Қазақстан • 17 Қараша, 2023

Ел мерейін асырған нәрестелер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыс­­тарында дүниеге келді

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш халық санағы 1999 жылы өткені белгілі. Сынақ нәтижесінде ел халқының саны азайғанымен, қазақтың үлесі ғасырға жуық уақыттан кейін тұңғыш рет 50 пайыздан асқанына бір қуандық. Келесі 2009 жылғы санақта Қазақ елінің тұрғындары 16 миллион адамнан асып жығылып, тәуелсіздік алған тұстағы деңгейге жеттік деп тағы да қуанышымыз қойнымызға сыймады. Енді, міне, кезекті тарихи сәт келіп жетті: біз 20 миллион болдық!

Ел мерейін асырған нәрестелер Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыс­­тарында дүниеге келді

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

 

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статис­тика бюросының мәліметінше, 14 қараша­да елімізде 20 миллионын­­шы азамат өмірге келген. Бұрын халық саны туралы мәліметтер қол­мен өңделіп, ол көп уақытты қажет ететін болса, мемлекеттік ақпарат­тық жүйелердің интеграциясы бұл үрдісті жеделдетіп, 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен және қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.

Халықтың деректер базасы­­ның көрсеткіштеріне сәйкес, 14 қараша­да таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала елі­міз­дің 20 миллионыншы тұрғыны атан­ды. Еліміздің мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыс­­тарында дү­ние­ге келді. Олар­дың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

Естеріңізге сала кетсек, 1991 жылы республика халқының саны 16,4 млн адамды құраса, тәуелсіздік жылдарында 22,3 пайызға өсті. Мәселен, 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы бала туу саны 353,2 мыңнан 403,9 мың адамға дейін немесе 14,7 пайыз­ға көбейген. Ал 2021 жы­лы, яғни пандемиядан кейін ең көп бала туу көрсеткіші тіркеліп, елімізде бір жыл­дың ішінде 445 мың сәби өмірге келді.

Халық санының табиғи өсім беруі­не нәресте өлімінің азаюы да әсер еткен. Жалпы, өлім-жітім көрсет­кіші 1991 жылғы 1000 тұрғынға шақ­қан­да 8,20-дан 2022 жылы 6,8 адамға дейін төмендеді. Сәбилер өлімі­нің коэффи­циенті 3,5 есе азайған. Ал ең маңызды демографиялық көрсет­кіштердің бірі болып саналатын туу­дың жиынтық коэффициенті, яғни репро­дуктивті кезеңде бір әйелдің орташа есеппен қанша рет бала табаты­нын көрсететін коэффициент 1991 жыл­ғы 2,7-ден 1999 жылы 1,8-ге дейін төмен­де­генімен, кейіннен біртін­деп көбейіп, 2022 жылы 1 әйелге 3,05 баланы құрады.

Ел азаматтарының өмір сүру ұзақ­ты­ғы да артып келе жатыр. Мысалы, былтыр 1991 жылмен салыстырғанда 6,8 жылға көбейген. Соның ішінде ерлердің орташа жасы – 7,7 жылға, әйелдерде 6 жылға артты. Осылайша, 2022 жылы елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жылды құрады. Бұл пан­де­мияға дейінгі кезеңнен 1,3 жасқа жоғары.

Сонымен біз қазір халық саны жө­ні­нен әлемде нешінші орынға шық­тық? Түрлі әлемдік статистика көрсет­кіштерін жариялайтын «Worldometer» сайтының мәліметінше, 2023 жылдың басында елімізде халық саны 19 606 633 адамды құрап, Румыния (19 892 812) мен Чилиден (19 629 590) кейін 66-орында болыппыз. Ал дәл қазір бұл екі елдің халық саны аза­йып, сәйкесінше 19 788 612
және 19 640 668 адамды құраған. Ал біз 20 миллионға жетіп, әлемде 64-орынға көтерілдік. ТМД ел­де­­рі арасында Ре­сей (144,4 млн адам, 9-орын),­ Украи­на (36,7 млн, 41-орын)­ және Өзбекстан­на­н­­ (35,2 млн адам,­ 43-орын)­ кейін 4-орын­да тұрмыз.