Спорт • 15 Қараша, 2023

Олимпиадалық салмақ: Санжар Тәшкенбай мен Сәкен Бибосынов қашан жекпе-жекке түседі?

2857 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада бокстан Қазақстанның жазғы Спартакиадасы өтіп жатыр. 19 қарашаға дейін жалғасатын сайыста әлем чемпиондары да рингке шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олимпиадалық салмақ: Санжар Тәшкенбай мен Сәкен Бибосынов қашан жекпе-жекке түседі?

Фото: iba.sport

Төрт жылда бір рет өтетін жазғы Спартакиадаға кәсіпқой боксқа ауысқан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, Тұрсынбай Құлахмет,  Нұрсұлтан Аманжолов сынды боксшылар да күшін сынауға бел буып отыр. Бірақ Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында күміс жүлде иеленген аса ауыр салмақта сынға түсетін Қамшыбек Қоңқабаев, ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов сынды саңлақтар қатыспайды.

Келесі жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарында боксшылар тек жеті салмақ дәрежесінде айқасады. Сондықтан да бәсекелестік өте жоғары болмақ. Мысалы 51 келі салмақта екі бірдей әлем чемпионы додаға қосылып отыр. Әлем чемпионы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы), 19 жасында әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай да 48 келіден 51 келі салмақ дәрежесіне өтті. Демек, екі саңлақ іріктеу кезеңінде сүрінбесе, 19 қараша күні финалда алтын медаль үшін айқасады. Астана рингінде жастар да жалындап келе жатқанын байқатты. Мысалы 60 келі салмақ дәрежесінде көпшілік күтпеген нәтиже тіркелді. Бұған дейін де Қазақстан чемпионатында топ жарып, олжа салып жүрген Әділет Құрметов (Түркістан облысы)  Жетісу облысының 19 жастағы жас боксшысы Алматы Әбдуәлиге есе жіберді.