nurlanimam.kz
– Астана қаласындағы Ырыскелді қажы атындағы мешітке бас имам болып тағайындалғаныңызға да алтыншы айға ауды. Жұмысыңыз қалай?
– Мешітке бас имамдық қызметті атқару мәселесін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти шешеді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы азды-көпты еңбегімізді бағалап, халықтың да қалауына құлақ асып елордамыздағы мешіттердің біріне бас имам етіп тағайындады. Жұмысымыздың бағыты діни басқарма бекіткен жеті сала бойынша өрбиді. Оның ішінде жат ағымдарға қатысты түсіндіру, уағыз-насихат, қайырымдылық, жамағаттың бірлігі, елдің тұтастығы мен тыныштығы деген секілді бағыттарды қамтиды. Міне, мүфтияттың сенімін арқалап, өзіңіз айтпақшы жарты жылға ауды Астанадағы мешіттің бас имамы қызметін атқарып келемін. Жаңа жеті тармақ бойынша жұмысымызды жүргіземіз дедім, оның ішінде мына бағытқа басымдық беру керек, мына саласына салмақ салған жөн деген секілді ала-құлалық жоқ. Тек теріс ағымдармен күрес күнделікті күн тәртібінен түспейтін тақырып.
– Инстаграм, тик-ток секілді әлеуметтік желіні тиімді, ұтымды, ұтқыр пайдаланып жүргізесіз. Инстаграмдағы тікелей эфирде сізге қай тақырыптағы сұрақ жиі жолданады?
– Бұған айтар менің жауабым, елді бүгінде діннің глобалды мәселесі толғандырмайды, көпшілікті күнделікті күйбең тірліктің, қым-қуыт жанбағыстың жанталасы алаңдатады. Шерағаң айтпақшы «бір кем дүние»: отбасындағы мән-жай, қайырымдылық, мейірімділік, жылулықтың жұтаңдығы, көңіл бөлудің кемшін түсетіні уайымға салады.
– Байқасақ, сізден отбасы институтына қатысты жиі ақыл-кеңес сұрайтындар көп, әсіресе әйелдер қауымы. Бұл ненің белгісі, ене мен келіннің арасындағы байланыстың, отбасы, ошақ қасындағы тәрбиенің тұралап қалғанының көрінісі емес пе?
– Әлбетте отбасындағы мейірімнің жоқтығы, суалып бара жатқандығының да әсерінен шығар деп пайымдаймын. Ер мен әйелдің бір-бірімен шүйіркелесіп сырласуы, мейірімін төгуі деген ұғымды жоғарыда айтқан қым-қуыт тіршіліктің көкпары қақпақылдап әкеткендей сезіледі. Бір-бірімен тілдесу, ерінің айтқан ойын құптай түседі деген әйелі теріс қараса немесе таң алакеуімнен баласы ұйқыда жатқанда жұмысқа кеткен әке кешкісін сүлдерін сүйретіп, шалдығып жеткенде баласына тағы да көңіл бөлуге жарамады деп әйелі ренжісе арада қандай сырласу болады? Содан кейін де сұрақ қойып, ішіндегісін шығарады деп ойлаймын. Олардың барлығына бір сарында жауап бермеуге тырысам. Біріне күлдіріп отырып түсіндірем, екіншісіне ұрсып та аламын деген секілді. Байқағаным, басым көпшілігі жылулыққа, отбасындағы жылуға зәру. «Ажырасудың шегінде тұрмыз, бізге қандай қайран қыл дейсіз?» деп ашына сауал қойып, менің бірауыз сөзімді күтетіндер де бар. «Ондай күйеумен көктемейсің» десем, ажырасуға әзір арыз жазуға бар. Мұның бәрі ненің көрінісі? Дін қызметкері, имам ретінде мен олардың ажырасуына себепкер болуға тиісті емеспін. Ашынып, күйінген, тығырыққа тірелген әйелдің де ішкі арпалысын түсінгім келеді. Екі жастың ортасында түсіністік, сый-құрмет болмаса қалай бірге өмір сүреді? Міне, осындай қым-қуыт сан түрлі тағдыр иесінің арғы әлемін, ішкі жандүниесін барынша тереңдей ұғынуға тырысамын.
