Чемпионатқа қатысқандардың қарасы көп. Финалға еліміздің 20 өңірінен келген 214 қатысушы әуелі 4 мыңнан астам адамның арасынан іріктеліп алынған. Осыған қарап-ақ, елімізде роботтехника саласына қызығушылықтың жоғары екенін байқауға болады. Ал осы спорттық роботтехника чемпионаты 2016 жылдан бері өткізіліп келеді.
Еліміздің түкпір-түкпірінде көктемнен бастап іріктеу кезеңдері өтіп, 5 қарашада Астана қаласында облыстар мен мегаполистердің командалары басын қосқан финал болды. Чемпионатқа ауыл балалары, аула командалары, жеке роботтехника мектептері, мамандандырылған лицейлер мен колледждер қатысты. Байқауда ұлттық спорт түрлері мен ойындарынан жарысқан роботтарды әзірлеушілер басқарып отырды.
«Біздің ұйым қоғамдық қағидаларға негізделген және қызметіміз үшін қаржылық өтемақы алмаймыз. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты – ғылыми-техникалық шығармашылықты кеңінен насихаттау және балалар мен жастар арасында инженерлік мамандықтардың беделін арттыру. Сонымен қатар біз инженерия саласындағы өзекті мәселелерді шешуде және заманауи технологиямен жұмыс жасауда алған білімімізді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береміз. Біз информатика мұғалімдерінің біліктілігін арттырумен де айналысамыз, себебі роботтехниканы оқытуда басты жауапкершілік сол кісілерге жүктелген. Айта кетерлігі, біздің барлық іс-шараларымыз демеушілердің қолдауының арқасында өтіп жатыр», деді «ҚазРоботикс» отандық білім беру және спорттық роботтехника федерациясының президенті Айжан Жекеева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық тапсырманы NatRoboCom робоспортының ұлттық түрлерін дамыту қозғалысы мен «ҚазРоботикс» федерациясы мүшелері әзірлеген. Техникалық регламенттер жылдамдық пен дәлдік бойынша конкурстық форматта орындау үшін оқу роботтарының үлгілерін құру және бағдарламалау дағдыларын анықтауды ескере отырып әзірленген.
«Чемпионат инновациялар мен озық технологияларға қызығушылықты арттыруға, сондай-ақ дарынды жастарды анықтап, қолдауға септігін тигізеді. Бұл жарыс әлемдік стандарттарға және олимпиадалар мен чемпионаттардың ережелеріне сәйкес өткізілетін спорттық жарыстарға ұқсайды, бірақ қатысушылар – адамдар басқаратын роботтар. Мұндай байқаулар елімізді жоғары білікті ғылыми-техникалық кадрлардың жаңа легімен қамтамасыз етуге көмектесетініне сенімдіміз», деді Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры Дәулет Беймурзинов.
Чемпионат аясында роботтехниканы дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, сарапшылар сөз сөйлеп, федерацияның аймақтық өкілдері өз тәжірибелерін бөлісті. Жеңімпаздар Astana IT Unversity алаңында салтанатты түрде марапатталды.
Айта кетейік, KazRoboSport-2023 спорттық роботтехникасы бойынша республикалық чемпионаттың ұйымдастырушысы – «ҚазРоботикс» Қазақстан білім беру және спорттық роботтехника федерациясы. Ал байқауға Astana Hub халықаралық технопаркі демеушілік етті.