– Дәуренбек Мәжитұлы, ұлттық валютамыз – теңгені қалай бағалаған дұрыс? Мемлекеттік рәміздер қатарына қоюға бола ма?
– Ұлттық валютаны мемлекеттік рәміз ретінде де бағалаған дұрыс. Оны мемлекеттік Ту және Елтаңбамен қатар қоюға болады. Өйткені мемлекеттің басқа дербес атрибуттары сынды теңге де – ел тәуелсіздігін экономикалық тұрғыда айшықтайтын нышан. Мен теңгеге экономикалық категория тұрғысынан қараймын. Теңге ақша болғандықтан, өзінің атқаратын функциялары бар. Құн өлшеу және айырбас функциясы. Төлемдерді біріншіден екіншіге, одан әрі үшіншіге аударуда Қазақстанның барлық төлем жүйесі ұлттық валюта – теңге арқылы жүргізіледі. Сондықтан теңгені ұлттық рәміздер қатарына қоюға қосыламын. Онда ешқандай астамшылық немесе әбестік жоқ. Еліміз тәуелсіз мемлекет болған соң, өзінің ақша-кредит саясаты бар. Сол себептен рәміздерге қарағанда теңгенің категориясына, атқаратын функцияларына көбірек көңіл бөлемін.
Негізі ақша жүйесін жасауда әр мемлекеттің өз идеясы мен идеологиясы болады. Біздің де ұлттық валюта туралы дизайн тұжырымдамасы бар. Оны тек Ұлттық банк қана емес, ел Президенті бекітеді. Ұлттық банк төл валютаны айналымға шығаратын және сол жүйені басқаратын болғандықтан, барлық жұмысты, бүкіл идеяны алға қойып отыратын бірден-бір құзыретті орган. Бірақ ұлттық валютаның қағаз немесе металл күйіндегі соңғы үлгілері сол дизайн тұжырымдамасына сай болуы қажет.
Мемлекеттік рәміздер – теңгенің айшықты ерекшеліктері болуымен қатар, ұлттық идеологияны жүргізудің, оны азаматтардың санасына сіңірудің бір құралы да. Бастапқы кездегі ұлттық валютаға қараңыз. Онда ұлттың ұлы тұлғаларының портреттері таңбаланды (1 теңге – Әл-Фараби, 3 теңге – Сүйінбай, 5 теңге – Құрманғазы, 10 теңге – Шоқан, 20 теңге – Абай, 50 теңге – Әбілқайыр хан, 100 теңге – Абылай хан). Кейінгі сериялардың банкноттарын жасауда жаңа технологияға қатты көңіл бөлінді. Бүгінде ешкім банкнотты әуел бастағыдай қолмен сызып, сурет салып отырмайды. Дизайны да, басқасы да компьютермен жасалады. Қазір теңгеге керекті істің бәрін атқаратын – цифрлы технология.
Ұлттық валютаның бетіне ұлттық таным нышандарын нақыштай беру керек. Сондықтан теңгенің екінші сериясында Бәйтерек пен оның айналасы көрініс тапты. Бұл 2007 жыл еді. Ол серияда портреттік нұсқалардан шығып, дамып келе жатқан жаңа Қазақстан, Астанамыздың символына айналып, көк аспанға қол созған Бәйтерек көрсетілді. Ал екінші бетін бір қалыпқа әкелдік.
– Теңге дүниеге қалай келді? Бұл ұлттық игі жұмыстың басында кімдер тұрды?
– Мен банк саласына 1994 жылы келдім. Ұлттық валюта айналымға 1993 жылы 15 қарашада енгізілді. Әуелі қызметімді коммерциялық екінші деңгейлі банктерден бастадым. Ал Ұлттық банкте 1997 жылдан бері жұмыс істедім. Әуелі Ақша департаментін, кейін Қарағанды бөлімшесін басқардым. Бөлімше жұмысы ретке келтіріліп болғанда, орталыққа қайта шақырып, Ұлттық банк төрағасына кеңесші қызметін берді. Зейнетке шыққанша табан аудармай сонда еңбек еттім.
