Сенат • 17 Қараша, 2023

Сенаторлар түбі бір туысқан елдің жастарымен жүздесті

155 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қырғызстанға сапары аясында Парламент Сенаты делегациясының мүшелері Қазақ-қырғыз жастары форумының ашылуына қатысты. Сенат Төрағасы М.Әшімбаев  бауырлас екі халықтың қарым-қатынасының тарихы тереңнен тамыр тартатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар түбі бір туысқан елдің жастарымен жүздесті

Н.Байбулин

«Қазақ пен қырғыз – ежелден іргесі бөлінбеген, тарихы мен тағдыры егіз ұлттар. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қырғызстан – еліміз үшін тек одақтас қана емес, бауырлас мемлекет екенін үнемі айтып келеді. Қырғыз елінің басшысы Садыр Нұрғожаұлы Жапаров та қыркүйек айында «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында біздің тарихымыз бір, мәдениетіміз бір, ұранымыз бір деген еді. Екі ел басшыларының бауырластық пен сенімге негізделген қарым-қатынасы барлық сала бойынша ынтымақтастықты бекемдеуге үлкен серпін беріп отыр. Бұл ретте жас буынның, өскелең ұрпақтың өзара достығын нығайту – біздің ортақ міндетіміз. Біздің ортақ тарихымызда өнеге ретінде көрсетуге тұратын тұлғалық, рухани-мәдени байланыстар аз болмағаны белгілі. Шоқан Уәлиханов қырғыздың атақты «Манас» жырын алғаш рет қағазға түсіріп, оның кеңінен танылуына себепші болды. Сүйінбай мен Арыстанбек, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Османқұлдың байланысы да көпке мәлім. Егемен елдік жолында күрескен Алаш қайраткерлері мен қырғыз халқының атақты перзенттері Ишанғали Арабаев, Қасым Тыныстановтың достығы туралы айтпай кету мүмкін емес. Осы орайда қос елдің рухани алыптары Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың аға-інілік қарым-қатынасы бәрімізге үлгі. Сондықтан бауырлас екі халықтың өзара қарым-қатынасының тарихы тереңнен бастау алады. Бабаларымыздың осы жолын әрі қарай жалғастырып, келер ұрпаққа аманат ету бүгінгі жас буынның қастерлі борышы», деді М.Әшімбаев.

Геосаяси тұрақсыздық жағдайында жұдырықтай жұмылып, сын-қатерлерді бірлесіп еңсерудің маңызды екенін,  сан ғасырдан  бері жалғасып келе жатқан ортақ тарихты біліп қана қоймай, оны зерделеп, одан тағылым алу керектігін тілге тиек етті.

«Біздің ортақ тарихымызда өнеге ретінде көрсетуге тұратын тұлғалық, рухани-мәдени байланыстар аз болмағаны белгілі. Шоқан Уәлиханов қырғыздың атақты «Манас» жырын алғаш рет қағазға түсіріп, оның кеңінен танылуына себепші болды. Сүйінбай мен Арыстанбек, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Османқұлдың байланысы да көпке мәлім. Егемен елдік жолында күрескен Алаш қайраткерлері мен қырғыз халқының атақты перзенттері Ишанғали Арабаев, Қасым Тыныстановтың достығы туралы айтпай кету мүмкін емес. Осы орайда қос елдің рухани алыптары Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың аға-інілік қарым-қатынасы бәрімізге үлгі. Сондықтан бауырлас екі халықтың өзара қарым-қатынасының тарихы тереңнен бастау алады. Бабаларымыздың осы жолын әрі қарай жалғастырып, келер ұрпаққа аманат ету бүгінгі жас буынның қастерлі борышы», екенін де жеткізді  Сенат Төрағасы.

Қырғызстанға сапардың екінші күнінде Қазақстан Парламентінің делегациясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 56-шы пленарлық отырысына қатысты. Біздің депутаттар ТМД елдерінен келген әріптестерімен парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, Достастық елдерінің тілдерін дамыту сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ ТМД ПАА-ға қатысушы елдер Парламенттері ынтымақтастығының құқықтық базасын одан әрі нығайтуға арналған бірқатар маңызды модельдік заңдарды қарады. Олар сақтандыру, денсаулық сақтау, органикалық өндіріс, түрлі секторларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларын қамтиды.

Бұдан  сырт   заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев ұлы жазушының шығармашылығын екі халықтың «алтын көпірі» деп атады. Сенат Төрағасы алып тұлға әлемдік әдебиет тарихында гуманизмнің және адамгершілік құндылықтардың символы ретінде үлкен құрметке ие екеніне назар аударды. Ш.Айтматовтың шығармалары адамның ізгі қасиеттерін және тұлғаның бақытқа, бостандық пен әділеттілікке деген ұмтылысын дәріптейді.

«Шыңғыс Айтматов – халықаралық ауқымдағы жазушы және әлемдік әдебиеттің феномені. Оның шығармалары гуманизмнің, адами асыл қасиеттердің және адамгершіліктің жарқын көрінісі. Шыңғыс Төреқұлұлы көпшілікті алаңдатқан іргелі мәселелерді қозғап, әрдайым назар аударып отырды. Олар қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әсіресе бүгінгідей моральдық құндылықтар құнсызданған, популизм, фейк, жалған дүниелер белең алған кезеңде олардың маңызы арта түсетінін», атап өтті ол.

Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шәкиевпен және Тәжікстан Республикасының Оли Мажлиси Милли Мажлисинің Төрағасы Рустами Эмомалимен екіжақты кездесулер өткізді. Сұхбат барысында парламентаралық қарым-қатынастарды нығайту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық және инвестициялық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қамтылды.