– Білуімізше, жеті баланың әкесісіз. Балаларыңыз қайда оқиды, Астанаға көшіріп алдыңыз ба? Алматы облысында мешітте тұрамын деп сұхбатыңызда айтып едіңіз.
– Отбасымды көшіріп әкелдім, балаларым Астана қаласында мектепте оқиды. Үлкеніміз ғана Алматыда қалды, себебі жоғары оқу орнына грантқа түскен соң өзінің ауысқысы келмеді. Бәріне шүкіршілік деймін.
– Мүфтиятқа бағынышты діни қызметкер болып саналатындықтан да сіздердің әр айтқан сөз бен істеріңіз қоғамда абың-күбің аңыс тудырған жағдайда тәртіптік кеңес секілді ұйымда қарала ма? Мысалы «шеше» деген қазақтың қастерлейтін биік сөзіне қатысты пәтуа айтып Қабылбек Әліпбайұлы әріптесіңіз қоғамның сынына ұшырады.
– Қазақтың таным-түсінігінде, ұғым-пайымында қалыптасып әбден сіңіп, балталасаң да бұтарланбайтындай біте қайнасып кеткен сөздердің кейбірін арабшаға аударып, мағынасы басқа еді деп айтуға келмейді. Шеше, әйел, сәлеметсіз бе деген секілді сөздердің мағынасына қатысты қоғамның қызуын көтерген дау туындағанын өзіңіз де құптап отырсыз. Біз мұсылман болмақ үшін араб болуымыз, арабша айтуымыз шарт емес. Әр өңірдің, әрбір аймақтың өзіндік қалыптасқан сөздік қорындағы диалектісі бар. Дін қызметкерлерінің айтар сөзі ұрпақ тәрбиесіне ұласуы керек. Сөздің атауына, мағынасына қатысты этнографтар, тіл мамандары, зерттеушілер, тарихшылар бар, солар пікір айтса құптауға болады. Бізде сөздің мағынасына қатысты дау қуудан басқа да мәселе шаш-етектен. Бүгінгі қоғамның дертіне баланатын келеңсіздіктер, ұрпақ тәрбиесіндегі ақсаған тұсымыз көп, ата-ананы сыйламау, мейірім мен қайырымның жоқтығы, әлімжеттік. Осындай айтатын тақырыптар, қозғайтын мәселе жетерлік. Біз бәрін қарақаттай етіп қойып, тек сөздің мағынасына ғана қатысты мәселе бардай сезінеміз. Менің пайымымда дін адамы өзінің шариғи сөзін айтуы керек. Мынаны дұрыс, мынаны бұрыс деп басқа салаға қатысты байлам жасағаны дұрыс емес деп санаймын.
– Жасыратыны жоқ, үйдегі ата-ананың айтқанынан гөрі әлеуметтік желіде тікелей эфирде сұхбат жүргізетін өзіңіз секілді ділмарларды көп тыңдайды жастар. Сіздің аудиторияңызда да мектеп оқушылары баршылық. Эфирде сұхбат өрбіткенде рухани құндылық, білім, имандылық, ұлттық дәстүр сабақтастығы да жиі айтылып дәріптеледі. Осыны әлі де тереңдете түсу керек шығар.
– Ұрпақ тәрбиесінде біз ұлттық құндылықты сыналап сіңіруіміз қажет. Иілгіш шыбық секілді жас ұрпақты тым шектей де беруге болмайды, «сенің жасағаның дұрыс емес» деген шектеу мен шідерлеуден гөрі дұрыс өмір сүрудің қағидасын құрып, бағытын айқындап беруіміз керек. Келешекте Қазақстанның оқыған білімді, ғалым, технократ, озық технологияның игерген талантты шоғырдың өсіп қалыптасқанын қалаймын. Сол жолда ата-бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді дәріптеп, құлшылығын жасап, Құдайына сиынған жастарды көргім келеді. Неге? Өйткені баласы дін жолындағы ағымның бірін ұстанған сәттен бастап оқуын тастап кетіп жатқан балаларды да кезіктіріп жүрміз. Дін бұлай бұра тартпайды, сол дінді жамылып, өздерін үйретуші деп санайтындардың бағыттауы бұрып жібереді.