Айтайын дегенім, теңге туралы тарихи оқиғаларды жақсы білемін. Ұлттық валютаны жасап, айналымға енгізуде алапат үлкен жұмыс жасалды. Ақшаны айналымға енгізуде техникалық күрделі кедергілер көлденеңдей бергені – бір жағы ғана. Ал саяси-әлеуметтік жағынан өте-мөте қиын болғанын Ұлттық банкте 20 жылдай қызмет еткен тәжірибемнен жақсы білемін. Онда бірыңғай экономикалық зонада Ресейден шығу (бөліну) керек пе, жоқ па деген күдік, күмәнге толы аса үлкен проблемалар тұрды. 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздікті жарияладық. Ал Балтық жағалауындағы елдер 1990 жылдың басында егемендігін жариялап, төл валюталарын айналымға енгізіп жіберген еді. Ал біз – кеңестік республикалар ішінде КСРО құрамынан ең соңынан шыққан елміз. Соған сай беріге дейін рубль зонасында жүрдік. Басқа мемлекеттер рубль зонасынан 1990-1991 жылдары шығып кеткен болса, біз 3 жылдан кейін ғана ұлттық валютамызды айналымға кіргіздік. Бұл жұмыс құпия түрде жүзеге асырылды. Себебі айтылған мәселелер өте көп талқыланып, әр теңге мен тиын, тәуелсіз экономикалық саясаттың жөн-жосығы мен бағыт-бағдары қайта-қайта есептелді. Айналдырған 1-1,5 жылда Ресей мен Қазақстан арасында он шақты рет үкіметаралық кездесу болған. Ең жоғары басқарушы органдардың да бір пәтуаға келуі оңай болмаған. Оны Ұлттық банктің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров естелігінен біле аласыздар. Теңгенің жасалып, айналымға енуіне куә болған мықты мамандармен бірге қызмет істедім. Олардың айтуына қарағанда, 1992 жылдан бастап «теңге жасауды аса құпия түрде жүргізе берейік. Оны кіргіземіз бе, жоқ па немесе қандай жолмен енгіземіз – оның бәрі сол кезде шешіледі», деп мамандар бір пәтуаға келген. Сөйтіп, теңгені жасау жұмысын бір сәтке де ірікпеді.
Ұлттық банк төрағасы болмаса да, аса көрнекті мемлекет қайраткері Дәулет Сембаев теңгені жасауда, айналымға енгізуде көп еңбек сіңірді. Ол кезде бұл кісі Үкімет басшысының бірінші орынбасары еді. Кейін Ұлттық банк төрағасы қызметін де абыроймен атқарды. Осы Д.Сембаев, Ғ.Байназаров сынды саясат пен экономика саласындағы саңлақ ағаларымыз бастаған арнайы топтар теңгені жасады, айналымға енгізді, түп-тамырына қуат беріп нығайтты, әлемдік нарықтағы орнын нықтап қалыптастырды.
Төл валютаны айналымға кіргізуге атсалысқан, әсіресе оның қажеттігін жоғары деңгейде дәлелдеп берген сол кездегі ірі қайраткерлер болды. Олардың алдыңғы легінде Жоғарғы кеңестің Бюджет-қаржы комитетінің төрағасы болған Тәкежан Тауфикұлы жүрді. Елімізде тұңғыш әрі соңғы вице-президент болған Ерік Асанбаев та төл теңгенің керектігін дәлелдеп, қорықпай қолданысқа енгізілуіне басшылық жасаған. Бұл кісі мемлекеттің іргетасын қалап, тәуелсіздік туын биікке көтерген тау тұлға, еліміздегі өте ірі экономист болды. Рубль зонасынан шығып, ұлттық валютаны айналымға кіргізу тұжырымын жасап, оны қорғап, қолдаған қайраткер Ерік Асанбаев еді.
Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары мен көптеген маманы төл валютаны қолданысқа беріп, халықтың дұрыс пайдаланып кетуі үшін көп еңбек сіңірді. Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Тимур Сүлейменов, алғашқы теңгедегі ұлт ұлыларының портреттерін салған Ағымсалы Дүзелханов сынды ерен өнер иелері төл ақшаны ел азаматтарының жанына жақындатып, ондағы идеологияны жадына сіңіре білді. Теңгенің теңге болуында осы аталған адамдардың еңбегі ұшан-теңіз. Әрине, қысқа мерзімде өз тапсырмасын орындап, келіп-кеткен қаншама адамның еңбегі бар. Біз тек қана қадау-қадау ерен тұлғаларды ғана атап өттік.
Елімізде сонау Алтын Орда дәуірінен былай қарай Монета сарайы, ақша банкнотын жасайтын ешбір технология болған жоқ. Оны аяқастынан салу – аса күрделі шаруа. Ал қазір Өскемендегі Монета сарайына барсаңыз, заманауи құрылғылармен, жоғары деңгейдегі технологиямен жабдықталған кәсіпорынды көресіз. Халықаралық экспертизада мынадай ұғым бар. Қай мемлекетте өзінің банкнот фабрикасы мен Монета сарайы бар, демек ол ел техника-технологиялық тұрғыдан артта қалмаған. Құдайға шүкір, соның бәрі бізде өте жақсы жұмыс істеп тұр.
