Өңірдің ауыл шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінген. Жыл сайын тек бір дақылдарды екпей, жоғары сұранысқа ие өнімдерді өсіру кеңінен қолға алынған. Бұл орайда климаттық жағдай, жердің құнарлылығы, ағын су мәселесінің ескерілуі заңды. Мысалы, Сайрам ауданында еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын орналасқан. Түріктің «Gen group Qazaqstan» компаниясы 5,3 гектар жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Еліміздің климаттық жағдайына бейімделген банан сорты өсірілді. Алғашқы өнімді 6 айдан кейін жинау жоспарланған. Кәсіпорын басшысы Тимур Утешов алдағы уақытта манго, авокадо сынды жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Экзотикалық жемістерден басқа, жылыжайда қызанақ пен құлпынай өсіріледі. Жобаның бірінші кезеңдегі құны – 4 млн доллар. Құрылыс сапасы жоғары, жылыжайлар климаттық бақылау мен бейімделгіш қоректендіру жүйесімен жабдықталған кәсіпорын жақын арада аумағын 5 гектарға кеңейтпек. Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан бұл жылыжай жылына шамамен 1000 тонна банан өндіруге қауқарлы. Ал көлемі бір гектар «Шымыр-Медет» лимон жылыжайында 2 мың түп лимон көшеті отырғызылған. Жылына 80 млн лимон өнімін береді. Бұл лимонарий облыс аумағындағы ең үлкен жылыжай болып саналады. Сондай-ақ Сайрам ауданында құрама жем шығаратын зауыт жылына 60 мың тонна мал азығын өндіреді. Бүгінде зауыт өнімін ішкі нарыққа және Өзбекстанға экспортқа жіберуде. Аталған нысанның жобалық құны – 600 млн теңге. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 802,6 млрд теңгені құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 127,3 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 103 пайызға жеткізілмек. Ауыл шаруашылығы, тамақ өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялар 2 есеге дейін артқан. Көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна өнім жиналды. Мал шаруашылығы көрсеткіштерінің өсімі 5 пайыздық деңгейде қамтамасыз етілді. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі орташа есеппен 2,4%-ға артты. Ет экспорты бойынша да облыс республикада көш басында келеді. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы Түркістан өңірінің үлесінде. Биыл жылыжайларды көмірмен қамту мәселесі реттелді. «Тұран су» кәсіпорнының жұмысы жүйеленіп, техникасы жаңартылып, су нысандарын қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары мерзімінде атқарылған. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында осындай деректерді келтірген облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Тұран су» мекемесіне 15 заманауи экскаваторды табыс етті. Бір топ азаматты Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен бірге облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде даму көрсеткіштерін орындауда алғашқы үштікке енген аудан әкімдері марапатталды. Бірінші орынды 9 айда 53,4 млрд теңгенің өнімін өндіріп, агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 8,4 млрд теңге, тамақ өндірісіне 2,3 млрд теңге инвестиция тартып, көш бастаған Қазығұрт ауданы әкімдігі жеңіп алды. Осы арада айта кетелік, Қазығұрт ауданында жалпы өңірлік өнім биыл 9 айда 114,9 млрд теңге болған. Оның 37%-ы – ауыл шаруашылығына, 6%-ы – өнеркәсіпке, 53%-ы – шағын және орта кәсіпкерлікке, 4%-ы құрылысқа тиесілі. «Шаруалардың еселі еңбегінің нәтижесінде 9 айда ауыл шаруашылығында өнім көлемі 53,4 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығында – 33,6 млрд теңге, егін шаруашылығында – 19,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ ауданда 181 гектарда жылыжайлар орналасқан, оның ішінде 5 гектары биыл іске қосылды», дейді аудан әкімі Азизхан Исмаилов. Ауданда 2023-2027 жылдары 18,7 млрд теңгеге 48 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл құны 6,5 млрд теңге болатын 41 жобаны іске асырып, 440 адамды жұмыспен қамту көзделген.
Көрсеткіштері бойынша жүлдегерлер қатарына енген Сайрам ауданында 9 айда 38,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 18,3%-ға өсіп отыр. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 185 млрд теңгеге жетіп, өсім 103,3 % болған. «Ауданда өнеркәсіп саласында жыл басынан 33,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 1,7 есеге артып, бүгінде облыс бойынша аудан үшінші орында. Сондай-ақ 2023-2024 жылдары ауданда жалпы құны 75 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба іске асып, 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде жыл басынан 9 жоба іске қосылып, 279 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған», деді аудан әкімі Арман Сәбитов. Алдағы уақытта іске асатын жобалардың қатарында сүт өнімдерін өндіретін «Тұран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі бар. Сондай-ақ «Meat magnat» ЖШС 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр.
Облыстың агроөнеркәсіптік кешені жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын құрайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл егістікті әртараптандыру нәтижесінде масақты дақылдар 10 мың гектарға артып, 273,4 мың гектарға орналастырылған, 493 мың тонна өнім жиналды. Мал азықтық дақылдар 2 мың гектарға артып, 223,7 мың гектарды құрады, 5 млн тонна мал азығы дайындалды. Мақта саласын кешенді дамыту мақсатында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленді. Облыста су үнемдеу технологияларын пайдаланатын алқап 34 мың гектарды құрайды. Оның ішінде тамшылатып суғару технологиясы 23 мың гектарға, жаңбырлатып суғару технологиясы 10 мың гектарға орналастырылған. Агроөнеркәсіптік кешен саласында биыл 16,7 млрд теңге болатын 25 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 22 жоба іске асырылып, 14,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Тоғыз айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 82,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 145,9 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 250,3 млн доллар болып, 1,4 есеге артты.
Айтпақшы, Алматы қаласында өткен «XVII AgroWorld Qazaqstan 2023» ауыл шаруашылығы халықаралық көрмесінде Түркістан облысының «Қарқын-2030» ЖШС-ның «Narlen» өнімдері «Үздік тауар» аталымын жеңіп алды. «Атакент» көрме орталығында өткен іс-шараға әлемнің 22 елінен 155 өндіруші компания өз өнімдерін алып келген. Ел нарығында 14 жылдан бері көш басында тұрған шұжық және ет өнімдерін өндіретін «Қарқын-2030» ЖШС тәулігіне 50 тонна өнім өндіреді. Отандық ірі сауда орталықтарымен келісімшартқа отырған қазығұрттық компанияның өнімдерін еліміздің түкпір-түкпірінде тұрақты тұтынушылар көп.
Түркістан облысы