Несие • 09 Қараша, 2023

Қымбат несие: Үкімет пен банктің ұстанымы

254 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) де, микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) да несие пайызының мөлшері қоғамның табанына батқан тікен, маңдайына қадалған шөңгеге айналуына шақ қалды. Көптен көңілді күпті етіп жүрген осы мәселеге Үкімет нүкте қояды деген үміт басым еді.

Қымбат несие: Үкімет пен банктің ұстанымы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Несие неге көп алынады?

Бірақ ЕДБ-ның емес, шағын қаржы ұйымдарының несие пайызын төмендетуге шешім қабылданды. Мемлекеттік реттеу шараларының назары күтпеген жерден банктерден микроқаржы ұйымдарына ауыс­ты. Сөйтіп, Үкімет пен Мәжіліс бұл мәселені «революциялық» емес, эволюциялық жолмен шешуге бел буды.

Бұл мәселе біздің елде көп­тен бері айтылып келе жатыр.

2023 жылдың наурыз айында Қаржылық реттеу агенттігі, тіпті оны 56-дан 44 пайызға дейін тө­мен­дету жобасын жариялады. Алайда кейінірек құжатты қайта қарау үшін қайтарып алып, мәселені жылы жауып қоя салды.

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, халық арасындағы қарыздың жоғары деңгейі маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселеге айналып кетті.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктердің тұтынушылық несиелерінің жалпы көлемі – 9,2 трлн. Банктердің тұтынушылық несиелері бойынша бір қарыз алушының қарызының орташа мөлшері – шамамен 1,5 миллион теңгені, проблемалық тұтынушылық несие бойынша 1 миллион теңгені құрайды. «Кейбір азаматтар мерзімі өткен несиелерін жабу үшін жоғары пайызбен жаңасын алады. Осылайша, олар өздерінің несиелік жүктемесін арттырып отыр. Оның үстіне банк олардан бас тартқан кезде олар несие мөлшерлемесі тым жоғары болатын түрлі микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Осылайша, адамдар қаржылық сауатсыздықтың кесірінен қиын жағдайға тап болады», дейді Премьер-министр.

Мұның алдында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов парламенттік тыңдау кезінде дәрменсіз азаматтарға несие беруге тыйым салу керектігін, онлайн-несие беру ережелерін қатаңдату керектігін ескертті. Тіпті «Несие берудің құлдық шарттарын қайта қарастыру қажет. Жеке тұлғаларға несиенің шекті пайызын төмендету маңызды. Бұл несиелерді коллекторлық ұйымдарға сатуға толық тыйым салу керек. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айы­рылып, көшеде қалуына жол бермеу керек» деген сөзі қаржы секторын ашық күнде жай оғындай жарқылдатып жіберді. Осыған дейін ҰБ, Үкімет, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, ҚНДРА арасындағы бірнеше келіссөздердің куәсі болдық, олардың әрқайсысының өзіндік ұста­нымы бар. Бірақ сырт көз төрт түрлі деп қабылдайтын ұстанымдардың ортақ шешімі – экономикамыз әлсіз. Инфляция немесе несие пайызының деңгейін экономиканы әртараптандыру арқылы ғана шеше аламыз.

ЕДБ, қаржы секторына бағытталған ащы сынға Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығының жетекшісі Елена Бахмутова келіспейтінін ашық айтты. Оның айтуынша, қазіргі жағдай ушығып тұрған жоқ. Тұтынушылық займдардың бөлінісіне қарасақ, қарыз алушылардың басым бөлігінде қарыз сомасы өте төмен екен. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы несие портфелінің 53,2%-ын жеке тұлғаларға берілген несиелер құрады, оның ішінде тұтынушылық несиелер жалпы несие портфелінің 34,4%-ын құрады. Ұлттық банктің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, жеке тұлғаларға несие портфелінің өсу қарқыны мен несие портфелінің жалпы өсу қарқыны арасындағы алшақтық қысқаруда: егер өткен жылдың 9 айында бұл алшақтық 11% болса, биылғы жылы екі есеге қысқарды. Мемлекеттік несие бюросының мәліметі бойынша ағымдағы жылдың 1 қыр­күйегіндегі жағдай бойынша қарыз алу­шылардың – жеке тұлғалардың жал­пы саны 8,4 млн адамды құраса, қарыз алушылардың үштен бірінің қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспайды. Баға деңгейін ескере отырып, бұл бас­қа­лармен қатар, біреудің тұрмыстық техника дүкенінен тауар сатып алуы үшін бөліп төлеу жоспары болуы мүмкін», деп түсіндірді.

