Айтыс • 14 Қараша, 2023

Еңбек адамын ұлықтаған аламан айтыс

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. «Amanat» партиясының қолдауымен ұйымдастырылған дәстүрлі дода «Еңбек – ел ырысы» тақыры­бына арналып, онда еңбек адамдарының өнегесі өзек болды.

Еңбек адамын ұлықтаған аламан айтыс

Аламанның алғашқы күні мәдени кешке арнайы қатысқан Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамының мәртебесін көтеруді үнемі айтып жүргеніне ерекше назар аударып, Республика күні қарсаңында 700-ден астам қарапайым еңбеккерді мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өтті. Бұл адал да табанды жұмысымен Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп келе жатқан азаматтарымызға деген құрмет екенін атап өтті.

«Биылғы «Алтын домбыра» ақын­дар айтысының өзіндік мәні бар. Онда еңбек адамдарының өнегесі өзек болды. Себебі береке мен молшы­лық­тың бастауы – еңбекте. Ал оның иесі де, киесі де – қарапайым еңбек адамдары. Осы ретте Мемлекет басшысы «Адал азамат» ұғымын қоғам санасына сіңіруді ұсынды. Айналып келгенде, мемлекетті мемлекет, елді ел қылып отырған бай-бағландар емес, қатардағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі айрықша», деді Е.Қошанов.

Айтыс тізгінін ұстаған белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көп­шілік көрерменге қазылар алқасы­ның құрамын және ақындар қауымын таныс­тыра келе: «Айтыс – ұрпақтан-ұрпақ­қа әкенің қаны, ананың сүтімен жеткен қастерлі өнер. Бүгін елорда төрін­де еңбек адамының қадір-қасиетін, олар­дың қоғамдағы айрықша орнын жырға қосамын деп ойы өрелі, сөзі сүбелі айтулы ақындар бас қосып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін», деді.

Екі күнге созылған аламан айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 ақын өнер көрсетіп, кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтады. Жарыс соңында дәстүрлі доданың мәні мен маңызына тоқталған «Amanat» партиясының ат­қарушы хатшысы Дәулет Кәрібек партия тарапынан алдағы уақытта да мәдениет пен өнерге барынша қолдау көрсетіле беретінін жет­кізді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәр­тебесін көтеруді үнемі айтып келеді. Есілдің жағасында екі күн бойы ерекше өнер көрсеткен ақын­дарымыз еңбек адамының абы­ро­йын асқақтатып, олардың ел дамуы­на қосып жатқан өлшеусіз үлесін жырға қосты. Елді көркейтетін – еңбек. Айтыс деп аталатын асыл өнеріміз төрден түспесін», деді ол.

Өз кезегінде Мәдениет және ақ­­парат вице-министрі Арман Жүдебаев жыр додасын тамашалауға келген қалың көрер­мен мен ақындар қауымына шынайы алғысын білдірді. «Қазақ хал­қы ежелден айтыс өнерін жоға­ры бағалаған. Ел ішіндегі жақсы­лық­ты да, кемшілікті де сөз арқылы шебер жеткізіп отырған. Міне екі күнге созылған аламан айтыста біз­дің арқалы ақындарымыз да өз ше­бер­ліктерін ортаға салып, еңбек адамының мәртебесін асырып, мерейін үстем етті. Оларды қол­дап, қостап келіп отырған барша айтыссүйер ағайынға рахмет айтамын», деді вице-министр.

«Үндемесем өзіме өзім төре, сөйлеп кетсем өзіме сөзім төре», дейді қазақ халқы. Сол сөзге бүгін әділ бағасын берген қазылар алқа­сының ары таза деген ойдамын. Күміс көмейінен жақұттай жыр төккен ақындарымызға шалқар шабыт тілеймін. Ұлттық өнеріміздің беделі биік, абыройы асқақ болғай», деген қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова ақындардың өнерін бағалауда әдептен озбай, ардан аттамай әділ шешім болғанын атап өтті.

Осылайша қазылар алқасының шешімімен жарыстың бас жүл­десін қарағандылық ақын Мақсат Аханов иеленіп, оған «Алтын домбыра» мен автокөлік табысталды. Ал жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы қызылордалық Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын павлодарлық Аспанбек Шұғатайға бұйырды. 3-орынды ұлытаулық Төлеген Жаманов пен Батыс Қазақ­стан облысынан келген Жансая Мусина өзара бөлісті.

Сондай-ақ, жамбылдық Алина Айдаралы, Батыс Қазақстан облы­сының айтыскері Мұрадым Мейр­ланов және алматылық Шұғайып Сезімхан арнайы жүлде иеленді. Сайысқа түскен барша ақынға қомақты сый-сияпат табыс­талды.