– Балтық жағалауы елдерінен бастап, бүкіл Қап тауындағы республикалар, көрші Өзбекстан, Түрікменстан сияқты елдердің бәрі ұлттық валюталарын ашық түрде айналымға кіргізді. Сонда теңгенің шығуын соншалықты құпияландыру неге керек болды?
– Оларда саяси шешім ашық қабылданған ғой. Өзбекстан, Грузия, т.б елдер неге банкноттарын құпия түрде жасаған жоқ? Өйткені олар өздерінің тәуелсіздік декларациясында ұлттық валютасы болатынын анық жазып көрсетті. Онда «Өзіміздің ұлттық атрибутымыз, ұлттық валютамыз болады» делінген. Ал біз көп ойланып-толғандық. «Рубль зонасынан шығамыз ба, жоқ па?» деген сияқты. Соның салдарынан Егемендік декларациясында ұлттық валюта туралы ондай шешімдер жазылған жоқ. Ал басқа республикаларда экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық тәуелсіздік – бәрі бір-ақ қабылданды. Ұлттық валютаның құпия түрде жасалғанының сыры осында.
– Тәуелсіздікті жаңадан алған елдердің ұлттық валютасын экономикалық айналымға енгізу үшін қандай шарттар мен қағидалар болуы керек? Алтын қоры немесе жерасты қазба байлықтары сынды қазынасы мол болуы тиіс пе? Болмаса әлемдік қаржы орталықтары мен Дүниежүзілік банктерде қандай да бір мөлшерде ұлттық қоры болуға тиіс пе? Немесе үлкен бір елдің, әйтпесе жаһандық ірі қаржы институттарының кепілдемесіне зәру ме?
– Ұлттық валютаны шығарғанда, оның теңге екенін анықтадық. Ол үшін Жоғарғы кеңесте арнайы конференциялар ұйымдастырылып, пікірталастар мен ой жарыстары өткізілді. Ол кезде мен ҚарМУ-да проректор едім. Жас едік. Сол конференцияларда екі бағыт бойынша жұмыс жүргізілді. Бірінші – теңгені айналымға тікелей енгізу. Екінші – теңгені бірнеше жылға жоспарлап, рубльмен параллель жүргізіп енгізу. Кеңес одағы кезінде ақша, кредит реформасында жаңа ақша ескі валютамен қатар қолданылып, өтем, айналыс, құн өлшеу құралы ретінде қызметін атқарып жүре беретін еді. Сөйтіп, уақыт өткен сайын ескі банкнот, дизайн айналымнан шығарылып, жаңарып тұратын. Бұл да – тәжірибеде өз тиімділігін дәлелдеген тәсіл. Бірақ бұл – бір мемлекеттің территориясында, бір елдің ішіндегі екі республикада болатын жағдай. Ал бізде империя құлап, бәрі жеке-жеке тәуелсіздік алып кеткеннен кейін, ендігі бөтен елдің валютасымен параллель жүргізу нонсенс болатын еді. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан қосымша барлық дүниені шеткері ысырып тастап, бір-ақ сәтте айналымға кіргізу керек деген шешім шықты. Әдепкіде Президенттің екі Жарлығы жарияланды. Теңгенің айналымға қандай амал-тәсілмен енгізілетіні, шетел валюталарымен бағамы қалай болатыны Президент Жарлығында анық көрсетілді.
