Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Бізде сол кездері тіпті мектеп оқушыларына арналған кәмелеттік аттестаттың кесте парақтарын шығаратын фабрика болмаған. Тіпті сенім грамоталарына дейін Мәскеуден әкелінетін. Орден, медаль, офицерлердің иығына тағылатын жұлдызшалар әзірлейтін жер жоқ. Бәрін нөлден бастап, не материалдық, не ғылыми базасыз, не қаражатсыз, не қызметкерлерсіз құруға тура келді. Жұмысты біз мемлекеттік банк жүйесін құрудан бастадық. Ол уақытта КСРО мемлекеттік банкі болған. Оған шетелде еншілес кәсіпорындарға ие Сыртқы сауда банкі мен Сыртқы экономикалық банк бағынды. Жекеленген құрылымдар – Құрылыс банк, жинақ кассалары болды. Біздің банк Мембанктің Қазақ КСР-дағы республикалық кеңесі деп аталды. Бас қазақстандық банкте мен бас экономикалық басқарма бастығының орынбасары, содан кейін ауыл шаруашылығын несиелеу басқармасының бастығы болдым. Сексенінші жылдардың аяғында банк аясында реформалар басталды. Біз мамандандырылған мемлекеттік банктерді құра бастадық. Мембанктен «Өнеркәсіптік құрылыс банк», «Тұрғынүйқұрылысбанк», «Несиелік әлеуметтік банк» және «Агроөнеркәсіпбанк» бөлініп шықты. Тоқсаныншы жылдардың басында аталған банктердің барлығы одақтық құрылымдардан енші алып, жеке отау құрды. Сонымен, елдегі банк жүйесі жаңадан бой түзеп, 1992 жылы Ресейден кейін екінші болып валюта биржасын ұйымдастырғанымыз бар.
Осы бас банктің материалдық базасын нығайтуға көп күш жұмсалды. Ұлттық банктің алда тұрған міндеттерінің бірі алтын-валюталық резервті құру үшін алтын мен күмісті сатып ала бастадық. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бюджет қаражаты және экономикалық реформалар комитетінің төрағасы Сауық Тәкежановтың қолдауымен Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік банкінің бағдарламасы аясында барлық алтын қазушы кәсіпорындар алтынмен қамтамасыз ете бастады. Алтын-валюталық қорды құру бағдарламасына сәйкес Ұлттық банк алтын өндіруді қаржыландыруға және несиелеуге кірісті», дейді Ғалым Байназаров.
Елімізде сол кездері алтын жылына алты-жеті тоннаға дейін, ал күміс 600 тоннаға жуық өндірілген. Қазіргі уақытта Ұлттық банк күмісті сатып алмайды. Алтын-валюталық резервті ішінара алтынмен ұстайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күміспен белсенді түрде сауда жасалып, осы қаражат есебінен Ұлттық банк бағалы қағаздарды шығару жөніндегі кәсіпорын құрды. Ал бағалы металды сатқаннан түскен пайда теңгені жасауға және монета сарайын техникамен жабдықтауға, сонымен қатар төлем жүйесін ұйымдастыруға жіберілген. Бұның барлығы аталған банк шеңберінде жүргізіліп, сол кездегі екінші деңгейлі банктер қаражаттың жетіспеушілігінен бүгінгі жағдайда жұмыс істей алмаған.
Сол кездері алғаш рет Қазақстан тарихында ақша аукциондары ұйымдастырылып, коммерциялық банктерге ақша сатылған. Бұдан әрі банктік қадағалау жұмыс істей бастады. Екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банк алдындағы есептемесі заңдастырылды.Теңге енгізілгеннен кейін ақша нарығы дербес, банкаралық болып, валюта биржасы Ұлттық банктен бөлінді.
Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде, ұлттық валютаны енгізу үшін негіз қаланды. Төл ақшамыз экономиканы басқаруға, экономикалық егемендікті қамтамасыз етуге және еліміздің шынайы тәуелсіздігі үшін басты құралға айналды. 1992 жылы Англиядан «Харрисон және ұлдары» атты кішігірім компанияның басшыларымен кездесіп, бүкіл жұмыс құпия түрде жүргізілді. Банкнот фабрикасының өкілдерімен кездесуден кейін ақша дизайны өзіндік құнының 40 пайызын құратынын анықтаған. Бұл купюраларды әзірлеу жөніндегі жұмыс қымбатқа түсетіндіктен, сол кездегі вице-президент Ерік Асанбаев отандық суретшілерге тапсыруды ұсынды. «Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік банкі» мен «Қазақстанның дизайн орталығы» арасында теңгенің дизайн нобайына келісімшарт жасалып, орталық басшысы Тимур Сүлейменов қол қойған болатын. Ал теңге жасауда өндірістік дизайн болмағандықтан, Лондонда «Харрисон және ұлдары» компаниясының кәсіби дизайн тобы кірісті. Біздің суретшілер Лондонда Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік банкінің шешімі бойынша өндірістік дизайн нобайы жобасының концепциясы ауытқымауы үшін бақылаушы миссиясын атқарды.
