Байқау шарты бойынша үздік оқырман оқушыларға спорттық велосипед, планшет және тағы басқа бағалы сыйлықтар беріледі. Жобаға жеке кәсіпкерлер демеушілік жасауда. Мектеп директоры Убайдулла Ералиевтің айтуынша, игі жобаға жастар арасында қызығушылық артып келеді екен. «Мектебімізде мұндай акция алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Кітап оқуға, білімін, дүниетанымын кеңейтуге құштар бала велосипедті басты мақсат етпеуі де мүмкін. Дегенмен велосипедті көріп кітап оқуға деген қызығушылығы арта түсетін балалардың қатары көбейеді деген ойдамыз», дейді мектеп директоры. Мұндай акция бұған дейін аудандағы тағы бір мектепте ұйымдастырылған екен. Нәтижесінде, жастарды кітап оқуға баулуда осындай жобалардың алар орны ерекше екені аңғарылған.
Сондай-ақ кітапханашылар ел тарихын білуге, дана Абайдың шығармаларын оқуға қызығатындар көп екенін айтады. Бұл орайда көне кітаптардың алар орны ерекше. Мысалы, №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп кітапханасында 1957 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан басып шығарылған Абай Құнанбайұлының екі томдық шығармалар жинағы сақталған. Бұл – мектеп кітапханасындағы көне әрі құнды кітаптардың бірі. Мектеп кітапханашысы Гүлмира Тұрысбекованың айтуынша, кітап 66 жылдан бері сақтаулы. «Мектебіміздің кітапханасында жалпы 15 351 кітап бар. Соның ішінде ең көне кітап – 1957 жылы басылып шыққан Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы сұранысқа ие болып тұр. Мұндай жәдігерлерді біз көздің қарашығындай сақтаймыз», дейді Гүлмира Тұрысбекова. Мектеп кітапханасында оқушылардың кітап оқуына барлық жағдай жасалған.
Түркістан облысы