Жемқорлық • 16 Қараша, 2023

«Жайлы мектептегі» жайсыз жемқорлық

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – ұрпақ үшін құнды жоба. Біріншіден, елімізде өзекті мәселеге айналған оқушы орын тапшылығын жоюға септігін тигізеді. Екіншіден, ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестіреді. Үшіншіден, оқушыға жайлы жағдай жасап, сапалы біліммен қамтамасыз етеді. Сондықтан жобаға бөлінген қаржының әр тиыны өз мақсатына жұмсалуға тиіс. Бірақ өкінішке қарай, білім ошақтарын жобалау кезінде құрылысқа арналған қаражат мөлшерін негізсіз ұлғайту фактілері анықталып жатыр.

«Жайлы мектептегі» жайсыз жемқорлық

Мұндай жағдайларды «Samruk-Kazyna Construction» мамандары жай­лы мектептердің жобалық-сме­та­­лық құжаттамасын тексеру кезінде анықтаған. Бұл туралы Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің мердігерлерімен және жобалаушы ұйымдармен өткен жиын барысында мәлімдеді.

Консорциум жетекшілерімен жасалған ЕРС-шарттар аясында жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасын әуелі тапсырыс беруші, яғни «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы тексеріп, құптауы керек. Содан кейін ғана ол мемлекеттік сарап­тамадан өткізуге арналған порталға жүктеледі.

Жобалық-сметалық құжат­та­ма­ның қатаң тексерілетінін білсе де, кейбір мердігерлер айласын асыруға ты­рысқан. Мысалы, кейбір жобалау­шы ұйымдар сыртқы инженерлік желі­лерді (кәріз, сумен жабдықтау, жылыту, ТОБЖ және т.б.) тарту бо­йы­н­ша шығындарды мектептердің жоба­лық-сметалық құжаттамасына енгізіп қойған. Алайда «Samruk-Kazyna Construction» компа­ния­сы­ның мәлім­деуінше, бұл жұмыстар жергі­лікті атқарушы орган­дар­дың қара­жаты есебінен орын­далуға тиіс. Үкіметтің №963 қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы орган­дар ұлттық жобаны іске асыру шең­берінде орта білім ұйым­да­ры­ның объектілерін салу кезеңіне ди­рекцияға жер учаскесіне жерді уа­қытша өтеусіз пайда­лану құқы­ғын беру­ді және мектеп салу жоспар­ла­нып­ отырған жер учаскесін инже­нер­лік-коммуникациялық инфра­құ­­ры­лымға қосуды немесе дирекция мен жер­­г­­і­лікті атқару органдары арасында құн­дары бұрын келісілген дирекция айқындаған мердігер ұйымның шығыс­тарын төлеуді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ тауарлар мен қыз­­меттердің сметалық құнын өтірік қымбаттатып көрсеткен жағдайлар да бар. Ережеге сәйкес, жайлы мек­тептерді жобалау кезінде «Қазақ құры­лыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» әзірлеген ресурс­тық сметалық-нормативтік база мен сәулет-қала құрылысы, құрылыс ката­логін басшылыққа алу қажет. Мәулен Айманбетов мектептерді жобалау­дан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық үдеріс заңнама мен құрылыс нормативтері шең­берінде жүргізілуге тиіс екенін ерекше атап өтті.

«Жобалаушы ұйымдардағы мамандардың кәсіби дең­гейі төмен болуы салдарынан 300, 600, 900 орындық мектептердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын бас­тау мүмкін болмай тұр. Мен сіз­дер­ді бұрынғы әдістерден бас тар­туға шақырамын. Жайлы мектептер заманауи құрылыс индустриясының озық үлгісі болу­ға тиіс. Сондықтан мен оны іске асыруға үлкен жауап­керші­­лік­пен қарауды сұраймын. Егер жобаны әдейі қымбаттату әрекеті бай­қалса, құрылыстың кез кел­­ген кезеңінде біз түзетулер ен­гіз­іп, шығындарды азайтамыз. Қо­­­сымша жұмыс көлемі үшін қар­жы­ төленбейді, әр тиын үшін жауап­ бересіздер», деді Басқарма төрағасы.

М.Айманбетов қитұрқы әре­кеттер үшін әкімшілік және қыл­мыстық жауапкершілік қарас­­­­ты­рыл­ғанын ескертті. Атап айтқанда, ҚР ҚК 189-бабы («Сенiп тапсырылған бө­тен мүлiктi иемденiп алу неме­се талан-таражға салу») қолда­ны­луы мүмкін.

Жайлы мектептер қолданысқа дайын күйде тапсырылуға тиіс. Оқу орындарын жобалаумен, салумен және жабдықтаумен құрылыс және жобалаушы ұйым­дардан тұратын консорциум айналысады. Консорциум жетекшілері ретінде құрылыс компаниялары танылған.

Кездесу қорытындысы бо­йын­ша «Samruk-Kazyna Cons­truction» басшысы консорциум жетек­шілері мен консорциум құрамына кіретін жобалаушы ұйым өкілдеріне смета бағасының артуына жол бермеуді, ал жобалау жұмыстарын бұйрық пен нормаға сай жүргізуді, тиімсіз, экономикалық тұрғыдан мақсат­сыз жобалау жұмыстары мен смета құнын өсіру бойынша жауап­кершілік жөнінде кепілдік хат ұсынуды, мектептердің құры­лысы бойынша бас жоспарын нормативті талаптарға сай ретке келтіруді, ЖСҚ барлық бөлімі бойынша сметалық-нормативті базаға сәйкес келмейтін көлемі жөнсіз көтерілген құрылыс-монтаждау жұмыстарын, материал мен құрылғыларды алып тастауды тапсырды.

Айта кетейік, 2022 жылы оқу­шы орындарының тап­шы­лы­ғы­ 270 мың орынды, оның ішінде қалада – 174 мың орынды, ауыл­да 96 мың орынды құрады. Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған 710 мектеп әбден тозған. 177 мектеп пайдалану мерзімі 70 жылдан аса­тын ғимараттарда, 239 мектеп саманнан, 69 мектеп ағаштан, 5 мектеп қамыстан салынған және 40 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан. Мәселен, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Ұлттық білім беру дерекқорының деректеріне сәйкес, елде 37 мектеп апаттық жағдайда деп танылған. Ал 142 мектепте оқыту үш ауысымда жүргізіледі. Сол себепті «Жайлы мектеп» жобасының талапқа сай әрі уақытында орындалуы аса маңызды.