«Ақшадағы тарихи қайраткерлердің тұлғалары мұрағат құжаттарымен салыстырылып, аталған банкнот валютаның негізі болды. Теңгені әзірлеу барысында тағы бір мәселе туындағаны бар. Бұрындары біздегі қаржыгерлер ақша шығарумен шұғылданбаған, сондықтан да қажетті банкнот мөлшерін қалай есептеуді білмейтін. Қолма-қол ақша мұқтаждығын анықтау үшін ғылыми әдістемеге сүйенді. Купюралардың тозуына, кейінірек инфляцияға байланысты Ресейден алатынбыз. Бізде ғана емес, барлық республикалар ескірген банкноттарды толтыру мен алмастыруда барлық есептеулер Мәскеуде жүргізілетін. «Харрисон және ұлдары» компаниясының басшылары осы жағдайда көптеген елдер Англиядағы теңдесі жоқ маман, доктор Л.С.Пейнге өтініш жасайды деген соң, сол кісіге қолқа салынғаны бар. Сексен жастағы экономист Қазақстан халқын негізге ала отырып, экономикалық көрсеткіштерді зерттеді. Сонымен, жиырма бестік купюралардан гөрі 20 теңгелік купюралар өтімді деген тоқтамға келді. Одан кейін инфляцияға әрі 8 ай ішінде купюраның тозығы жететінін ескере келе, көнерген банкноттарды алмастыру қажеттілігін есептеп шығарды. Біз іс жүзінде барлық шамалардың әрбір атаулық мөлшері, қолма-қол ақшаның жалпы көлемі бойынша болжамдары расталғанына көзіміз жетті. Ол өзге мемлекеттер үшін осындай есептеулер жасағанда да бірде-бір қателеспеген көрінеді. Сонымен Ресей кеңес сомдарын шығаруды тоқтатқан кезде өз ақшамыз бізде дайын болды», дейді Ғалым Байназарұлы.
Сол уақытта теңгенің алдыңғы бағамы бір АҚШ доллары үшін 4,75 теңге есебінде тағайындалды. Ал әрбір теңге 500 кеңес сомына айырбасталған.Ұлттық банк басқармасының мүшелері айырбас бағамын 1:1000 деп ұсынды. Үкімет бекіткен бағам кейін ұлттық валютаның беделіне кері әсерін тигізіп, алғашқы екі жылда теңге құны төмендей бастады. Әрине, бар мәселе ұлттық валютаның айналымға шығуымен өздігінен шешілмейтіні бар. Қай елді алсақ та, әр елдің ұлттық валютасы ұлттық экономикаға негізделеді. 1993 жылдың 15 қарашасынан теңге нарықтық қатынастарға тұрақтанған соң жаңа ұлттық экономиканың басты бір тетігі, дербес қаржы-несие саясатын, осы саладағы реформаларды жүзеге асырудың құралы болды. Сөйтіп, теңге айналымға шыққаннан кейінгі бірер жылдың ішінде құлдырау тежеліп, бағаның өсуі тоқтады.
Тап осы тұста нағыз реформалар басталып, экономика нығая түсті.
Ғалым Байназаров: «Біз халық шаруашылығының барлық салаларында нарықтық тектіктерді ендіріп, салмақты реформалар бастау үшін инфрақұрылым мен базаны құрдық. Банк жүйесі бұрыннан қатаң ережелер шеңбері мен нормаларында жұмыс істеуге үйренген болатын. Еліміздің бас банкіндегі төлем жүйесін құрған әріптестеріме ризамын.Ұлттық банк төрағасы ретіндегі жұмысым бар-жоғы бір жыл он бір айға созылғанымен, көп нәрсені жасай алдық деп айта аламын. Оның ішінде банктік инфрақұрылымды құрып, ең бастысы, ел басшылығы белгілеген қысқа мерзім ішінде ұлттық валютаны енгіздік», дейді.