Денсаулық • 07 Қараша, 2023

Жүрекке сызат түспесін

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тіршілікте адам баласы тұқым қуалау, күйзеліс, т.б. ауруға шалдығуы мүмкін. Ал сырқатты алдын ала анықтаудың тиімді бір жолы бар. Бұл – скринингтік тексеруден өту.

Жүрекке сызат түспесін

Атырау облысында жыл басынан бері 50 мыңнан аса адам скринигтік тексеруден өтіп үлгерген. Облыстық кардиология орталығының дәрігері, кардиолог Айдана Ізмұханованың айтуынша, скринингтік тексеруге 30-70 жас аралығындағы тұрғындар жүгінген. Тексеруден өткендердің арасында 2 300-ге жуық адам жүрек ауруымен тіркелген.

«Кейінгі жылдары әлемнің көптеген елінің денсаулық саласында жүрек-қан тамыры аурулары басты мәселенің біріне айналды. Бұл ауру ересек адамдарды мүгедектікке шалдықтырады. Дер кезінде емделмесе, өлімге әкеліп соқтырады. Өлім-жітімнің 50 пайызға жуығы жүрек-қан тамыры ауруларынан болатыны анықталды. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сүйенсек, жүрек-қан тамырлары ауруларының өршуі тамақтану рационының өзгеруімен тікелей байланысты болып отыр», деп түсіндірді А.Ізмұханова.

Оның айтуына қарағанда, жүрек-қан тамырлары ауруы өздігінен туындамайды. Бұл дертке шалдықтыратын бірнеше фактор бар.

«Біріншіден, қоршаған ортадағы жағымсыз факторлардың 80 пайыздан астамы адам ағзасына тұтынған тамағы арқылы кері әсер етеді. Екіншіден, артық салмақ пен семіздік те жүрек-қан тамырлары, қант диабеті және басқа да күрделі санаттағы аурулардың қауіпті факторына айналған. Сол себептен тұрғындар жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықпауы үшін тамақтану мәдениетін сақтағаны жөн. Үшінші фактор – темекі тарту. Шылымқорлық адам өмірінің ұзақтығын 7-10 жылға дейін қысқаруына әсер етеді. Темекі тартпайтын адамдарға қарағанда, шылымқорлар арасында миокард инфарктісіне шалдығу дерегі екі есе көп. Ал осы аурудан қайтыс болатындар көрсеткіші 4 есеге артық», деп мәлімдеді А.Ізмұханова.

 

Атырау облысы