Жоғарғы кеңес ұлттық валютаның атын теңге деп қойып берді. Ортақ пікірталастарда танга, тенге, сом, сум, ділда, пұл деп те атағысы келген екен. Түрлі ұсыныс-пікірлер мен үлгілердің бәрі қарастырылған ғой. Енді теңгені айналымға шығаруда қандай шарттар болуы керек дегенге қайырылсақ. Ол қалай бостан-босқа айналымға енгізіле салады? Негізінде, әр ұлттық валютаның артында материалдық құндылықтар тұрады. Теңгені айналымға енгізерден бұрын үлкен есептеулер жүргізіліп, олар әбден пысықталған еді. Елімізде жалпы қанша ішкі жалпы өнім бар, оның бағасы қандай, оны басқаруға қанша ақша керек деген секілді есептеулер тыңғылықты жүргізілді. Одан кейін валютаны айналымға енгізерде оны бір мемлекеттік құзыретті органға жүктейді. «Сен өзіңнің активтеріңмен, жарғылық қорыңмен шығарылған ақшаны жүйелейсің», деп тапсырады. Содан Ұлттық банк ақша миссиясымен, ақша-кредит саясатымен, жарғылық қорымен айналымға шығарылған ақшаны түгел жабуы керек. Шығарылған теңгені айналымда жүргізетін құзыретті орган – Ұлттық банк. Сондай-ақ айналымға шығарылған теңгенің бәрі – бас банктің міндеттемесі. Неге біз теңгеге, ұлттық валютамызға сенуіміз керек? Қағаз ақша күйінде немесе металл түрінде шығарса да? Өйткені шығарылған ақшаны қайтарып беру, оны құнсыздандырмау және оның ішкі әрі сыртқы сатып алу қабілетін әлсіретпеу – Қазақстан Республикасының, оның құзыретті органы Ұлттық банктің функциясы. Неге ҰБ өзінің алтын резервін жасайды? Ол тегіннен-тегін емес. Қазір сол алтын резерві 60 млрд-қа жетіп қалды. Бұл – бір ғана Ұлттық банктің алтын резерві. Ол не үшін? Бұл оның жауапкершілігіне алған міндеттемесі екен. Қазір айналымдағы бір ғана ақша агрегаты – МО, бұл қолма-қол ақша қазір 10 млрд-тан асты. Сол 10 млрд-тай ақшаны қандай да бір форс-мажорлық жағдай болса, халықтың қаражатын қайтарып беруге, оны өткізуге, қажетті барлық жағдайды жасауға ҰБ-ның өзінің ақша қоры, алтын резерві бар.
– Демек теңге алғаш айналымға енгелі тұрғанда сондай резерв елімізде болды ғой?
– Әрине, қазіргідей көп емес те шығар. Бірақ теңгенің нығайып алуына жеткілікті қор болған. Одан кейін оны көбейтіп, молайту шаралары қарқынды жүргізілді. Еске алсақ, ол кезде шығарылған ақшаның түрі – 100 теңге ең үлкен банкнот болды. Негізі бізде ең көп резерв алтын еді. Бізде ақша жасау мүмкіндіктеріміз аз болғанымен, алтын өндіру өте жоғары деңгейде болды. Баршаға мәлім, Қазақстан жыл сайын 10 тоннадан аса алтын өндіре алады. Ол кезде де, қазір де. Оның көп бөлігі еліміздің алтын резервін толтыруға жұмсалады.
– Қазір ел тарихын Алтын Ордамен байланыстырсақ деген талпыныс бар. Осы теңге тарихын да сол кезден бастауға қалай қарайсыз? Ол кезде де мемлекеттік монеталарымыз болды ғой.
– Мен тарихшы емеспін. Сондықтан теңгенің тарихын қай кезеңнен бастау керегін нақты айта алмаймын. Жай азамат ретінде көңіл аудартқым келетіні, біздің тарихымыз тасқа басылған, өте тереңнен тамыр алады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Экономикалық қатынас, қазіргі жағдайда болмаса да, Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттық қатынасының бәрі де тауарлы-ақшалай қатынасқа негізделген. Тек қана натуралды түрде айырбас болған жоқ. Неге біз Ұлы Жібек жолына көп көңіл аударамыз? Экономист ретінде айтарым, біздің елді басып өткен Жібек жолдарында «сен маған 10 метр жібек мата әкел, мен саған 5 дорба құрт беремін» деген сияқты алыс-беріс емес, ақша арқылы сауда қылуға тырысқан. Алматы айналасында, көне Тараз, Сайрам, жалпы оңтүстік өңірлерде қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттегенде сауда-саттықта жалпыға бірдей эквивалент ретінде жүрген темір, күміс ақшалар пайдаланылғаны анықталғалы неше заман өтті. ҰБ және оның филиалдарының мұражай көрмелерінде олардың көптеген түрі самсап тұр. Дирхам, қарап отырсаңыз оның бағасы араб тілінде жазылып көрсетілген. Оған қоса қай жерде шығарылғаны таңбаланған. Ол заманда да сол ақшаларды жасайтын станоктар болған. Дирхамның қолданыста болған кезі – 1400-1500 жылдар. Бұл Алтын Ордадан әрі немесе бері кезде шығар. Қазба жұмыстары кезінде табылған темір ақшалар жалпы көлемде төлем құралы еді. Сол кездегі ақша айналымы тауарларды натуралды айырбаспен алу шарасы біртіндеп кете бастағанын көрсетеді. Бұл айғақтар қазақ жерінде ежелден ақша болғанын, онымен сауда-саттық қатынасын жасағанын дәлелдейді.
