Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық-атқару кодексінің 92-бабы 3-бөлігіне сәйкес Кәрім Мәсімов прокуратураның санкциясымен қылмыстық іс шеңберінде бірқатар тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторына қалдырылғаны белгілі болды.
«ҰҚК К.Мәсімовке қатысты ҚР ҚК-ның 218-бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)» және 366-бабы «Аса ірі көлемде пара алу» бойынша соталды тергеп-тексеруді жалғастырып жатқанын хабарлаймыз», делінген комитет таратқан хабарламада.
Еске салайық, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті 18 жылға және оның орынбасарлары А.Садықұловты 16 жылға, Д.Ерғожинді 15 жылға қамау үкімін кессе, М.Осипов билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді.