Саясат • 16 Қараша, 2023

Қазақстан басшысының бейтарап ұстанымына тәнтіміз

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда «The Foreign Policy» журналына Қазақстанға қатысты ауқымды мақала шықты. Мақалада еліміздің көпжақты, бейтарап саясатының артықшылығы айтылған. Автор Линна О’Доннель Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тепе-теңдікті сақтау өнеріне тәнті болады. Осы орайда, көлемді мақаланың ықшамдалған нұсқасын оқырманға ұсынуды жөн санап отырмыз.

Қазақстан басшысының бейтарап ұстанымына тәнтіміз

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үлкен ойынды» өз кә­де­сіне жаратып, елінің Украина тағ­­дырын қайталамауын, келешекте Ре­сейдің құрбанына айналмауын көз­дейді. Орталық Азиядағы ең үл­кен және бай тәуелсіз мемлекеттің көш­бас­шысы Қ.Тоқаев прагматикалық бей­та­раптылықты өнер түріне айнал­дырды. Әзірге ыждағат танытып отырғандықтан, оған бәрі риза.

Өңірлік сарапшылар Қ.Тоқаевтың ахуалды өз ыңғайына пайдалану қабі­летін жоғары бағалайды. Мәселен, Ре­сей Қазақстан экономикасымен әсіресе, әскери-өнеркәсіптік саласымен байланысын бұзған жоқ. Сөйте тұра, 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуропалық одақтың Мәскеуге салған санкцияларын сақтап отыр. Таразының екі басын тең ұстау арқылы дұрыс қадам жасағаны аңғарылады. Өйткені Қазақстан экономикасы өркендеп келеді, ал алпауыт елдермен қарым-қатынасы жақсы.

Қазақстанның ең ірі қаласы және бұрынғы астанасы Алматыда тұратын тәуелсіз саясаттанушы Димаш Әлжанов «Foreign Policy» басылымына берген сұхбатында: «Қазақстан негізгі ойын­шылардың қажеттілігін түсінеді және бәріне ұнау, санкцияға ұшырамау мақ­сатында қолдан келгеннің бәрін жа­сап жатыр. Қазақстан халықаралық қаржы жүйесінен қол үзбеу керек. Мұ­най­ды Батыс нарығына сату үшін ол елдердің қырын қарамағаны қажет».

Ресеймен де қарым-қатынасты сақтау­ға тиіс. Қазақстан 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донбасты басып алғаннан кейін Ресейдің Украинаға қойған талаптарын мойындаған жоқ. Сауалдамаға сүйенсек, Украинаға басып кіргеннен кейін Қазақстан халқы Ресей шекараның дұрыс сызылмағанын сылтауратып, мұнайға бай солтүстік аумақтарды басып алуы ықтимал дегенге алаңдаушылық танытқан. Қ.Тоқаев бұрынғы жағдайды сақтау үшін бәрінің көңілін табуға тиіс.

Украинадағы соғыс Ресей, Қытай және АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығын арттырды. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған мемлекеттерде мол мұнай, газ, уран қоры бар. Қазақстан әлі де Мәскеу­дің ықпалында тұрғанына қарамас­тан, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» инфра­құрылымдық бастамасының да, америкалық «Big Oil» компаниясының да экономикалық мүмкіндіктерін барынша пайдалану тәсілін білетінін дәлелдеді.

Қ.Тоқаев Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде Қазақстанның санкцияларды бұзбайтынын мәлімдеді. Бірақ ол 7 қазанда Мәскеуге де барып, Ресей Президенті Владимир Путиннің туған күнін атап өтуге қатысты. Осы сапарда Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ тасымалдайтын құбырды ашты. Олар қазанның 13-і күні Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен саммитте қайта кездесті. Бұл – наурыз айында Халықаралық қылмыстық сот (ХҚК) Путинді қамауға алу туралы ордер бергеннен кейін Ресейден тысқары жерге жасаған алғашқы сапары. Мемлекеттер басшылары өткен айда Бейжіңде Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының мерейтойына қатысты (Қытай да, Ресей де, Қырғызстан да ХКК мүшелері емес).

