Спорт • 16 Қараша, 2023

Ел чемпиондары анықталды

178 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзю­додан ерлер мен әйел­дер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Аталған жарыста еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан келген 463 балуан бақ сынады.

Ел чемпиондары анықталды

Ерлер арасында Маңғыстау облысының құрамасы екі алтын медальды олжалап, жалпы командалық есепте көш бастады. Қарт Каспийдің жағалауынан келген жігіттердің арасынан Асқар Нарқұлов пен Мейірлан Максимнің мерейі үстем болды. 73 кг салмақта күрескен Асқар ақтық сында жетісулық Дархан Қойбағаровты қапы қалдырса, 81 кг салмақтағы Мейірлан абайлық Жалғас Қайролланы жықты. Бұл салмақ дәреже­лерінде қола медальді семейлік Қуан Барыс (73 кг) пен Алматы облы­сының өкілі Ислам Тоқта­сын (73 кг) және оралдық Аңсар Ғайнуллин (81 кг) мен астаналық Мәди Аман­гелді (81 кг) иеленді.

Жамбыл, Қызылорда және Қарағанды облысының балуандары бірдей нәтиже көрсетті. Олардың әрқайсысы 1 алтын мен 1 қоланы қоржынға салды. Әулиеата топырағынан келген апайтөстер арасынан 60 кг салмақтағы Қанат Серікбаевтың екпініне ешкім шыдамады. Халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп жүрген қандасымыз финалда Ержан Еренғайыповты (Астана) еңсерді. Мыңболат Мейрамбеков (Қызылорда) пен Дәурен Сүйекенов (Алматы облысы) үшінші сатыға табан тіреді. Сыр бойы сайыпқырандары арасында аса ауыр салмақтағы Еламан Ерғалиевтің шоқтығы биік болды. Кезінде «Қазақстан барысы» атанған түйе балуа­н шешуші тұста тәжірибелі Әділ Оразбаевты (Абай) таза тас­тап, иппонмен ұтты. Мәди Еділбаев (Алматы облысы) пен Ғалымжан Қырықбай (Жам­был) қола медальды мойнына ілді. Қарағандының бапкерлері бұл жолы да Азия ойындары мен құрлық чемпионатының жүлдегері, екі бірдей Олимпиа­даға қатысқан Ислам Бозбаевқа сенім артты. 100 кг салмақта айқасқан 32 жастағы сақа спортшы сол сенімді толығымен ақтады. Финалда Ислам Әділет Сапарғалиевке (Атырау) сан соқтырды. Ермахан Естай (Ас­тана) мен Бекзат Шағатаев (Атырау) қолаға қол созды.

Ақтөбе өңірінің өрендері бас жүлденің біреуін еншіледі. 66 кг салмақ дәрежесінің финал­дық сайысында Нұрсұлтан Зайзағалиевті сүріндірген Есет Қуанов өз көрермендерін қуантты. Еламан Сұлтанбай (Ал­маты облысы) мен Алмас Ға­лымов (Абай) үшінші сатыға тұрақтады. Түркістандық тар­ландардың да көрсеткіші дәл сондай. 90 кг салмақта сайысқа түскен Айдар Араповтың айдарынан жел есті. Ермахан Әнуарбеков (Абай) күміспен күптелсе, Асқар Біржанов (Қарағанды) пен Құ­дырет Досымов (Шымкент) қола медальды иемденді.

Әйелдер сайысында Жетісу облысының бұрымдылары өте керемет өнер көрсетті. Сарапқа салынған жеті бас жүлденің үшеуін солар олжалады. Атап айт­сақ, Диана Буркеева (48 кг), Нұрсұлу Ералиева (52 кг) және Кәмила Берліқаш (+78 кг) қар­сылас шақ келтірмеді. Фи­налда Нұрсұлу еліміздің танымал дзюдошысы, Еуропа кубо­гінің иегері, Португалияда өткен Гран-при турнирінің күміс жүлдегері Ғалия Тынбаеваны тізе бүктірсе, Кәмила өзінің сыралғы қарсыласы, ұлттық команданың мүшесі Назгүл Маратованы сүріндірді.

Ақтөбенің екі аруы алтыннан алқа тақты. Олар – Бақыт Құ­сақбаева (57 кг) мен Аруна Жангелдина (78 кг). Бұл жарыста Бақыт әлем чемпионаты мен Азия ойындарына қатысушы Севара Нышанбаевадан айласын асырды. Атыраулық Есмигул Куюлова (63 кг) мен Алматы облысының өкілі Екатерина Токарева да (70 кг) барлық бәсекелесінен басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Осы орайда мына бір оқиға еске түсіп отыр: ХХ ғасыр­дың тоқсаныншы жылдарында Қазақстанның ұлттық құра­ма командасының сапында Жанарбек Қоңырбаев пен Гүлнар Ысқақов есімді ерлі-зайыпты самбошылар өнер көрсеткен еді. Екеуі де ел чемпионатында топ жарып, халықаралық аренада азды-көпті табысқа қол жеткізді. Күні кеше Астанада өткен ел біріншілігінде де дәл сондай жағдайдың куәсі болдық. Аса ауыр салмақта алдына жан салмаған Кәмила Берліқаштың күйеуі Ислам Тоқтасын 73 кг салмақта белдесіп, қола медальды мойнында жарқыратты.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Елдос Сметов, Мағжан Шам­шад­дин, Ғұсман Қырғызбаев, Әбиба Әбужақынова, Данияр Шамшаев, Нұрлыхан Шархан сынды Қазақстанның бір топ белді балуандары түрлі себепке байланысты Астанада өткен жарысқа қатысқан жоқ.