Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, Парламент депутаттары, Ұлттық банктің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров, экономика саласындағы сарапшылар, профессор-оқытушылар құрамы және ЖОО студенттері қатысты.
Конференцияға қатысушылар ұлттық валютаның тарихы, Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің қазіргі жағдайда жұмыс істеу мәселелері, елдің орнықты және табысты даму құралы ретіндегі ұлттық валютаның рөлі туралы баяндамалар жасады.
«Ұлттық валютаны енгізу еліміздің тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Теңге – тәуелсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың символы. Үш онжылдықта қазақстандық валюта қалыптасу және даму жолынан өтті. Қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның қаржылық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі теңгенің маңызды рөлін атап өту қажет. Конференция тәжірибе алмасып қана қоймай, қаржылық тұрақтылық, қаржы-несие саясаты және әлемдегі ұлттық валютаның рөлі туралы егжей-тегжей талқылауға мүмкіндік береді деп санаймын», деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Конференция барысында Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров валютаның құрылу тарихы, қаржы жүйесінің қалыптасуындағы қиындықтар мен жетістіктер туралы айтып берді. Оның айтуынша, ұлттық валютаның 30 жылдығы – халқымыздың өміріндегі елеулі оқиға.
«Өздеріңізге белгілі, 1992 жылы Қазақстанда ұлттық валютаны және нарықтық экономиканы құру басталды. Бұл жылдар ерекше болды, өйткені әлемдік негізгі үрдістер өзгерді, әлемдік жүйеде өзгерістер болды. Бұл уақытта елде нарықтық экономиканың классикалық теориясын ешкім зерттеген жоқ, ешкімнің жұмыс тәжірибесі болған жоқ, сонымен қатар 1992 жылы инфляция деңгейі 2 960% құрады. Сол кезде ұлттық валюта болмаса, Қазақстан экономикасы дағдарыстан шыға алмас еді. Теңгенің болашағы керемет болады. Мен АҚШ доллары Қазақстан үшін инвестиция құралы емес, біздің теңге болады деп сенемін», деп қорытындылады экономист.
Депутат Берік Бейсенғалиев Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау сөзін оқып берді. Ол тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстанның қаржы-несие жүйесі құрылған күннен бастап небәрі 30 жыл өткенін, бірақ осы кезеңде қаржы секторы экономикалық өрлеулерден, жаңа қаржы институттарының пайда болуы жолында дағдарыстар мен сынақтарды бастан кешкенін айта кетті.
Сондай-ақ төл теңгеміздің мерейтойы қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру» деген атпен жарық көрген оқулықтардың тұсаукесері өтті.
«Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі» оқулығын Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ экономика факультетінің ғалымдары дайындаған. Қазақ тіліндегі жаңа басылым Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің қалыптасуы мен дамуына арналған және 9 тараудан тұрады. Оқулықтың теориялық материалы бақылау сұрақтарымен, ұсынылған әдебиеттермен және глоссариймен толықтырылған. Еңбек көпшілік оқырман қауымға арналған.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру» оқулығында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ авторлар ұжымы мен Esil университеті Ұлттық банктің қалыптасуы мен даму жолдарын қарастырады. Кітапта елдің ұлттық ақша жүйесін қалыптастыру ерекшеліктері туралы тарихи материалдар ұсынылған, ұлттық валюта – теңгені әзірлеу, жоспарлау және айналымға енгізу кезінде туындаған қиындықтар көрсетілген. Сондай-ақ, авторлар орталық банктің ақша-кредит саясатын жүргізу саласындағы тәжірибесін ұсынды.
Оқулықтар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров пен экономика ғылымдарының докторы, ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Серік Мақыштың жалпы редакциясымен жарық көрді.