Қ.Тоқаевтың қолында көзір көп болуы мүмкін. Бірақ Украинаның Еуро­палық одақпен, АҚШ-пен және НАТО-мен тығыз қарым-қатынас ор­натуға талпынғаны секілді кез келген сәтте Путиннің аяғын басып кетуі мүм­кін. Қазақстан мен ЕО визалық режімді жеңіл­дету туралы әңгіме қозғады. Орта­лық Азия мен Еуропалық одақ елдерінің Сыртқы істер министрлері өткен айда Люксембургте кездесіп, санкцияларды айналып өтуге жол бермеуге қатысты мәселелерді қарастырды.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм 23 қазанда Алматы­дағы Бітімгершілік операциялар орта­лығының лентасын қиды. АҚШ елшілі­гінің Facebook-тегі парақшасында бұл оқиғаны «Қазақстанның халықаралық бітімгершілік күштерін даярлау әлеуе­тін арттыруға арналған, АҚШ қол­даған жаңа жоба» деп сипаттады. АҚШ «қауіпсіздікті, өркендеуді және бейбітшілікті қолдау мақсатында Қазақ­станмен серіктес болғанын мақтан тұтады» делінген. Келесі күні 24 қазан­­да Мемлекеттік хатшы Энтони Блин­­кен Қазақстанды Республика күні­­мен құт­тықтап, «бейбітшілік, өркен­­деу және тұрақтылық секілді ортақ басым­дық­­тарымызды ілгерілету жолын­­дағы жаһан­дық сын-қатерлерді бірлесіп серік­тесе шешуге үміттенеміз», деді.

Қазақстан мен АҚШ тарапы 6 қара­шада кеңейтілген стратегиялық әріп­тестік жөніндегі жыл сайынғы диало­гін өткізді. Биылғы қыркүйекте БҰҰ аясында Орталық Азия елдерінің көш­басшылары және АҚШ Президенті Джо Байден кездесуі қорытындысы нақтыланды. Лаңкестікке қарсы күрестен бастап сауда мен санкцияларға, тіпті адам құқықтарына дейінгі мәселелерде ынтымақтастықты жалғастыруға уағда­ласты. АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лудың айтуынша, «АҚШ Қазақстанның еге­мен­дігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтас­тығын қолдайды».

Қазақстан да бизнес пен саудада жеңілдіктер алып жатқандай көрінеді. Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтіп, маңызды тауарларды импорттауға мүмкіндік беретіндей. Соғыстың бі­рін­ші жылында ресейлік компаниялар Қазақстанға ағылып, кемінде 4 мың жаңа фирма ашылды.

Соғыс басталғалы Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы сауданың да, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының да күрт өсуі қауіп туғызады. Еуростаттың мәліметіне сүйенсек, Ресей Украинаға басып кірген соң Еуропалық одақтың Қазақстанға экспорты 2022 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың маусымы аралығында 16,6 миллиард еуроға жеткен. Еуропалық одақ озық компьютерлер мен машиналар, көлік, энергетика, мұнай өңдеу, авиация және дрондар секілді тауарларға кең көлемді санкция салды. Соған қарамастан, Қазақстанның Ресейге экспорты 2022 жылы 25 пайызға өсіп, 8,8 мил­­лиард долларды құрады.

Экономикалық байланыстың артуы­на қатысты нақты бірдеңе деу қиын. Өйткені Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі сауданы бақылау оңай емес. Алайда Еуропадан келетін қымбат тауарлар импортының артуы, Ресейге экспорттың көбеюі алаң­дау­шылық туғызады.

Франция Президенті Эммануэль Мак­рон Астанаға ресми сапармен барып, Қ.Тоқаевпен кездесті. Франция электр қуатының шамамен 60 пайызын атом энергетикасынан өндіреді. Бірақ негізгі уран жеткізушісі Нигердегі саяси тұрақсыздыққа алаңдайды. Француздық EDF мемлекеттік компаниясы Қазақ­стан­ның бірінші атом электр стансасын салуға қатысуға ниет білдіріп отыр. Фран­цуз тәжірибесін бұл салада пайдалану Қ.То­қаевтың талғампаздығын тағы да дәлел­дейді.

Әзірге Ресей тарапы сөзбен шектелді. Мәскеуге бағынышты бұқаралық ақпа­рат құралдары бірнеше рет Қазақстан­ның көпвекторлы саясатын сынға алды. Алай­да музыка әлі аяқталған жоқ, Қ.Тоқаев нық сеніммен тұр.