Бір қызығы, бұндай ойды тек Бах­му­това ғана айтқан жоқ. Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ғалымжан Пірматов, қазіргі төраға Тимур Сүлей­ме­нов те осыған ұқсас пікір білдірген еді. Бұрын­ғы төраға Ғ.Пірматов «Ұлттық банк 0,5-ке­ тең қарыз жүктемесінің макси­малды коэф­­­­­фи­циент деңгейін бекітті. 2023 жылдың 1 ма­мырындағы есептеу нәтижелері бо­йын­ша қарыздық жүктеме коэффициентінің мәні нормативтен төмен деңгейде», десе қазіргі төраға Т.Сүлейменов «Тұты­ну­шылық займдар, сөз жоқ, біздің өмірі­міздің бір бөлігі, одан қашып құтыла алмаймыз. Еңбекке қабілетті халықтың басым бөлігінде несиенің болуынан мен ешқандай проблема көріп отырған жоқпын. Біз дүкенге барамыз, бөліп төлеу арқылы аламыз. Қазір банктердің тұтынушылық займнан экономикаға кетуі үшін арнайы көрсеткіштер әзірлеп жатырмыз», дегендей сыңай танытты. Мемлекеттік реттеу шараларының назары күтпеген жерден банктерден микроқаржы ұйымдарына ауысқанын жоғарыда айтып өттік. Өткен аптадан бері қаржы сегментінің кеңістігі осы саланың өкілдерінің пікірінен белі қайысып тұр. Әлеуметтік желілерде проблемалық қарыз алушылардың негізінен банк емес, МҚҰ-ға­ тиесілі екені де талқыланып жатыр. Мем­лекеттік несие бюросының ақпараты бойынша, банктер 7,3 млн адамға (қарыз алушылардың 72 па­­йызы) несие берген. Ал МҚҰ-лар 1,6 млн адамды несиелеп отыр (банкпен салыстырғанда 4,6 есе төмен). Risk Takers сарапшыларының айтуынша, банктердің еншісіне – 1,03 млн, ал МҚҰ еншісіне 347 мың проблемалық қарыз алушы тиесілі. Бұл – екі сектор үшін де тым жоғары көрсеткіш. «Дефолттық займ­дардың жоғары көрсеткішіне қарамастан тек банк немесе МҚҰ басты проблема болып отыр деуге тағы болмайды. Сөзсіз, банктер мен МҚҰ жоғарғы деңгейдегі тәуекел-тәбетке ие. Бұған жол беруге болмайды. Қадағалаушы Парламентпен бірлесіп шешімтал шаралар қабылдауға тиіс, сонда ғана проблемалық қарыз алушылар өсімін тоқтата аламыз. Сонымен қатар халықтың несие жүктемесіне себеп болып отырған төменгі табыс дейтін себепті де ұмытуға болмас. Халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі де маңызды. Осы қателіктерді ескере келе, мемлекеттік саяси билік проблеманы мо­йындап, оны шешуді бастауы керек», деп жазады Risk Takers сарапшылары.

 

ҚНДРА қырағылық танытса...

Мәжіліс пен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы арасындағы айтыстан кейін мемлекеттік реттеу шараларының назары күтпеген жерден банктерден микроқаржы ұйымдарына ауысып, ЕДБ-ның несие пайызын төмендету мәселесі екінші «планға» ысырылып қалғанына бәріміз куә болдық.

Тәуелсіз сарапшы Мақсат Халық «сең қозғалды» деп үміттендіріп қоюға әлі ерте екенін айтады. Бірақ жылымық сая­сат бар. Сарапшының айтуынша, МҚҰ несиесінің қанша пайызға арзандайтыны белгісіз. Осыған дейін осы мәселенің бірнеше рет күн тәртібіне шығып, қайта түсіп қалуына нақ осы фактор себеп болған. МҚҰ-ның артында тұрғандардың ешқайсысы қара жаяу емес. Егер Үкімет осы мәселеге келгенде табандылық танытса, өзге мәселелер ретімен шешіледі. Мұның бәрі сайып келгенде ЕДБ несиесі пайызының төмендеуіне себеп болады. Себебі соңғы бірер жылда МҚҰ мәртебесі жағынан ЕДБ-ға теңесіп қалды. Тіпті келер жылы солардың кейбірі банктерге айналады деген сөз де бар. Сарапшы айтып өткендей, Үкіметтің МҚҰ-ны алқымнан алуы оларды ширықтырады. Бұл ретте ҚНДРА мен Ұлттық банк қырағылық танытса болды.

Тәуелсіз сарапшы Талғат Демесі­нов­тің айтуынша, бізде инфляция дең­гейі өте жоғары болғандықтан, ЕДБ-ның пайыздық мөлшерлемесінің деңгейіне ешкім шектеу қоя алмайды. ЕДБ инфляция­ деңгейінен төмен мөлшерлемемен несие бере алмайды. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі – 16 па­йыз. Демек бұл тұста, ЕДБ емес, қаржы нарығы бағытын дұрыс үйлестіре алмай отырған Ұлттық банк пен Үкімет кінәлі. Несие пайызына күш беріп отыратын ішкі өндіріс әлсіз. Қазір Үкіметтің бар ашуы МҚҰ-ға ауып отырғанын көріп отырмыз.