– Қазір жылдам баю, оңай ақша табу, бес теңге салып елу теңгенің тауарын алдырту секілді курс дейміз бе, сауда өрісі деген де дұрыс шығар. Кәсіп жасаған құптарлық іс, бірақ солардың көпшілігі алданып ұйыққа батқанын білгенде ғана байбалам салады. Халық неге соншалықты сенгіш, аңғал?
– Мұндай ұғым-түсінік бұрыннан бар. Бірақ ертеректе адамдар еңбекқор еді. Ал қазір қалай, адамдардың арасында «жеңілдің астын, ауырдың үстін» таңдайтындар көбейді. Жатыпішер жалқаулық, біреудің несібесіне ортақтасып мал табушылық пайда болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал еңбек қашанда құрметке ие дегенді тегін айтқан жоқ. Сондықтан оңай олжаға кенелем дегенді емес, маңдай теріңді төгіп нәпақа табуға ұмтылу қажет. Барлығы да солай деуге келмейді, десе де психолог, коучтар балаларды «сенің өзіңнің кеңістігің болуы керек, саған ешкім сөйлемесін, өз сөзіңді айт» деп бірбеткейлікке бұрып жатыр. Жылдам баю, ақшаға кенелу дегенді үйретеміз дейді. Халыққа жаны ашыса неге тегін өткізбейді? Мысалы 10 күндік курстың бағасы 300 мың теңге. Жастар ата-анасынан ақша алып оқып жатыр. Халықтың жағдайын жақсартқың келсе, кәсіпке баулитын едім деп жанашырлық танытсаң неге курсты тегін өткізбейсің?
– Жұма намаздың алдындағы уағыз, насихат айту үшін мүфтият тақырып бөледі. Мысалы осы аптаның жұмасында ажырасудың ауыртпалығы туралы, келесі аптада қарыз алудың салмағы, одан кейін досқа адалдық деген секілді. Имамдарға насихат айтқанда өзіңіз сөз еткендей, ұлттық құндылықтарымызды да кеңінен қамтып, жыраулардың жырынан, ақындардың туындыларынан, әдеби шығармалардан да мысал ету, ата-бабамыздың тарихынан да таспалап айту кемшін соғып жатқандай көрінеді кейде.
– Әр имамның дәреже-деңгейіне байланысты деп ойлаймын. Бір үйдің бес баласының таным-түсінігі, қабілет-қарымы бес түрлі болатыны секілді имамдардың да уағыз, насихатты жеткізудегі әдіс-тәсілі, қадамы әрқилы. Бізде мүфтияттан жұма уағызының тақырыбын, платформасын, мәтінде қамтылуға тиісті тезистерін береді. Жеткізушінің тіл байлығы, ой-өресінің кеңдігіне қарай сіз айтқан ұлттық құндылықтарды тереңдей толғап қамту іске асады. Тезистің ішінде жыраулардың ақындардың шығармаларынан мысал, еліміздің тарихынан дерек-дәйек те беріледі. Мақал-мәтел, даналық ойлар да жазылады. Соны дамытып жеткізудегі алғырлық пен ілкімділік имамның әлеуетіне байланысты.
– Сізді «ұстау» қиынға соқты, сұхбатқа келіскенімізге үшінші айдың жүзі. Таңғы асыңызды Түркістанда ішіп бесін намазына дейін кездесуге қатысып, ақшамға дейінгі аралықта Арқалықта жүресіз дегендей. Жиі кездесуге шақырады, әзірлік жасап үлгересіз бе?
– Жұмыстың ретіне қарай қисыны келмей кетті айып етпессіз. Әрине әр облыстағы кездесулердің тақырыбы да қилы-қилы. Сауалдардың бағыты бір сарынды болуы мүмкін, десе де тақырып әрқилы. Сондықтан алдын-ала әзірлік жүргіземін. Сапарға шақырған облыс басшылығы арқылы өңірдің жағдайын, нендей мәселе бар екенін сұрап білемін. Талдау, зерттеу жүргізіп, әр саладағы олқылықтарын да түртіп аламын. Әлеуметтік статистикасына да мән беріп, ҰБТ-ның көрсеткіші, жас отбасылардың ажырасуы, суицид, әлеуметтік теңсіздіктер жөніндегі есеп-қисапқа да көз жүгіртіп, дерегін аламын. Сол бойынша кездесу барысында тілімнің қуаты жеткенше сауалдарына сай жауап қатамын.
