Қоғам • 14 Қараша, 2023

Тарифті әлеуметтендіру жолы

213 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартпай, иесіз желілерді ретке келтірмей, білікті мамандарды тартпай, бұл салада ел тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге тырысу босқа әуре болумен тең. Сондықтан елімізде жүзеге асырылып жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына сәйкес электрмен, жылумен және сумен жабдықтау, су бұру инженерлік желілерін жаңғыртуға қомақты инвестиция тартып, 2029 жылға қарай тозу деңгейін 20%-ға төмендету межеленген.

Тарифті әлеуметтендіру жолы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«Еnergyprom» экономиканы мониторингтеу жобасы «қолданыстағы бағдарламаның бұ­рын елімізде жұмыс істеген ұқсас бағ­дар­ламадан айырмашылығы ‒ тек электр энер­гиясын өндіру секторын ғана емес, соны­мен бірге барлық желі арқылы ком­му­налдық қызмет көрсетуді қамтуында» деп сипаттайды. Жаңа тарифтік саясат тұ­ты­нушы мүддесін бірінші орынға қойып, тиім­ді бағамен сапалы қызмет көрсетуге негіз­делген.

Республикамыздың инженерлік инфра­құ­рылымы өткен ғасырдың 60-70-жылдарында салынғандықтан, оның үштен екі бөлігінен астамының тозуы таңғаларлық емес. Оған қоса қалалар өсіп, халық саны артып келеді. Тиісінше, коммуналдық қызметтерге жоғары қажеттілік желілерге жүктемені күшейтеді, бұл олардың тез тозуына әкеледі. Тарифтерді белгілеу шеңберінде табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) тозу деңгейіне қарай үш санатқа: қызыл (тозу деңгейі 65%-70%-дан жоғары), сары (тозу деңгейі 55%-65%) және жасылға (тозу деңгейі 55%-дан аз) бөлінген. Тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестиция тарту негізгі басымдық ретінде қолданылады. Қазір осындай 87 кәсіпорын бар болса, оның ішінде қосымша инвестицияларды ескерумен 76 кәсіпорынға жаңа тарифтер мен инвестициялық бағдарламалар бекітілген.

Сары және жасыл аймақтарда орна­ласқан кәсіпорындарға осы жылы бекі­тілген инвестициялық бағдарламалар аясында жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Олар бойын­ша жұмысшылардың жалақысын көтеруге және иесіз желілер мен құрал-жабдықтарды ұстау шығындарын енгізуге ден қойылған. Мысалы, биыл 267 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып, оның үштен біріне жуығы қызыл аймақтағы кәсіпорындарды жөндеу мен жаңғыртуға арналған. Нәти­же­сінде, алдағы жылдың өзінде бірқатар кәсіпорын тәуекелдердің төмендеуімен қызыл аймақтан шығып, сары аймаққа енеді.

Ұлттық экономика министрлігі биыл 1 шілдеден бастап қысқа мерзімде тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге ТМС-тан 212 өтінімді мақұлдаған. Сонымен қатар электр энергиясын өндіру тарифінің өсуі (27%), кәсіпорын қызмет­керлері жалақысының ұлғаюы (50%-100%), тауарлық газдың көтерме бағасының қымбаттауы (12%) және стратегиялық тауарлардың ‒ көмір, мазут, жағармай құнының артуы қосымша факторлар болды. Нәтижесінде, коммуналдық қызмет тарифтерінің өзгеруі тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, орташа 10%-дан 30%-ға дейін айтарлықтай қалыпты болып шықты. Бұл ауданы 60 шаршы метр екі бөлмелі пәтердің орташа түбіртегіне шамамен 3-4 мың теңге қосымша ауыртпалық. Бұған қоса халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары коммуналдық төлемдер бо­йынша шығындардың бір бөлігін өтеу арқылы коммуналдық қызметтерді төлеуде әкімдіктердің көмегіне иек арта алады. 2022 жылы отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсету кезінде шығынның рұқсат етілген шекті деңгейі 10%-ға дейін төмендеді.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету – пайда табу көзі емес, әлеуметтік бағыттағы бизнес. Екінші жағынан, жаңа тарифтер тек тұтынушылар есебінен ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік бюджет пен монополистердің өз қаражаты есебінен де құрала береді. Мысалы, биыл жылумен қамтамасыз етуге инвестицияланған 130,2 млрд теңгенің 58,7 млрд теңгесі тариф есебінен, 68,6 млрд теңгесі бюджет есебінен, 2,9 млрд теңгесі кәсіпорындардың есебінен салынды. Сол секілді биыл электрмен қамтамасыз етуге 92,2 млрд теңге инвестиция салынып отыр. Оның ішінде тариф есебінен ‒ 88,5 млрд теңге, бюджет есебінен ‒ 3,5 млрд теңге, меншікті қаражат есебінен 0,2 млрд теңге болды. Ал сумен қамтамасыз етуге 29,5 млрд теңге инвестиция салынып, оның ішінде тариф есебінен ‒ 14,3 млрд теңге, бюджет есебінен ‒ 15 млрд теңге, меншікті қаражат есебінен 0,2 млрд теңге бөлінді. Су бұру бойынша көрсеткіштерге келсек, 15,3 млрд теңге күрделі салымның 9,6 млрд теңгесі тариф есебінен, 5,4 млрд теңгесі бюджет есебінен, 0,3 млрд теңге монополистердің жеке қаражаты есебінен құралған.

Осылайша, инженерлік инфра­құры­лым­ды дамыту мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Кез келген жаңа нысан, тұр­ғын үй кешені немесе кәсіпорын қажетті инфра­құ­ры­лыммен, инженерлік желілермен, электр­мен және сумен жабдықтау қуаттарымен қам­тамасыз етілмей, ешқашан пайдалануға беріл­мейтіні анық. Өз кезегінде әкімдіктер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіп­орындары жоспарлы және қосымша жөн­деу жұмыстарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, алдағы жыл­дарда желілердің тозуын азайту үшін құ­жаттама дайындауы керек.

Сонымен қатар ТМС жұмысы да тиісті орган тарапынан бақылауға алынған. Мәселен, 2021 жылы ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті 2020 жылға арналған инвестициялық бағдарлама іс-шаралары мен тарифтік сметаларды іске асыру туралы ТМС есептерін қарай келе, міндеттемелердің орындалмағанын анықтады. Сөйтіп, жалпы сомасы шамамен 13,3 млрд теңгеге 300-ден аса ТМС-ға уақытша өтемдік тарифтер (УӨТ) бекітілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша УӨТ мақұлданған ТМС саны қазір 336-ға жетіп, оның сомасы 14,1 млрд теңгені құрады. Яғни монополиялық тәртіп бұзушылар көбейді. Қазіргі уақытта 2022 жылға арналған есептер қарастырылып жатыр және бүгінгі таңда УӨТ жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге 296 ТМС үшін мақұлданды.

ҰЭМ ТМРК жыл сайын инвестициялық бағ­дарламалар мен тарифтік сметалардың ТМС шараларының орындалуына талдау жасайды. Егер монополист тарифті ал­ған кезде белгілі бір міндеттемелерді орын­д­амаса, мысалы, жаңғырту және дамы­ту бойынша өзі қабылдаған немесе­ қандай да бір негізсіз кіріс алса, бұл комитет тарапынан УӨТ енгізуге әкеп соғады. Нәтижесінде, тариф­те­рі уақытша төмендетілген тұтынушыларға қаражат қайтарылады.