– Ал шын мәнінде МҚҰ-ға қырын қарау­дың қажеті жоқ. Бұл халықаралық тәжі­рибеде бар, дамыған елдер бұл инс­ти­тутты ЕДБ-ға бәсеке болатын қаржы құрал­­дары ретінде қарайды. Мұндай инс­ти­туттардың ЕДБ-ға бәсеке бола баста­ғанын байқап жүрміз. Бізде олардың жұмысын ретттеу жағы кемшін түсіп жатыр. Сарапшы айтып өткендей, барлық ел­дер­­дің валюталарының қорғанышы – алтын-валюта қоры мен тауар өндірісі. Бірақ алтын қорымен қамтамасыз ету тек кезең­дік сипатқа ие. Дамыған елдер­дің бәрі валютасын тек тауармен ғана қам­тамасыз етеді. Бізде бұл жағы – әлсіз. Валю­таны тауармен қамтамасыз етпей жатып, несие пайызын төмендету мүмкін емес.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк шетелдік валюталарды сататын ломбардтардың, айырбас пункттерінің, банктердің жұмысын реттеп жатыр. Бірақ нәтижесі әлсіз. Ішкі нарық, ақша-несие саясатындағы солқылдақтықтан инвестициялық тартымдылық солғын, шетелдіктер де күмәнмен қарайды. Қысқасы, елдегі саяси фактор инвесторлар үшін тиімсіз. Оның түтіні түзу ұшса, ақша-несие саясаты, экономикалық рефор­малар өз жемісін беретін болады.

Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, ЕДБ-ның несие пайызының дең­гейі, ең алдымен, инфляцияға, содан кейін экономикадағы отандық үлеске тәуел­ді. 2015 жылдарға дейін, инфляция деңгейі 5-6 пайыздан аспай тұрған кезде несие пайызы қазіргі дең­гей­мен салыстырғанда қолжетімді болды.

«Қазір инфляция деңгейі – 16 пайыз. Мұндай жағдайда ЕДБ Ұлттық банктен 17 пайызға несие алып, 15 пайызбен депозит орналастыра алады. Сонда ЕДБ үшін несиенің нарықтық құны 20-22 пайызға тұрақталады», дейді А.Олжаев.

 

ЕДБ несиесі Ұлттық банктің маржасына тәуелді...

Тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, табысымыз өте төмен, соның салдарынан адамдар банктерден, микроқаржы ұйымдарынан, туыс­тарынан да қарыз алады. Реттеуші орындардың бұл мәселені ЕДБ емес, МҚҰ несиесінен бастау керек деген бастамасын қолдайтынын айтты. Банкроттық туралы заң күшіне енгеннен кейін ғана банктер, МҚҰ өздерін банкрот деп тануға өтініш бергендердің қатары өсіп кетеді деп үрейленді, аяқ тартты. Кепілсіз несие бойынша жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 2012 жылдан бері өзгеріссіз қалды. Сарапшы бұрыннан несиесі бар азаматтардың жаңа несие алуға өтініш беруі қалыпты құбылысқа айналып кеткенін айтады. Қарыздың шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін банктер мен микроқаржы ұйымдары пруденциалдық нормативтерді сақтауы керек. Негізгі пруденциалдық норматив – 0,5%-дан аспауға тиіс.

 

МҚҰ-ның несие үстемесі – 56 пайыз

Тіпті 56 пайызды айналып өтіп жатқан ұйымдар да жетеді. Егер олардың несиесін 40 пайызға дейін түсіре алсақ, оның өзі жетістік болғалы тұр. Себебі 40 пайыз ЕДБ несиесі тәрізді шекті болады. МҚҰ сол 40 пайыздың шеңберінде жұмыс істеуі керек. Қазір 56 пайыз қайдан шықты деген мәселеде түсініксіз жайт көп, оны кімдердің есептеп, бекітіп жібергенін біз білмейміз. Ендігі жерде 40 пайызды есептеген кезде сол қателіктерді қайталамасақ деймін. Себебі ҰБ пен Үкімет әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтың несие алғанын қаламай отыр. Шындыққа тура қарасақ, несие соларға керек. Егер олардың бәрінің несие алу мүмкіндігін шектеп тастасақ, МҚҰ-ның тең жартысы көлеңкелі экономикаға кетіп, қуырдақтың көкесін сол кезде көреміз. 1990 жылдардағы жағдай тәрізді 100 пайызбен қарызға ақша беретін адамдар пайда болып, жабайы нарық үстемдік құрады. Егер осы арқылы қаржы нарығын сауықтырып алсақ, ЕДБ-ға де кезек келеді. «Дәл қазір ЕДБ-ның несиелік пайызының көрсеткішін экономикамыздың айнасы деп бағалауға болады. Себебі ЕДБ несиесі ҰБ-ның несиесінің пайызына тәуелді. ҰБ маржасынан төмен пайызбен несие беру оларға тиімсіз. Отандастарымыздың қаржылық сауаттылығы төмен дегенге келісе бермеймін. Әр адамның, әр отбасының өз есебі бар. Үкімет 30 жыл бойы жүргізіп келе жатқан саясаттың кері жаңғырығын қоғамға тели беруді доғару керек. Экономика әртараптандырылып, жұмыс орындары ашылса, әркімге еңбегі мен қабілетіне қарай деген талап жалпыға бірдей ортақ болса, бұл мәселе шешіледі», дейді А.Олжаев.

 

АЛМАТЫ