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихы мен мәдениеті ортақ, тілі мен ділі ортақ түркі елдерінің бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор екенін атап өткен болатын. ATNA құру туралы декларацияға 6 қарашада Anadolu Ajansı ұйымдастырған «БАҚ-тағы Бірлік және болашаққа деген көзқарас» атты түркі мемлекеттерінің ақпараттық агенттіктерінің медиа-саммиті аясында қол қойылып отыр.

«Айта кету керек, түркі елдері арасында БАҚ саласындағы байланыс жыл сайын нығайып келеді. Телеарналар арасында ынтымақтастық орнап, өзара контент алмасу басталды. Атап айтқанда, бірлескен тележобалар мен сериалдардың жарық көруі осының айғағы. Ақпарат агенттіктер арасында байланыс тапшылығы жоқ. Дегенмен қазір жаңа медиа дәуірі. Демек, біз интернет-журналистика саласындағы ынтымақтастықты әрқашан жаңа деңгейге көтеруіміз керек», деді «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Бекзат Жүсіп.

Сондай-ақ ол түркі елдері арасындағы қарым-қатынасты нығайту және жалған ақпаратқа қарсы күрес жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді.

Бүгінгі күні «Qazcontent» АҚ түркі мемлекеттері арасындағы ақпараттық байланыстарды нығайту және олардың мәдени-тарихи мұраларын насихаттау бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Түркі мемлекеттерінің ақпарат агенттіктерінің Медиа-саммиті осы байланыстарды нығайтуға ықпал ете отырып, түркі елдерінің БАҚ арасында диалог пен тәжірибе алмасу үшін айрықша алаң ұсынды.

«Біздің мақсатымыз - түркі ақпарат агенттіктерінің ортақ тілі, жұмысы мен көзқарасын біріктіретін жетекші қауымдастық құру», деді  «Anadolu Ajansı» басқарма төрағасы Сердар Қарағез.