Қоғам • 15 Қараша, 2023

Президенттің тапсырмасы дер кезінде орындалмайды – депутат

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің бүгінгі отырысында депутат Самат Мұсабаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, Мемлекет басшысының тапсырмалары уақтылы әрі бұлжытпай орындалуы тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Президенттің тапсырмасы дер кезінде орындалмайды – депутат

Фото: parlam.kz

«Президент Маңғыстау  облысына барған сапарында  қажетті 34 нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырма бойынша маңызды іс-шаралар жоспары бекітілді. Маңғыстау облысында осы жылы бір емес үш рет іссапарда болғаныңызбен, өңірде Президент тапсырмаларының орындалу нәтижесі мардымсыз. Бүгінгі күнде сол тапсырманың тек бесеуі ғана іске асырылып отыр. Қалған 29 іс-шара тоқтап тұр. Оның ішінде Өнеркәсіп пен құрылыс министрлігіне берілген алты тапсырма,  «Самұрық-Қазынаға» қатысты үш тапсырма, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне жүктелген бір тапсырма,  Ұлттық экономика министрлігіне тиесілі жеті, Ауылшаруашылығы министрлігі атқаруы тиіс екі тапсырма да орындалмаған. Атап айтқанда,  Ақтау – Форт Шевченко, Таушық – Шетпе жолдарының  және Құйылыс – Ақтау су желісін салу, туризм үшін Каспийдің жағалауын дамыту секілді маңызды жобалар. Осылай тізімді жалғай беруге де болады», деді Мәжіліс депутаты.

С.Мұсабаев тоқтап қалған өндірістерді жандандыру жөнінде жүктелген тапсырмалар да іске аспағанын айтты.  Жұмыссыздық күн санап артқан Жетібайда істеп тұрған арматура шығаратын цех «Самұрық-Қазына» мен «Қазмұнайгаздың»  кедергі келтіруінен тоқтап қалғанын жеткізді. Бұл Президенттің бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмасын орындауға қарсы саботаж емес пе деген сауалын көлденең тартты. Үкімет басшысына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме басшыларынан есеп алуды, атқарылмаған тапсырма бойынша нақты шараны іске асыруды, бюджеттен тиісті қаражат қарастыруды, әр тоқсан сайын атқарылған жұмыс жөніндегі есепті Мәжіліске жолдау жолға қойылуы тиіс екенін айтты.