«Алты Алаш үшін ақ түйенің қарны жарылған бұл күннің астарында мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаc ұрпақтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауы жатқанында еш дау жоқ. Мемлекеттік отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Міне, бүгін халқымыз 20 миллион адамға жетті. Бұл – сүйіншілейтін ақжолтай хабар! Бұл қуаныш – еліміздің көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін еңсеріп, болашаққа нық қадам басуының белгісі», деді Серік Шәпкенов.
«Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалімов Жұмағазиевтер отбасына 2 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл қаржыны баланың болашақтағы қажеттілігі үшін банк депозитіне салып, Мұхаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.
Мұхаммад Қосай 14 қарашада дүниеге келді. Бойы – 54 см, салмағы – 3 660 грамм. Тарихи сәтте қуанышын жасыра алмаған әкесі Берік Жұмағазиев пен анасы Айдана Оразымбетова көрсетілген құрмет үшін ризашылық білдірді.
«Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп ойладым. Дәл сол сәтте жұбайым хабарласып, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына адал қызмет ететін перзент болса екен деген тілегім бар», деді Берік Жұмағазиев.
Атырау облысы