Суретті түсірген – Данил Акрамов
Факультеттің оқытушы-профессорларының айтуына қарағанда, баспасөз турының мақсаты – балық шаруашылығы орталығы жұмысын насихаттап, саланың ізденістерін көрсету. Мамандыққа мемлекеттік гранттар жеткілікті бөлініп жатыр. Тек әттеген-ай дегізетіні, бөлінген гранттың жартысынан азы игеріліп, қалғаны кері қайтарылатын көрінеді.
«Біздің бөлімде білім алғандар жақсы маман болумен қатар, келешекте сол білімнің арқасында өзінің жеке кәсібін ашып, үлкен жетістіктерге жетуіне де мол мүмкіндік бар. Сондықтан біз талаптанып келген талапкерлерге балық шаруашылығы бөлімінің тиімді тұстары мен көптеген артықшылықтарын айтып түсіндіреміз. Қажет кезінде ашық есік ұйымдастырып, мектеп оқушыларына бәрін түсіндіріп береміз» деді ҚазАТУ Аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Гүлжан Әубәкірова.
Баспасөз турының барысында журналистер зерттеу орталығын аралап, тәжірибені іс жүзінде өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.
«Кларий жайынын көбейту – күрделі технологиялық үрдіс. Оны өсіруге арналған қауыздың материалдары сапалы болуға тиіс. Өйткені жайын шабағының еркін өсуіне оның да әсері бар. Аталған жайынның шабағын шетелден әкелу тым қымбат. Сондықтан оларды осы ғылыми лабораторияға әкеліп, зерттеп-зерделеп, қандай жағдайда өсіріп, көбейтуге болатынын тәжірибеден өткеріп жатырмыз. Ондағы мақсат балықты өсіріп, пайдаға асыру құнын арзандату болып отыр. Осылай жасағанда ғана тауарлық балық өндірісін кеңейтуге мүмкіндік аламыз», деді Ветеринария ғылымдарының кандидаты, осы балық шаруашылығы лабораториясының негізін қалаған доцент Қуаныш Сыздықов.
Балықты өсіру мен көбейтудегі маңызды үрдістің бірі – уылдырық шашуға дайындау.
«Тропикалық балықтар қатарындағы кларий жайыны – Африка мен Таяу Шығыс елдерінде, бірқатар Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде балық өсірудің негізгі көзі. Қазір кларий жайыны тек табиғи диапазонда ғана емес, қоңыржай аймақтарда, өнеркәсіптік нысандардың жылы суларындағы торлар мен қауыздарда, сумен жабдықтаудың жабық циклі бар қондырғыларда да өсіріле береді.
Ендігі айтпағымыз, біздің елде де кларий жайынын өсіруге жақсы мүмкіндік бар. Кларий жайынын өсіру үшін, ең алдымен, жаз мезгілінде жоғары температурасы бар су қоймаларын, сондай-ақ жабық сумен қамтамасыз етілген балық өсіру жүйелерін пайдаланудың келешегі зор. Біздің зерттеу есептерімізге қарағанда, суға шашылған уылдырық бар-жоғы жарты жылда екі келіге дейін өседі. Осыған негіздеп, жеке кәсіп ашқысы келіп жүрген азаматтарға, «бай болғың келсе, балық өсір» дегенді айтқымыз келеді», деді ғалым.
Қазіргі кезде азық-түлік тұрғысындағы халықтың тұтыну себетінде шаян да бар. Сондықтан гидробионттардың, атап айтқанда, шаян тәрізділердің нәзік түрлеріне де сұраныс артып келеді. Ғалымдар тұщы суда да тіршілік ете беретін шаяндарды өсіріп, қажетінше көбейтіп, оны да мол табыстың көзіне айналдыруға болатынын дәлелдеп шықты.
Бұрынғы ТМД-дағы шаян тәрізділер аквамәдениеті жергілікті өзен шаяндарын өсіруге негізделген. Қызыл түйіршікті өзен шаяндарының кейбірінің ұзындығы 20-25 см-ға жетеді. Табиғи жағдайда аталықтарының салмағы 500 гр, ал аналықтары 400 гр тартады. Сондықтан аустралиялық қызылтырнақты шаян әлемдік аквамәдениетте танымал бола бастады.
Еске салсақ, бұған дейін зерттеу университетінде «Балық өсіруге арналған тұйық сумен жабдықтау қондырғыларының технологиясын жетілдіру», «Геотермалдық су көздерінде жаңа аквамәдениет объектілерін өсіру технологиясын әзірлеу» және «Қазақстанның құнды балық түрлерінің репродуктивті жасушаларының криобанкін құру» тақырыптарында ғылыми жобалар жүзеге асырылған болатын.