Пікір • 16 Қараша, 2023

Халықтың санымен бірге экономика да өсу керек - Серік Негимов

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ел тарихында елеулі оқиға болды.  Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Ақжолтай ақпаратты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Сүйінші хабарды халқымыз зор қуанышпен қабылдады. Соның ішінде қоғам қайраткерлері мен желі белсенділері халықты құттықтауға асық. Осы орайда филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Негимов те жүрек жарды тілегін жеткізді.

Халықтың санымен бірге экономика да өсу керек - Серік Негимов

400-дей әдеби-сын, ғылыми мақалалардың авторы Серік Негимов Қазақстанда халық санының 20 миллионға жетуін тарихи оқиға деп бағалады.

«Біздің мемлекетіміздің нығайып, өркендеуі үшін, алға басуы үшін, әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алу үшін халқымыздың демографиясының өскені қуантарлық жағдай. 20 миллионыншы сәбидің дүниеге келуі − халқымыздың өскендігін дәлелдейтін тарихи оқиға. Біздің ұлы дала, мемлекетіміз 20 миллион халық емес 150-200 миллион халықты асырауға қауқарлы», деді Серік Негимов.

Профессор халық санының өсуімен қатар, жауапкершілік жүгі де салмақты бола түсу керек екенін айтты.

«Халқымыздың санының өскені қуаныш сыйлайды, бірақ әрі қарай да халқымыздың тұрмысы, мәдениеті, ынтымағы, ауызбіршілігі мол болуы керек. Біздің жерімізге өндіріс, зауыт, фабрика керек. Платонның «Мемлекет» атты тарихи трактатында  ел билеуші, әмірші халыққа бейбітшілік сыйлау керек десе, Конфуций «Қалың қолды көсемсіз қалдыруға болады,  қара халықты кәсіпсіз қалдыруға болмайды» деген. Кәсіп деген нәсіп», деп түйді С.Негимов.

Ол  экономика демография дамуының  негізгі кілті деген пікірде. Бұл меже орындалуы үшін отандық экономика өркендеу керек.

«Халқымыздың өсуі мемлекетіміздің қорғаныш қабілетінің артуы деп білемін. Ел тұтқасын ұстағандар халыққа жұмыс тауып берсе халықтың ішінде 8 млн 400 мың адам кредитте отыр, 2,5 млн адам зейнеткер. Халық саны өсу үшін экономика гүлденіп, ұлттық өнер, ұлттық кәсіп, ұлттық дәстүр жандану керек», деді Серік Негимов.

Сөз соңында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Қазақстанның болашағы жарқын болуын тіледі.