( VIII – VIV ғғ. )
Саиф Сарай
Ағаш көркі – жеміс, адам көркі – жақсы іс.
Бақыттың шалғайынан басып, күштеп ұстап тұра алмайсың.
Бағы тайған балықшының қармағына телегей теңізде де түк ілінбейді.
Мүсәпірдің ақысын жеме, тозақта күйерсің.
Аяғы сынған кісіге серуен не сән.
Жанжалдың шоғы қызарса, ақылдың суын сеп.
Ақылды көптің көңілін аулар, күншіл жоқты даулар.
Біліп істеген мақсатына тез жетеді.
Патшалар ғалымдардың кеңесіне мұқтаж,
Ғалымдар патшалардың кеңесіне мұқтаж емес.
Күшің бізге жеткенмен, Құдайға жетпейді.
Аққан су тоқтамайды.
Жанынан безген мысық жолбарыстың көзін шығарады.
Қу тамақтың қамы болмаса, құс тұзаққа түспес еді.
Үш нәрсе баянсыз: бірі – саудаға түспеген мал (дүние), екіншісі – таласқа түспеген ғылым, үшіншісі – саясаты жоқ патша.
Жүріп кетсең – жетерсің, тұрып қалсаң – тынарсың.
Тырнағанмен темір таты кетпейді.
Туралық – Хақтың мейірі.
Мәуесі көп ағашқа тас та көп тиеді.
Отты сөндіріп, қозасын қалдырма,
Жыланды өлтіріп, баласын қалдырма.
Жол қиындығын жүрген білер.
Алтын бар жерде тас та бар.
Амалы таусылған дұшпан шын достыққа көшеді.
Әкімі залым болса, ел азады.
Сыналмаған кісіге үлкен жұмыс тапсырған опық жейді.
Қашарға жол таппаған қылышқа жармасады.
Оқтың өзін алып тастағанмен орны қалады.
Інжудің құнын іздеген біледі.
Жиренше
Төрт нәрседе үміт бар: жас – өсемін деп үмітті, жалғыз – көбейемін деп үмітті, жарлы – байимын деп үмітті, ауру – жазыламын деп үмітті. Көктемі мен жазы кетіп, жапырағы қуарған ағаштай ұрты солып суалған кәрілікте ғана үміт жоқ.
- Бұл жалған дүниеде кімнің төрт құбыласы тең саналады?
- Түзу мылтық, алғыр қыран, жүйрік аты бар, мінез-құлқы жайлы жары бар ердің төрт құбыласы тең болады.
Өлсең де жақсымен қатар жатқайсың.
Өзің білмес ісіңді – білгендерден сұрап ал,
Өліп жатсаң наданнан қабіріңді жырақ сал.
Әкесі өлген – асқар тауы құлағанмен бірдей,
Шешесі өлген – ағар бұлағы суалғанмен бірдей,
Ағасы өлген – оң қанаты қайырылғанмен бірдей,
Інісі өлген – сол қанаты қайырылғанмен бірдей,
Апа-қарындасы өлген – өрісі тарылғанмен бірдей.
Атты мен жаяудың сәлемі жараспас.
Өтірік пен шыңдықтың арасы төрт-ақ елі: көзбен көрген – шын, құлақпен естіген – өтірік.
Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы.
Ажал деген – атқан оқ, бір Алланың қақпаны.
(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды).