2011 жылы польшалық инвестордың келуімен зауыт қайта түледі. Инвестициялық жоба іске асырылып, қондырғылар жаңғыртудан өтті. Жаңа өндірістік желілер іске қосылды. Инвестор зауытты аяғына тұрғызу үшін 108 млн доллар инвестиция құйған. Үдемелі-индустриялды инновациялық даму бағдарламасымен қатты таблетка, ампула, ұнтақ түрінде дәрі шығаратын жаңа өндірістік кешен салынды. Зауытқа Италия, Германия, Оңтүстік Корея елдерінің заманауи озық технологиялары орнатылды. «Химфарм» компаниясы Қазақстандағы ең озық ғылыми-зерттеу орталығына ие. Бұл кәсіпорынға жаңа дәрілерді ойлап табуға мүмкіндік береді. Сондықтан Santo дәрілік препараттарды өзі жасап, саудаға қойып, Қазақстан мен Орта Азияға қолжетімді бағада экспорттайды.
Компанияның өндірісі жыл сайын 708 млн таблетка, 255 млн капсула, 46,7 млн цефалоспорин, 15,5 млн мицина тобындағы антибиотик құтыларын, 8,4 млн құтыдағы стерильді емес сұйық дәрілерді шығаруға қуатты. «Химфарм» – әртүрлі ауруға арналған 250-ден аса дәрі түрін өндіретін Қазақстандағы ең үлкен фармокологиялық компания. Кәсіпорын нарық сұранысына қарай жыл сайын дәрі түрлерін көбейтіп келеді. Дәрілік препараттарының басым бөлігін инъекциялық, инфузионды ерітінділер мен таблеткалар құрайды. Santo тек Қазақстан нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресей мен Моңғолия елдеріне өнімдерін жөнелтеді. Қырғызстан мен Өзбекстанда компанияның өкілдіктері жұмыс істейді. Компанияда әртүрлі антибиотик шығаруға, дәрілік заттарды сақтауға рұқсат беретін халықаралық GMP, GDP сертификаттары бар.
2019 жылы Polfarma тобы компаниясы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде мақұлданған дәрілер тізбегінің қатарына енді. Santo қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі. Мәселен, компания Santo academy онлайн-тұғырнамасын іске қосты. Сол арқылы үш елдің фармологтері онлайн-тұғырнамаға кіріп, қажетті деңгейде білім ала алады. Компания қызметкерлеріне интернет өнімнің мобильді қосымшасы да қарастырылған. 2021 жылдан бастап Santo онлайн оқуға арналған Laba курсын ашты. Мұнда қолданушылар қаржы, сату, талдау, маркетинг, PR, басқару және бизнес бағыттары бойынша 20 түрлі дәріс тыңдай алады. Компания инновациялық идеяларды дамытуға арналған Leonardo жобасын да қолға алды. Бұл жобаға сәйкес кез келген адам компания жұмысын жақсартуға байланысты өзінің инновациялық идеясын жүзеге асыруына болады. Leonardo жобасында көп дауыс жинаған 5 қызметкердің идеясы жеңімпаз деп танылып, қазір оларды нақты іске асыруға жұмыстар атқарылып жатыр.
Компания зауыт айналасында тұрып жатқан жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетіп отырады. Кәсіпорын «GO WEST!» жобасын бастады. Соның көмегімен Орта Азияда фармацевтикалық хабтың құрылуына, ғылыми-зерттеу, сынақ алаңын ашып, Еуропалық одақтың сапа сертификатын алуына жағдай жасады. Негізгі жоспар – дәрілік препараттарды Еуропалық одақ нарығына экспорттау. Santo Polfarma тобына кіретін басқа да компаниямен бірге Еуропалық одақтың уәкілетті органынан рұқсат алып, Қазақстанда ситаглиптин дәрілік өнімнің өндірісін бастамақ. Бұл дәрілік препаратты қоймада сақтау, тасымалдау да біздің елімізде жүзеге асады. Тиісті құжат 2024 жылы қолға тиеді. Осылайша, «Химфарм» Орта Азияның фармацевтика тарихында бірінші рет Еуропалық одақтың инспекциясынан өтіп, сапа сертификатына ие болған кәсіпорын атанып отыр.
Зауыттың шежіресіне қысқаша тоқталсақ, орыс генералы М.Черняев еліміздің оңтүстігін жаулап алған соң Шымкент қаласы Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысына қарайды. Сол тұста оңтүстік атыраптың шұрайлы жері мен ауа райына қызығып орыс переселендері қоныс аудара бастайды. Ол кезде Шымшаһардағы өзен бойында жусан көп өсетін. Оның емдік қасиетін жақсы білген орыс көпесі Н.Иванов орынборлық көпес П.Савенковпен бірге 1882 жылы тұңғыш рет ішекқұртқа қарсы сантонин дәрісін шығаратын зауыт тұрғызады. Зауыт құрылысында көпестер күйген кірпішті қолданған. Ал төбесін темір қаңылтырмен жапқан. Бұл зауыт осы күйінде бір ғасыр бойы сақталып тұрған. Сантонин дәрісін өндіретін кәсіпорын бірнеше ғимараттан құралды. «Путевые очерки» еңбегінің авторы П.Шрейдер зауытта 50 шақты адам жұмыс істегенін айтады. Олар негізінен жергілікті қазақтар болған. «Олар түйені қалай оңай басқарса, кәсіпорындағы түрлі машинаны да сондай епшілдікпен жүргізетін», деді автор. Бір қызығы сол дәуірде оңтүстік өлкесінде шығарылған тауарлар тек жергілікті тұтынушыларға арналған. Тек сантонин дәрісі қазақ даласынан тыс елдерге экспортталған. Кәсіпорында жылына химиялық таза 2 мың пұт сантонин өндірілген. Шымкенттің дәрісінің сапасы жоғары болғаны соншалық, ол Жапония, Үндістан, Германия, Англия елдеріне дейін жөнелтілетін. Соның нәтижесінде зауыт ондаған жылдар бойы үздіксіз жұмыс істеп тұрды. Ал кеңестік дәуірде кәсіпорында негізінен өсімдіктен жасалған дәрілер мен есірткі препараттары шығарылды.
1993 жылы «Химфарм» акционерлік қоғамға өзгеріп, тәуелсіз Қазақстанның тұсындағы алғашқы отандық фармокологиялық зауыт болды. 2011 жылы польшалық Polfarma компаниясының тобына еніп, инвестицияның күшімен заманауи үлгідегі жаңғыртуды басынан өткереді.
ШЫМКЕНТ