Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көрменің ашылу салтанатында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев, «Жарнама, дүниежүзілік жол қауіпсіздігі» қауымдастығының техникалық директоры Патрик Малижа және «Қазақстанның автожолаушылар заңды тұлғалар бірлестігі» қауымдастығының президенті Бағлан Баймағанбетов сөз сөйлеп, іс-шараны ұйымдастырудың негізгі мақсаттары туралы айтып берді.
Көрмеде Қазақстан, Ресей, Германия, Түркия, АҚШ, Қытай елдерінен 100-ден астам қатысушы жол құрылысы, сонымен қатар қауіпсіздік және автомобиль жолдарын цифрландыру саласындағы заманауи ғылыми және техникалық әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынады.
«Автожол желісін дамыту және одан әрі жетілдіру күн тәртібіндегі басым міндет болып табылады. Бүгінгі таңда еліміздің жол шаруашылығы алдында негізгі міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, автожолдардың пайдалану жай-күйін қамтамасыз ету және олардың сапасын арттыру, заманауи жол инфрақұрылымын құру, жолдардағы қауіпсіздікті және автомобиль қозғалысын тиімді әрі пәрменді басқару, сондай-ақ оларды жазғы және қысқы күтіп-ұстаудың талап етілетін деңгейін қамтамасыз ету керек. Бұл міндеттерді шешу үздік әлемдік тәжірибені, ұйымдастырушылық, басқарушылық және техникалық шешімдерді тартуды талап етеді», деді Көлік министрінің орынбасары.
Ресми бөлімнен кейін Көлік министрлігі мен PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығы басшылығы экспозицияны аралады. Көрме барысында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Инновациялар мен инфрақұрылымның қиылысы: жол саласын дамыту формуласы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда автомобиль жолдарының инновациялары, сапасы, қауіпсіздігі және дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Конференция жұмысына ІІМ, PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығы, оқу орындары, Қазақстан, ҚХР, Моңғолия және Беларусь, АҚШ, РФ және басқа да елдердің ғылыми-зерттеу және жол ұйымдарының өкілдері қатысты.
Айта кетерлігі, ҚазжолҒЗИ Көпірлер мен жол инфрақұрылымын басқарудың цифрлық жүйелері, жол материалдарының сапасын бақылау жүйелері сияқты IT-инновацияларды әзірлеуге және енгізуге белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар институтқа автожол саласының нормативтік-құқықтық актілерінің «Infozhol» электрондық базасын өзектендіру бойынша жауапкершілік жүктеліп отыр. Базада 1,2 мыңнан астам құжат бар.
Сондай-ақ көрмеге автожолдардың сапасын жақсарту үшін цифрлық технологияларды енгізумен айналысып жатқан Көлік министрлігіне қарасты Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу, сонымен бірге жол бойындағы сервис объектілерін дамытуға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қатысып жатыр.