Ән-күй әуелеп, әсем бимен көмкерілген мерекелік іс-шара аясында Ұлттық банктің облыстағы филиалы төл теңгеміздің тарихынан сыр шертетін тамаша көрме ұйымдастырды. Көрмеге 1993 жылы айналымға шыққан қағаз тиындардан бастап әр жылдары қаржыгерлер қолданған есептеу құрылғылары, сондай-ақ осыдан 30 жыл бұрын өңірге бірінші рет теңге жеткізілгенде пайдаланылған ағаш жәшіктер қойылған. Көпшілік назарына ұсынылған алғашқы теңге банкноттарына бедерленген Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, бір теңгелік банкноттағы Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгеліктегі Сүйінбай, бес теңгеліктегі Құрманғазы, он теңгеліктегі Шоқан, жиырма теңгеліктегі Абай, елу теңгеліктегі Әбілқайыр хан, жүз теңгеліктегі Абылай хан бейнесі көзге оттай басылады.
Теңгенің сырт бедерінде Қостанай қаласы да көрініс тауыпты. 50 теңгелік бұл монета 2013 жылдың 5 қарашасында айналымға шыққан. Монетаның ортасында Қостанай қаласының гербі бейнеленген.
– Қағаз ақшалар айналымда 4-5 жыл ғана жүретін болса, тиындар 30 жылға дейін жүре береді. Монета сарайында теңгенің коллекциялық, инвестициялық түрлері де шығарады. Олар түрлі-түсті металдан, сериямен шығып тұрады. Күмістен, алтыннан, тантал деген космоста пайдаланатын, тек біздің елімізде ғана кездесетін металдан да жасалады. Түрлі тақырыпқа арналған коллекциялық монеталар өте аз көлемде шығарылады. Аз шыққан сайын құны да жоғарылай береді. Оны арнайы тапсырыспен алдыртатындар бар, – дейді Ұлттық банк филиалының қызметкері Нұрлан Жаулыбаев.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов өңірдің қаржы жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар банк қызметкерлерін «Қаржы қызметінің үздігі», «Теңгеге 30 жыл» төсбелгілерімен марапаттап, Қостанай облысы әкімінің құрмет грамоталарын табыс етті.
– Теңге айналымға шыққан жылғы ақша айырбастау кезінде 5,5 мың комиссия, 3,4 мың айырбастау пункті жұмыс істеді. Мұндай жауапты міндетті ойдағыдай атқарып шығу үшін Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері ғана емес, қалалар мен ауылдарда, шалғайдағы бөлімшелерде жұмыс істеген бухгалтерлер мен кассирлер де жұмылдырылды. Биыл облыс бюджеті 644 млрд теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда, өсім 46 пайызға жоғары. Жыл сайын әр саланың дамуына мол қаражат бөлінеді. Банктердің кредиттік салымдарының көлемі – 621,5 млрд теңге. Бұл көрсеткіш те 2022 жылмен салыстырғанда 22,9 пайызға ұлғайды, – деді Ерлан Спанов.
Теңгенің 30 жылдығына орай еңбегі еленіп, марапатқа ие болған қаржыгердің бірі – Аманкелді ауданы қаржы бөлімінің басшысы Жұлдыз Сейілова. Тәжірибелі маман 19 жылдан бері қаржы саласында еңбек етіп келеді.
– 1993 жылы 15 қарашада салық саласында бас маман болып қызмет атқаратынмын. Екі жүз мың теңге көлемінде ақша ауысты. Теңгенің ауысуын халық өте жақсы қабылдады. Бір-біріне көрсетіп, әрі-бері аударысып көріп, қуанысып жатты. Теңгенің айналымға алғаш шығуы өтпелі кезеңнің ауыртпалығы титықтатқан қарапайым жұрттың есесін көтеріп, ел ертеңіне деген үміт отын жақты, – дейді маман.
Теңге айналымға енген жылдары Ұлттық банктің облыстағы филиалын басқарып тұрған Мираш Жұмашұлы да саналы ғұмырын өңірдегі қаржы жүйесін ілгерілетуге арнаған.
– Ұлттық теңге жөнінде айтар сөз көп. Теңге теңге болғалы да 30 жыл болды. Осы жылдар ішінде әлемге белгілі валюта ретінде танылды. Өзіміздің ішкі нарықта құны жоғары. Жылдан-жылға цифрлық технология дамыған сайын қолма-қол есеп айырысу азая бастады. Банк саласында жаңа бағдарламалар көбейді. Бұл – қуанатын жағдай. Ұлттық банк жиырма жылдан бері әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп келеді. Реформа жасау оңай шаруа емес. Біз теңге шыққалы үш рет реформаға ұшырадық. Соның бәрінде халықпен жұмыс жүргіздік, – дейді сала ардагері.
Қостанай облысы