– Имам сіздердің қызметтеріңізді айқындайтын статус. Бас имам, наиб имам деген секілді. Ал ұстаз деген статусты теліп алушыларға осы сөзді кім таңып береді?
– Адамның өлімі де біреуге ұстаз болады, тұрмыстың тауқыметінен де ұстаздықты көресің. Меніңше мәселе атында емес, затында. Халық өзі кімнің ұстаз, кімнің тұлға, қайраткер екенін парықтап, екшеп алады. Біз осы дін жолындағы ұстаздық бағытты 1990 жылдардың басында, тәуелсіздіктің бастауында күш салып өрбітуіміз керек еді. Егемендігімізді енді алып, етек-жеңімізді жинаудың өзіне де аз уақыт кеткен жоқ. Сол кезеңде жүріп өтетін жолды біз арада 30 жылға жуық уақыт аунатып енді басып келеміз. Халқымыздың діни таным-түсінігі, әлеуметтік әлеуеті қай деңгейде екенін ғаламтордағы тыңдаушы қауымның жолдайтын сауалынан, білгісі келетін тақырыбынан да салмақтауға болады. Қағаз жүзінде біз қарыштап дамып кеткен алдыңғы лектегі елдердің көшіне ілесіп келеміз, ал шынайы көріністі әлеуметтік желіде сауал жолдаушылардың жағдайы айқындап береді.
– Тыңдаушыларыңыз өзіңізге түсін жорытып жатады.
– Бала күнімнен жиі түс көремін. Алланың нығметі шығар түсімде көрген оқиғалар өңімде орындалып жататын. Содан да шығар түс жоруға деген қызуғышылығым оянып, көп іздендім, тылсым тақырыпқа қатысты жазылған кітаптарды да оқыдым. Көненің көзі қария кісілердің де қасында көп жүріп, түс жоруға қатысты ойларын да тыңдап есейдік. Шариғат жолындағы діндарлардың да түсті жоруға қатысты еңбектерін де ақтарып, қажетімді алып жүрмін. Кездесулерде, әлеуметтік желідегі тікелей эфирде де түс жоруға қатысты сауалдар жолдағанда әлімнің жеткенінше жауап қатамын.
– Қоғамның мүшесі есебінде өзіңізді не толғандырады?
– Қып-қызыл өтірік толғандырады. Айналаңда жасандылық, өріп жүрген өтірік көп. Асырып айту, жасырып жазу жиілеп кетті. Кеңес өкіметі кезінде 100 қойдан 150 қозы деп аспандатып айту секілді асыра мақтанудың соңы жақсылыққа апарды ма? Одақ тарағанда ақиқатында ондай емес екеніне көзіміз жетті. Тек қоғамда ғана емес, отбасында да жоқты бар етіп көрсетуге ұмтылысымыз артып кетті. Шариғатта бар нәрсеңді көрсетіп мақтануға тоқтам салады. Балаңды айтып мақтанба, ұрпақ сүйе алмай жүрген қамкөңіл жанның көңіліне қаяу түсіресің деп астамсыған көңіліңді басып қояды. Парақорлық та асқынып барады. Әділеттілікті көргісі келеді халық. Мұнда дұрыс түсіну керек, әділеттілік қанмен, айғай-шумен өлшенбейді. Адамдардың бір-бірін табалауы да белең алды. Сүрінгенді сыртынан ағаш атқа теріс мінгізуге құмбыл болып алдық.
– Отбасы институтының іргесін біз босатып алғандаймыз. Қоғамның беталысы да осыған бастаған да шығар. Үйдегі ата-ана да жұмыстан кейін баласымен отырып сөйлесу, ақыл айту, бағдар сілтеуден бұрын телефонға шұқшиғанды құп көреміз.
– Ұрпақ тәрбиесінде ағаттық жіберіп, ұрынбауымыз керек. Келешегіміздің тұтқасы болар келер буынды ұлттық құндылығымызға сай тәрбиелеудің салмағын баршамыз сезіне алғанда мұндайға жол берілмейтін шығар.
– Жұмыс кабинетіңізде кітап көп екен.