– Демек ақша қолданысы біздің халқымызда ежелден болған. Енді теңгенің шыққанына 30 жыл толғанда ол туралы қандай жетістікті айтып мақтануға болады?
– Теңгені техникалық, технологиялық тұрғыдан алатын болса, қағаз күйінде де, металл түрінде де биік деңгейде. Банкноттар озық технологиямен жасалады. Бұл жағынан ешкімнен кем қалып жатқан жоқпыз. Оған дәлел, Қазақстанның банкнот фабрикасында басқа мемлекеттердің де тапсырыстарын орындап, салаға қатысты кез келген затын жасауға мүмкіндігіміз бар. Еліміздің Өскемендегі Монета сарайында да үздік технологиялар. Соның арқасында бізде шығарылып жатқан ескерткіш, мерейтойлық, тағы басқа монеталардың сапасы өте жоғары. Екі фабрика да 1993-1995 жылдары салынды. Сондықтан дамыған технологиялар пайдаланылған еді. Нәтижесінде, банкнот жасап шығару технологиясы мінсіз сапалы деуге болады. Теңге сарайында бірде-бір көне технология қолданылмайды. Әрине, технология жыл сайын жаңғыртылып отырады.
Жаңа технология неге біздің артықшылығымыз? Мысалы, көрші Ресей Федерациясы да өз технологиясын пайдаланады. Оның Батыстан әлдеқайда кейін қалып келе жатқаны ешкімге құпия емес. Оған қоса олар патша заманынан бері қолданылатын технологияға қарап отыр. Тағы бір артықшылығымыз, мамандарымыз жаңа технологияны тез арада меңгеріп, жұмысты сапалы алып кете алды. Екінші жағынан, біздің банкнот фабрикамыз бен Монета сарайымыз өздері қосымша шаруалармен де айналыса береді. Ұлттық банк ақша бастырғанда оның құны қанша тұрады, соны банкнот фабрикасына төлейді. Басқа уақытта екі сарай да өзінің қызметін коммерциялық бағытта жалғастыра береді. Пайда табумен шұғылданады. Теңге сарайында жүзден аса атаулы бүкіл қорғаныс элементі бар құжаттарды басып шығарады. Онда қауіпсіздік мығым. Ешқандай ақпарат ешқайда шықпайды. Қай жерде қандай қорғаныс элементі барын біледі. Мысалы, жеке куәлігіңіз, төлқұжатыңыз сол банкнот фабрикасында жасалады. Онда өзіңіз туралы ақпараттың бәрі бар. Оған қоса мұқият қорғалады. Бірер келеңсіздік бола қалған жағдайда құжатыңыздағы ақпарат қажетіңізге жарайды. Әлемнің кез келген еліне ұшақпен ұшатын болсаңыз, сізден қайдан келе жатырсың деп сұрай бермейді. Өйткені сұрағына қажет ақпараттың бәрі төлқұжатыңызда тұр. Оның сыртында қаншама мемлекеттік маңызды әрі құпия құжаттар бар. Соның бәрін елдегі Теңге сарайында басып шығаратынымыз қандай жақсы. Айтқандай, қорғаныс элементтерімен шығатын акциздік маркалар, аттестат, диплом сынды жеке бас құжаттары – оған қосымша. Сондай-ақ күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының куәліктері де Теңге сарайында жасалады. Қазір бәрінде міндетті түрде чип болуы керек.
Екі сарай да – бюджетке қарап ауыз ашып отырмай, коммерциялық бағытпен барлық жағынан өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған тоқ құрылым. Олар шетелдік тендерлерге қатысып, одан да қомақты табыс тауып жүр. Сөйтіп, басқа, бөтен мемлекеттердің де қызметін жасап, тапсырысын орындап береді. Оған олардың рұқсаты бар. Монета сарайы металл ақшаны шығарумен қатар, басқа да толып жатқан тапсырыстарды орындап, табыс тауып жатыр. Ғарышқа ұшатындардың қажеттерін жасаудан бастап, бүкіл орден, медальдарды, құқық қорғау органдарының металл жұлдызшаларын, басқа да белгі, нышандарын түгел жасайды. Сондықтан теңгеміздің тамыры терең, тегеуріні мықты деп айтамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»