Суреттерді түсірген – Балнұр ҚАНАЕВА
Әрине, Жайық өзенін жағалай жатқан бұл өлкенің тарихы тым тереңде. Алтын киімді әйгілі Тақсай ханшайымы осы жерден табылған. Кіші жүздің әкелі-балалы билеушісі Айшуақ пен Жантөре хандардың зираты да осы топырақта жатыр. Атақты Марабай жырау мен Әбубәкір Кердерінің де туған жері – Теректі. ХХ ғасырдың басында қарашекпенділер қаптап, құйқалы жерге жаппай қоныстанса, «тың игеру» деген түреннің астында да біраз тарих жыртылып кетті. Бірақ Тәуелсіздік таңы атқалы атажұрттың арғы-бергісі түгенделіп, ел де, жер де жаңаша түлеп келе жатқаны рас.
– Торқалы 90 жылдықта ауыз толтырып айтатын жетістігіміз жетерлік. Тоғыз жолдың торабында орналасқан біздің аудан қай кәсіппен де шұғылдануға қолайлы мекен. Аумағындағы 15 округте 40 мыңға тарта тұрғын, 29 ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Аудан бойынша 24 елді мекен ауыз сумен, 96 пайыз ауыл газбен қамтылған. Биылдың өзінде 25 шақырым жол жөнделіп жатыр, 4 мектеп салынып, 3 жаңа медициналық нысан бой көтерді. 23 отбасы жаңа пәтер иесі атанса, 38 тұрғын үйдің қабырғасы қаланды. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі кезде мал саны айтарлықтай өсу үстінде. Бұл – өңірдегі өзгерістердің бір парасы ғана. Жыл сайын ауданымызда жаңа жобалар мен игі істер жүзеге асса, елдің тыныштығы мен тұрақтылығының арқасы, – деді Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова.
Бұл күні туған жердің тойына алыс-жақыннан мәртебелі меймандар да ағылып келіпті. Соның бірі – осы өңірдің тумасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Отан» орденінің иегері, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева. Сахна төрінен:
«Көлдерің тұнық, мөп-мөлдір,
Жағасы жасыл, желек-ті.
Төгіліп тұрған көктен нұр,
Сұлусың қандай, Теректі!» деп тебірене жыр оқыған ақынның өңіріне Теректі ауданының 90 жылдығына орай арнайы дайындалған төсбелгі тағылды.
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Дариға Мұштанова мен композитор, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Еркін Нұрымбетовтің шығармашылық одағынан туған «Теректі вальсі» ашық аспан астында орындалып, жиналған жұртты тәнті етті.
Осы күні ұзақ жылдар бойғы жемісті қызметі үшін «Қазпошта» Теректі аудандық филиалының касса меңгерушісі Валентина Анищенко, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қанат Жақыбаев, Ақжайық ауылдық округі әкімі Болат Александрұлы, Приречный ауылдық округі әкімі Мейрамбек Жақсыбекұлы, Теректі РЭК бас инженері Дамир Мырзабаев, «Теректі-Таза су» ЖШС инспекторы Ақмарал Еркінқызы, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ерлан Сағыналин сынды үздіктер облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Алғысхатымен марапатталды.
Көпшілік іс-шара Теректі ауданындағы халықтық «Дат» театры әртістері қойған тарихи көріністермен, «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің әсем қойылымдарымен, жергілікті өнерпаздардың тамаша өнер шашуымен әрленіп, көпшілік көңілінен шықты. Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы қызметкерлері де бар өнерін салды. Сахна төрінде, сайын дала төсінде Кәмшат Қадырғалиева, Гүлназ Құсайынова, Сағидолла Изделеев шарықтата ән шырқаса, аудандық саз мектебі жанынан құрылған «Ақжелең» фольклорлық ансамблі домбыра күмбірімен тойдың сәнін келтірді.
Көпшіліктің делебесін қоздырған дала қызықтары – бәйге мен күрес аудан кәсіпкерлерінің, шаруа қожалығы басшыларының қолдауымен өтті. Құнан бәйге мен топ бәйгеге – мотоцикл, аламанға – автокөлік тігілді. Алғашқы жүлделерді Шыңғырлау ауданынан келген Талғат Бисембаевтың «Назкүреңі» мен «Атамекен» ЖШС атынан қатысқан Бексұлтан Ибатовтың «Ақтаңгері» иемденсе, автокөлік Атырау облысынан келген Хамит Алтынбектің «Қарақұс» атты тұлпарына бұйырды. Ал боз кілемде белдескен палуандардың бас бәйгесі – 500 мың теңгені бөрлілік Темірлан Көлбай жеңіп алды.
Биылғы күздің соңғы жаймашуақ күндерінің бірінде өткен Теректі тойы ел ішіндегі еңбек адамының еңсесін көтеріп, халыққа тамаша көңіл күй сыйлады.
Батыс Қазақстан облысы