– Телеарнада өзіңіздің әріптестеріңіз, журналистер сұхбатқа шақырған, одан бөлек жұма намазының алдындағы уағыз-насихатқа әзірлену үшін, басқа да кездесулерге дайындық жүргізіп, қажетті дерек-дәйектерді түртіп алып отырамын. Кейбір кісілер өзінің кітабын сыйға тарту етеді, оны да парақтап шығамын. Уақытым жеткенше кітап оқуға тырысамын.
– Алматы облысындағы ауылдың мешітінде имамдық қызметті атқарып жүріп бас қаладан бірақ шықтыңыз. Ол жақтағы жамағатыңыз түсінбей қалған жоқ па?
– Астанаға ауысып келгеніме де алты айдан асыпты. Алғашында олар да абдырап қалғаны рас. Бірақ мен Құдайдан үнемі «менің көмегім қай жерге қажет, қай орта пайдамды керек етеді соған жеткіз» деп тілейтінмін. Алла қабыл етті. Қайда қызметке жіберсе де 5-10 жыл аралығында еңбек еттім. Ақтөбе облысында ғана аз уақыт қызмет еткен шығармын, басқа өңірге жібергенде тұрақтап еңбек еттім.
– Бірнеше облысқа бас имамдық қызметке де тағайындалдыңыз.
– Иә, 25 жасымда бұрынғы Жезқазған, қазіргі Ұлытау облысының бас имамы етіп тағайындады. Жұртпен жұмыла жұмыс атқардық. Мені 14 жасымда ауданның бас имамы етіп тағайындаған.
– Мектеп оқушысы қалай ауданның бас имамы лауазымына тағайындалады?
– Сол кезеңде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы діни оқуымызды тәмамдап келген соң сынақ емтиханын алып, өзі батасын беріп Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының бас имамы етіп тағайындауы кадр жетіспеушілігінен еді. Жамбыл ауданының ақсақалдары хат жазып имамға зәру екенін айтқан соң сынақ тапсыртып, мені жіберді. Оқуымды кешкі мектепке ауысып тәмамдадым. Күндіз ауданның бас имамы қызметін атқарам, кешкісін оқуымды жалғастырып мектепті тәмамдадым.
– Жамағаттың оқушы бас имамға ұюы қалай болды? Олқысынған шығар о баста?
– Халық болған жерде, көпшілік ортада әрқилы пікір айтылатыны, қолдау мен қолпаштау да, көңілі қоңылтақситындар да болады. Сұрапалды деген тәуір қызмет атқаратын ағамыз бар еді. Бір күні сол кісіге айттым. «Аға мен жаспын, оң мен солымды енді танып келемін» дегенімде тоқтам салар, ой түйер сөз айтып еді. «Сен жас болсаң да бас имамдыққа бекітті. Артыңда қарақұрым халық тұр. Білмеймін деп бүгежектеме, керісінше үйренуге, оқуға талпын, жамағатың өзіңді әлі-ақ қолдайды» деп қанаттандырып, жігерлендірді. Сол ағамыздың сөзінен кейін білмеймін деп тартынбайтын болдым, қайта ізденіп оқуға, елмен етене араласуға, ақсақалдардың әңгімесін тыңдауға ұмтылдым. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тәуелсіздігін жаңа жариялаған жас мемлекеттің мешіті де аз еді қазіргі кезеңмен салыстырғанда. 70 жыл бойы дін апиын деп үйреткен атейстік қоғамның қамытынан құтылған халықтың асыл дінге сусаған шағы еді. Содан да шығар имамға жамағаттың ықылас-пейілі ерекше болды. Сізге бір қызық айтайын, сол кезде кейбір қарт кісілер менің үстімнен арыз да жазды. «Мешіттің іші бала-шағаға толып кетті» деп. Ойын баласы кейде ұмытып кетіп асыр салып ойнайды, секіреді, үлкендердің үстінен аттайды. Соған ашуланып жазғаны болуы керек. Өзіміз жас болған соң қатарластарымыз да көп келуші еді. Кейін сол арыз жазғыш ақсақалдарымыз да біздің бағыт-бағдарымыздың алды жөн екенін ұғынды. Сол кезде ауданның әкімі ұлты орыс кісі болды. Ақсақалдар менің үйсіз жүргенімді айтып баспаналы болдым. Меркі ауданындағы ағаларым мен апайларымды сол үйге көшіріп алдым.