Аймақтар • 09 Қараша, 2023

Күршімдіктер көпірге үміт артып отыр

480 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Күршім ауданын облыс орталығымен жалғап тұратын көпір салынады дегенді естіген жұрт малақайын аспанға ата алақайлаған. Қуанбай қайтсін? Жетпіс жыл аралда қалғандай күй кешкен жұрттың жанайқайын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінен оқып, Бұқтырма су қоймасына көпір салу жөнінде Үкіметке тапсырма берген. Құрылыс уақтылы басталды. Ал мерзімінде, яғни 2024 жылдың 31 желтоқсанында аяқтала ма? Халықты алаңдатқан сұрақ – осы.

Күршімдіктер көпірге үміт артып отыр

Суретті түсірген – автор

Күршім мен Марқакөл елі жаздың күні сағаттап паром күтсе, қыс айларында сықырлап тұрған мұз бетімен қатынайды. Мұндай көлік логистикасы Қазақстанның басқа өңірлерінде жоқ-ау деймін. Түнеугүні ағайындардың арыз-арманына айналған көпірдің құрылыс барысын көріп қайтайық деп тізгінді Күршім жаққа тартқанбыз. Ақ қар, көк мұзда Өмеш асуынан өтіп, Бұқтырма өткеліне таясақ, ұзын сонар көлік кезегі. Аңызақ желде арғы беттен толқынға қарсы жүзіп келе жатқан паромды күтіп тұр. Ең әділетсіздігі – сағаттап күткен паромыңа сыймай қалып, келесі паромға көз тіккенің. Жол машақатын жетпіс жыл көріп келе жатып, екі сағатқа шыдамаймыз ба дейсің. Шыдадық, күттік. Амалсыздан. Қыс ортасы болса, бір сәрі. Мұз бетімен зыр ете түсер едік. Оның өзі қауіпті. Жылына кем дегенде бір-екі көлік суға түсіп кетіп, әттеген-ай деп жатамыз. Ақсақалдар айтады, 1994 жылы қыстай мұзжарғыш кеме мұзды таспадай тіліп, жол салып отырған екен. Сөйтіп, паром қыстай қатынаған. Есесіне, ешкім суға кеткен жоқ. Келесі паром келгенше, көз байланған...

вап

Екі жақ жағалаудан қатар бас­тал­ған құрылыс қарқынын баяу дей алмас едік. Күннің суығына қарап тұрған жұмысшы жоқ, бәрі қарбалас. Жағадағы қос бірдей бетон зауыты мен көпір арасындағы ағылған техникалар да дамыл таппады. Байқап тұрмыз, су астына қос адамның құшағы жет­пей­тін құбырды сіңіре қағып, ішін цементті шағыл таспен толтырады екен. Мамандардың айтуын­ша, құмы Боран ауылынан арнайы жеткізілген. Себебі зерт­хана­шылар дәл сол ауылдың тұ­­сын­дағы құмды жарамды деп тап­қан. Айта кетейік, күрделі құ­ры­лысты мерзімінде аяқтау үшін жұмысшылар вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олар үшін 84 орындық екі жатақхана тұр­ғызылған. Жұмыс қарқынын Күршім ауданы әкімі мен қоғам­дық кеңес мүшелері де үнемі бақылауда ұстап отыр. Олар ғана емес, бұл өткелді Шығыс жұрты болып күтіп отыр. Сондықтан да халық басталған істің сиырқұй­мы­шақтанып кетуіне жол бере қоймас. Оның үстіне Президенттің назарында тұрған нысан.

– Өздеріңіз құрылыс бастал­ғалы келіп көріп жүрсіздер. Құры­лыс жұмысы бір күн де тоқта­ған жоқ. Әзірше бәрі ойдағыдай жүріп жатыр. Техникалық көпір­мен қа­тар негізгі көпірдің колон­на­ла­рын құйып келеміз. Ең қиы­ны – осы тіреулерін орнату. Содан кейінгі жұмыс су астында емес, жер бетінде жалғасады. То­лық ақпаратты басшылықтан аласыздар, – деді учаске басшысы Юрий Чанов.

Әккі мамандардың айтуынша, тіреулердің құбырлары су түбіне қағылып, оның ішіне арматура темірден тоқылған қаңқа ор­натылған. Құбырлар қатты қа­батқа тірелгенше қағылған­дық­тан, беріктігіне күмән жоқ деседі. Айта кетейік, судың ең терең тұсы 20 метрден асады. Мұндай жұмыстар өткен қыста да жүргізілді. Қанша тексеру­ші­лер келгенімен, сапасына сын айтылмаған. Тексеру кезінде ко­лон­налардың үстіне 500 тон­наға жуық салмақ түсірсе де бірде-біреуі тыпыр етпеген. «ОблШығысЖол» ЖШС мамандары тұңғыш рет көпір салып жатқанымен, сапаның бірінші орында екенін айтады. Олар жобаны сызу кезінде су жолына кедергі келтірмеу жағын да ойластырған. Кемелер өтуі үшін орта тұстан колонналардың арасын 75 метр қашықтықта орналастырған. Ал басқа тіреулердің арақашықтығы – 64 метр.

