Осыған байланысты ұйымдастырылған салтанатты рәсімде аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жағымды жаңалықтардың жаршысы болып жүрген басылым ұжымын құттықтады. «Бұл тек газет ұжымының ғана емес, күллі оқырман қуанышы деп білемін. Сіздер қандай мақтау, марапатқа болсын лайықтысыздар. Өйткені қаламның күшімен, тілдің өткірлігімен талай істің бітуіне, біраз мәселенің шешілуіне тікелей себепкер болдыңыздар», деді ол. Жиын барысында ел ағалары «Шамшырақ» көшесінің бойына ағаш егіп, абаттандырылуына өз үлестерін қосты.
Иә, ел жоғары бағалап отырған бүгінгі жетістіктің бастауы осы басылымда еңбек еткен аға буыннан басталады. Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы Мархабат Байғұт сатирик ақын Алпысбай Боранбайұлы, ақын Әбдібек Аралбайұлының тырнақалды туындылары осы газетте жарыққа шығып, оқырмандарға ұсынылған болатын. Тарихы терең, алғаш «Социалистік егінші» атауымен жарыққа шыққан үнжарияда тілші болып Қуантай Аршабаев, Амангелді Ізтілеуов, Қазбек Кейкиев, Сайдулла Саттарханов, Біләл Құлбек, Мұрат Пірәлиев, Әбдісаттар Әлібаев, Кендебай Айтқұлов, Арысбай Айтаманов, Орынтай Көмеков сынды бүгінде есімі елге мәлім азаматтар жұмыс істеді. Бүгінде шығармашылық ұйым ұлттық және халықаралық дәрежедегі оқу орындарының түлектерімен, яғни ізденімпаз жастармен толыққан. Аға буынды алыстатпай, жастарға мүмкіндік беріп, заман талабына сай оқырмандарына қызмет көрсетіп келе жатқан редакцияның беделіне басылым басшысы Марат Қалтаевтың сіңірген еңбегі көп екенін де айта кетелік. Салтанатты рәсімге қатысушылар алдағы уақытта редакция ұжымы тың бастамаларымен, жаңашылдығымен оқырмандар қатарын арттыра түсетініне сенім білдіріп, Шамшырақ көшесі атауына сай үлгілі де бағыт-бағдар болатын даңғылға айнала берсін деген тілектерін жеткізді.
Түркістан облысы