Отбасы • 16 Қараша, 2023

Ел тарихына енген Әлімхан

121 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған 5 баланың бірі Түркістан облысының Жетісай ауданында дүниеге келді.

Ел тарихына енген Әлімхан

«Асықата» ауруханасын­да босанған 35 жастағы Гүлмира Ізтілеуова отбасымен кеңесе келе, ұлға Әлімхан деп ат қойып­ты. Бұл Шакеновтер отба­сын­дағы төртінші бала. Бес құрсақ көтер­­ген ананың, өкінішке қа­рай, бір сәбиі шетінеп кеткен екен. Дүние есігін ашқан кез­дегі салмағы – 3400 грамм, бойы 51 сантиметр болған Әлім­ханның анасы Гүлмира «Жеңіс» жалпы орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі болса, әкесі Ерғалидың тұрақты жұмысы жоқ. Әзірге жас отбасы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен шалғайдағы ауылдарға баруды ниет етіп отыр. Үш ұл мен қыздың атасы Асқар және әжесі Оңалайдың да қуанышында шек жоқ. Отбасындағы үшінші баланың ел халқының санын жиырма миллионға жеткізіп, бүкіл елді қуантқанын мақтан етеді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданындағы «Асықата» ауруханасына арнайы барып, сәбидің ата-анасын құттықтады. «Бүгін Президентіміздің құттықтауын салтанатты түрде жеткізу үшін келіп тұрмыз. Ұлы дала іргесі ұрпағымен берік. Қасиетті Түркістан өңірінде Қазақ елінің 20 миллионыншы тұрғыны туғанына өте қуаныштымыз. Біз батыр аналарымызбен мақтанамыз. Жыл сайын рес­публикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысында дүниеге келеді. Бүгінде облыс халқының саны 2 миллионнан асты. Түркістан өңірі елімізде адам капиталын көбейтуге айрықша үлес қосып жатыр. Бұл – еліміз үшін, біз үшін мақтаныш. Сіздер бүгін тарихқа еніп отырсыздар», деген Дархан Сатыбалды 20 миллионыншы тұрғынның ата-анасына Президент атынан бағалы сыйлық ұсынып, «Отбасы банк» атынан тағайындалған 2 млн теңгенің сертификатын тапсырды.

 

Түркістан облысы