Құрылыс жұмыстары бүгін қарқынды болғанымен, ертеңгі күні қалай болар екен деп мердігер компанияның басшылығына ха­барласқанбыз. Сұрақ біреу: көпір құрылысы мерзімінде аяқтала ма? Әуелде жоба құны 30 млрд теңгеге есептелгенімен, инфляцияның сал­дарынан болса керек, екі жыл ішінде құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Сол үшін де қосымша қаржы қарастыру сұралған. Алайда заң бойынша қаржы екінші рет бөлінбейтін көрінеді. Ол мәселені шешу үшін облыс басшылығы құрылыс нысанын Республика қарамағына өткізу жұмыстарын қолға алған.

– Бірінші бөлінген қаржыны толықтай игердік. Ендігі жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін қаржы бө­лі­­неді делінген. Сөз жүзінде ай­тыл­­ғанымен, заң аясында әлі еш­­­қан­дай қағаз алғанымыз жоқ. Тап­­сырыс берушілер жыл соңына дейін бір бөлігін, келер жылы қалғанын толықтай бөлеміз деп отыр. Енді 34 млрд теңге қажет. Айта кетейін, келесі жылы үлкен көлемдегі жұмысты аяқтау мүмкін емес. Негізгі жұ­мыс­тарды аяқтаймыз. Ұсақ-түйегі 2025 жылға көшеді деп ойлаймын. Үлгеріп кетуіміз де мүмкін. Қазір­гі уақытта колонналарды қою жұ­мыстары аяқталып қалды. 21 колон­наның үшеуінде ғана жұ­мыс жүріп жатқан жоқ. Жалпы жұ­­мысшы саны жеткілікті. Құ­ры­лыстың қарқынына қарай құ­рылыс материалдарын әкеліп отырмыз. Шағыл тасты Боран ауы­лының тұсынан аламыз. Оны зерт­ханадан өткізіп, тексеріп ал­ғанбыз. Ең негізгі мәселе ақша­ның уақтылы бөлінуінде, – дейді «ОблШығысЖол» ЖШС басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов.

Иә, қаржы бөлініп, сақалды құ­рылысқа айналмай, уақтылы аяқ­талса, бұл көпірді басып өте­­тін жол Күршім, Марқа­көл, Зай­сан өңірлерінің күре­та­­мырына айналады. Қатынау әлде­қайда жеңілдеп, отын-кө­мір, азық-түлік бағасы арзандар ма еді? Зайсанның қатысы қанша дейсіз ғой. Оны айтып отыр­ғанымыз, Зайсанға апаратын Омбы-Майқапшағай тас­жо­лының құрылысы ырың-жы­рың болып кетті. Құрылысын қы­тай­дың «Синь-синь» компаниясы жүргізіп жатқан бұл жолдың басы бар, аяғы жоқ. Бұл – өз алдына басқа мәселе. Сол секілді сақалды құрылысты көрген ел көпірдің әу-жайына алаңдайды.

– Тәуелсіздік алғалы көтеріп келе жатқан мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев тез арада-ақ ше­шіп берді. Мың да бір алғыс. Бір ғана көпір үш ауданның экономикасына, көші-қонына оң әсерін тигізеді. Бірақ сөзбұйдаға салмай тезірек аяқтап берсе деймін. Осынау өткел бермес өткел үшін түкпірдегі Марқакөлдің хал­қы қопарыла көшіп кетті. Ауыл­дар қаңырады. Бірнеше ауыл құрыды. Енді оның бәрін қалпына келтіру мүмкін емес, білемін. Бірақ шекара шебі бос қалмауы үшін қалған халықты ұстап қалуымыз керек. Ұстап қана қалмай, тұрмысын жақсартуымыз керек. Ол үшін ең керегі осы көпір шығар. Мәселен, көпірдің арғы басындағы Самар ауданына қарасты Құлынжон ауылы мен бергі басындағы Күршімнің Құйған ауылында да тіршілік жанданады. Туризмнің тынысы кеңейеді, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Абзал Мұхамеджанов.

Айтса, айтқандай. Көпір түс­кен соң саяхатшылар Қиын Керіш, Марқакөлді асып өтіп, Ирек асуымен Катон­қарағайға түсер еді. Атам заманнан айтылып келе жатқан «Алтайдың алтын сақи­­насы» осы жол болар еді. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов кө­пірдің уақтылы әрі сапалы аяқталатынын айтып, халықтың көңілін жайландырып қойды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы