World Robot Olympiad – бүкіл әлем бойынша роботтехника мен STEM білім беру жүйесін дамытатын жаһандық олимпиада. Дүниежүзілік додаға Қазақстан командасы биыл бесінші рет қатысып отыр. Ел құрамасы WRO ел чемпионатының қорытындысы бойынша жасақталған. Елордадағы «Robotek» мектебінің оқушылары Әмір Қарабаев пен Аңсар Сауырбаев «Future Engineers» категориясы бойынша WRO-2023 күміс жүлдесін қанжығаларына байлады. Сондай-ақ Вагиз Дисембаев пен Жанарыс Қапаров ел қоржынын қоламен толықтырды. Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Максим Усольцев пен Дінмұхамед Әбдиев «Robomission» категориясы бойынша үшінші орын алды.
«Бұл менің осындай халықаралық жарысқа екінші келуім. Осыған дейін Дортмундта болған сайысқа қатысқанмын. Шынымды айтсам, биыл өзімді еркін әрі сенімді ұстадым. Жарыстың бірінші күні-ақ жақсы нәтиже көрсеттім. Жалпы, роботтехникада ең бастысы логика мықты болуы керек», дейді жеңімпаз Жанарыс Қапаров.
Панамада өткен жылдың басты жарысында 81 ел бақ сынады. Қатысушыларды қолдауға өткен жылы Дортмундта WRO эстафетасын қабылдаған Панаманың бірінші ханымы Язмин Колон Картизо келді. Қазақстан жасаған стендте Язмин Колон Картизо біздің жігіттерге сәттілік тілеген де болатын. Дүниежүзілік роботтехника олимпиадасының жаһандық күн тәртібі адам мен робот ынтымақтастығын табысты және қауіпсіз ету мәселесіне арналған. WRO-ның негізгі тақырыптары дәстүрлі түрде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарымен байланысты. 2023 жылға арналған тақырып әлем елдеріне ортақ – «Connecting the World», «Әлемді байланыстырамыз». Командалар цифрлық индустрия үшін инфрақұрылым мен логистиканы жасайтын роботтармен жұмыс істеді.
«Әлемнің түкпір-түкпірінен келген оқушылардың талабы биік, ынтасы жоғары. Ел мойындаған зерек балалар жарысқа бар күш-жігерін салып келді. Бір мақсат жолында, жеңіс үшін келген балалардың талабы көңіл көншітеді», дейді Қазақстан құрамасының бапкері Мирас Мұратханов.
Үш күн бойы World Robot Olympiad әлемдік финалында отандық құлтемір құрастырушылар бірегей шығармашылық, инженерлік шешімдер мен жеңіске деген сенімділігімен көзге түсті. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы Малайзия құрамасына ғана есе жіберіп, екінші орынға көтерілді. Айта кетейік, Қазақстан туының байрақты бәсекеде үш рет желбіреуі цифрландыру және ақпараттық технологиялар күніне сәйкес келген болатын.
Панамада өткен Бүкіләлемдік роботтехника олимпиадасы аясында елордалық «Robotek» компаниясы Америка Құрама Штаттары, Қытай мен Әзербайжанның танымал роботтехника мектептері, клубтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. «Алдағы уақытта Қазақстанмен бірлесіп жұмыс істеуге ниеттіміз. Себебі қазақ оқушылары өте талантты. Бүгінгі жарыста бізді тәнті етті», деді ұйымдастырушы Уйльям Уонг.
World Robot Olympiad бас хатшысы Клаус Кристенсен «Robotek» мектебінің елдегі WRO, STEM білім беру және роботтехниканың жаһандық миссиясын ілгерілету бойынша ауқымды жобаларын жоғары бағалады. Клаус Кристенсен информатика мұғалімдері мен мектеп оқушыларын оқытуға және роботтехникаға қызығушылықты арттыруға арналған танымал «Ozyq Urpaq» жобасын ерекше атап өтті.
Роботтехника – зияткерлік автоматтандырылған техникалық жүйелерді әзірлейтін, оны өндіріске енгізетін қолданбалы ғылым. Бұл ғылымды дамыту елді цифрландыруды жеделдетеді.