Заң • 12 Қараша, 2023

Жол қаржысын жымқырғандар жазаланды

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәлімдеуінше, Ғ.Мүсірепов ауданында бюджет қаражатын қолды қылу дерегі анықталған. Бұл заңсыздықты прокуратура қызметкерлері 2022 жылғы мәліметтерді тексеру барысында әшкерелеп отыр.

Жол қаржысын жымқырғандар жазаланды

Ауданның тұрғын-үй коммуналдық бөлімінің басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес тендерді ұтып алған мердігер компания орындауға тиісті автомобиль жолдарының жөнделмегеніне қарамастан атқарылмаған жұмыс актісіне қол қойып, 427 млн теңге төлеген.

Осыншама қомақты қаржыны заңсыз төлеген адамның есімі әлі күнге аталмай отыр. Сонымен бірге қаржыны түк істемей қалтасына басқан мердігер компания басшысының да аты-жөні белгісіз. Жөндеу жұмыстарын бақылауға мемлекет тарапынан тағайындалған техникалық қадағалау сарапшысының да есімі беймәлім. Жолдың жөнделгенін қадағалауға тағайындалған сарапшы да «жол жөнделді» деген өтірік актіге қол қойған. Осы істі қараған Петропавл қалалық соты Қыл­мыстық кодекстің 189-бабының 4-тармағы 2-тар­мақшасымен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін іске тікелей қатыс­ты үшеуінің әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бос­тандығынан айыру түріндегі жаза тағайын­дады.

Бірақ жолға қатысты мұндай оқиғалар өңір­де әлі де көп екенін тұрғындар жақсы біледі. Өйткені биыл ғана жөнделген жолдар келесі жылы шұрқ-тесік болып жатады. Бұл да жөндеу жұмыстарының және қолданылған материалдардың өте сапасыз, тек көзбояушылық үшін ғана жасалғанын көрсетеді.

Прокуратура органдары мұндай олқы­лық­тарды Петропавл қаласының жөнделді деген жолдарынан тауып отыр. Облыс прокуратурасының ресми сайтында: «Автомобиль жолдары туралы» заң талаптарын бұза отырып, Петро­павл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімінің лауазымды адамдары қаланың 20 көшесін ағымдағы және орташа жөндеу үшін орындалған жұмыстар актілеріне қол қойған, олар іс жүзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының белгіленген нормаларына сәйкес келмейді», деп жазылған.

Мердігер жолдарды шала жөндеп, серти­фикатқа сай келмейтін асфальт-бетон қоспасын пай­даланған. Ал бақылау мен қадағалауға тиісті шенеуніктер сапасыз жасалған жолдарды толық жөнделген деген актіге қол қойған. Осындай олқылықтар облыс орталығының жөнделді деген 20 көшесінің жолдарынан табылған. Әрине, бұл жерде де «бармақ басты, көз қыстылық» бар екені көрініп тұр. Әйтпесе, қаражаяу адамдар емес, ТКШ-ның мамандары жолдың қалай жөнделгенін білуге тиіс. Биыл ғана жөнделген жолдардың шұрқ-тесік болып жатқанын тұрғындар күнде көреді.

Прокуратура органдары тексеріп, тиісті акт жасағаннан кейін бұзушылықтарды жою және жұмысты қабылдау актісіне қол қойған лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар жүргізіліп жатыр.

 

ПЕТРОПАВЛ