Мекемтас Мырзахметұлына жүгінелік. «Абай шығармаларында хауас сөзі үш жерде, үш түрде кезігеді: Хауаси хамса заһири, хауас салим, хауас. Хауаси хамса заһири – сыртқы бес сезім мүшесі: көру, есту, ұстап білу, дәмін тату, иіс арқылы сезу. Хауас сәлим – осы сезімнің былғанбаған, табиғи таза түрі. Хауас – бірінші мағынасы – ішкі бес сезім мен сыртқы бес сезімнің қосындысы, екінші мағынасы – Алланың сегіз сипатының қосындысы, үшіншісі – хауас деп хакім Жаратушының өзін айтады». Яғни ғалымның зерделеуі бойынша хауас ұғымының қырлары көп. Абай жыры Жаратушыны ақылмен емес, жүрекпен сезіну арқылы терең біле алатынымызды меңзейді. Бір өлеңінде:
«Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойға жұқпас сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар», – деп ынталы жүрек қуатын алға шығарады.
Түркі-Шығыс ақындары көбіне «жүрек культін» жоғары қояды. Абай тамырын мұнаралы мұралардан алып, тереңдете түседі. Шын мәнінде, кеңестік сана жадымызға енгізген еуроцентристік, затшылдық ұғымдардан, дүниенің көрінген сырларына бәйге жариялаудан әлі күнге арыла алмай келеміз. Шығыстық танымға селкеу түскен соң, өткен ғасырда Шығыс ақындарының жырлары құр дидактикамен аударылғаны мәлім. Осы тұста Абайды Шығыс ақындарының шәкірті деп айтсақ, жаңылыс емес. Ақын өзі медет тілеген Шығыс шайырлары арқылы дүниетанымын кеңейтіп, түп иені іздеуге жол ашты. Мәселен, пәкістандық шайыр Мұхаммед Икбалдың мына бір шумағына үңіліп қаралықшы.
«Құшағын ашты жар,
Ей, пенде!
Құдайдың жұпар иісі
бар сенде.
Құшағын ашты жар,
Жүректі қан,
кірпікті жас шылар.
Өртенсең,
ышықтан шырқырап,
Сол иіс бұрқырап,
Ғаламды мас қылар!»
(аударған Светқали Нұржан)
Яғни Икбал жүректі махаббат өртімен орай білсе, адамзатқа жарық таратар нұрға айналатынын меңзейді. Ал мұны Абай: «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі» деп келте қайырады. Міне, сабақтастық.
Ал жүрек сұлтаны Мәулана Руми мәснәуилерінің бірінде:
«Жан денеге:
«Ей, қоқыс, сен кімсің?
Бір-екі күн менің жарығыммен
өмір сүрдің.
Еркелігіңнен, назыңнан
дүниеге сыймаймын,
Күте тұр, сенен бір шығайын,
сосын көреремін...» –
деп айтар деп, тотықұстай тән торына қамалған жанның зарын бейнелейді. Астары шексіздікпен шектескен шумақтарда Руми жанды оятуға, жүректі қорғауға, жүректің қырларын ашуға үндейді. Ал Абай хакім:
«Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойға жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар», –
деп ынталы жүректің бәсін жоғары қояды.
Хакімнің тағы бір шығыстық ерекшелігі – замананы болжауы. Келер уақытты болжап, бағалау көбіне шығыс ақындарына тән құбылыс екені даусыз. Мәселен, Фирдоусидің «Шаһнамасында»:
«Ойлашы, өзің өлтірсең,
Менің сөзім өлер ме?
Ол бір туған көкте күн,
Екпін тисе сөнер ме?!
Аш-жалаңаш тарықтым,
Жасытпадым көңілді.
Соқтым парсы еліне,
Сөз қорғанын құламас», – деп сөзінің өлмейтінін, парсы еліне сөз қорғанын соққанын алдын ала болжайды. Шынында, неше ғасырдан бері «Шахнама» дастаны мәңгілік суындай адамзатқа қызмет етіп, парсы елінің төлқұжатына айналды. Шығысшыл Абайдың әртүрлі болжалды жырлары жетерлік. Бұл – бөлек мақалаға жүк боларлық іргелі тақырып.