Универсиаданың ашылу салтанатында Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеген еді. Ал Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды түркі елдерінің басын қосқан спорт додасының маңызды екенін атап өтті.
«Түркі елдерінің екінші универсиадасы жоғары деңгейлі халықаралық жарысқа айналып отыр. Бүгін түркі әлемінің 6 мемлекетінен талантты спортшылар жиналды. Сіздер – сан ғасырлар әлемді мойындатқан Ер түріктің ұрпағысыздар! Осыдан 3 күн бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту жолындағы маңызды шешімдер қабылдады. Екінші Түркі универсиадасының да мақсаты осы. Біз барлық бауырлас елдермен жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Түркі елдерін жақындататын ауқымды жобаларды жалғастырамыз», деді Д.Сатыбалды.
Сондай-ақ облыс әкімі жарысты тарихи шаһарда өткізуге қолдау көрсеткені үшін Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығына алғысын білдірді.
Бауырлас елдер жастарының бірлігін бекемдеу, ортақ мәдениет пен тарихымызға қызығушылығын арттыруды мақсат еткен жарыстың қорытындысы бойынша волейболдан ерлер мен әйелдер арасында қазақстандық студенттер үздік атанды. Универсиаданың дзюдо және еркін күрес спорт түрлерінен, әсіресе Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің спортшы жастары жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстан командасының құрамындағы университеттің 5 студентінің төртеуі жеңіс тұғырынан көрінді. Футзалдан Қырғызстаннан келген команда, ал шахматтан Өзбекстан жастары бірінші орынға ие болды. Еркін күрестен Қазақстан алға шықса, дзюдода өзбек және әзербайжан студенттері көш бастады. Ал грек-рим күресінде Түркия елінің балуандары басқа құрама спортшыларына есе бермеді. Ерлер арасындағы үстел теннисі бойынша Мажарстан, қыздар арасында Түркия командасы жеңімпаз атанды.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да өткен сайыстың жабылу салтанаты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау бейнеролигімен басталды.
«Бұл сайыс спорттық бәсекемен қатар, шынайы достықтың да жарқын үлгісін көрсетті. Түбі бір түркі халқының тарихы мен дәстүрі, қуаты баршамызға ортақ мығзымас құндылық екені сөзсіз. Бұл сайыста түркі жұртының достығы мен шынайы бауырмалдығы жеңіске жетті деп есептеймін», делінген министр тілегінде.
Ал Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков универсиадаға қатысқан спортшылардың әрбірі өз елінің мақтанышы, үміт артқан ұрпағы, түркі елдері жастарының түркі мемлекеттерінің рухани астанасы – Түркістанда бас қосуы үлкен мәртебе екенін атап өтті. Салтанатты рәсім барысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы мен Қазақстан Ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті Мұхтар Есқалиев III Түркі универсиадасын өткізу үшін туды Қырғызстан Республикасы өкілдігіне салтанатты түрде табыс етті.
ТҮРКІСТАН